Жаңалықтар

«МАЙДАН ӘНДЕРІ»

1286560569_r.-ryoryosrryerri.-rr-rrrryors

29 сәуір күні сағат 18:30-да Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Майдан әндері» атты моноспектакль көрермендерге жол тартады. Бұл қойылым – басқа қойылымдардан өзгерек. Шығарма авторы – жазушы Роллан Сейсенбаев. Бір сағатқа жуық моноспектакльдегі кейіпкерлерді бастан-аяқ сомдап шығатын Қазақстанның халық артисі – Тілектес Мейрамов. Қоюшы режиссер – Ұлпан Серікболқызы.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып отырған моноспектакльдің «дәл басып, кілтін ашқан» театр және кино актері Тілектес Мейрамов өз ойымен бөлісті. «Әңгімені әріден бастайын. Біз Әуезов театрында жүргенде Әзекең (Әзербайжан Мәмбетов) жастардың бәріне «қырық-елу минуттық, бір сағаттық кеш дайындаңдар» деп тапсырма беретін. Сол кезде материал іздеп жүріп Ролланның осы әңгімесіне тап болдым. Маған бірден ұнады. Біріншіден, мазмұны жақсы. Екіншіден, мен соған дейін Әуезов театрында он шақты жыл істесем де, ән айтатын қабілетімді ешкім білмеді. Ән айтатын роль де жолықпады. Сұмдық әнші емеспін, бірақ сол ерекшелігімді де көрсету керек болды. «Ойбай, мен керемет әншімін» деп концерт бермеймін ғой енді. Ол кездегі театрдың әншілері – Құдайберген, Тұңғышбай және де бір қыздар болатын. Сосын осы шығарманың біраз жерін қысқартып, бір сағатқа жуық қып жасадым. Көркемдік кеңес те жақсы қабылдады. «Ой, сен ән айтады екенсің ғой» деді Әзекең таңданысын жасыра алмай. «Иә, айтам» дедім мен. Содан басталған, қысқасы. Бұл енді Әзекеңнің бастамасы. Ол кісі айтпаса мен бұл шығарманы іздемей, қалтарыста қалар ма еді, кім біледі. Бұл моноспектакльде «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Дариға, сол қыз» секілді төрт-бес қазақша, төрт-бес орысша әндер орындалады. Бұл енді Жеңістің 70 жылдығына біздің қосқан үлесіміз, бір жағынан парызым деп есептеймін. Барлық ел, мәдени ошақтар атсалысып жатқанда, біз қалай сыртта қалайық. Енді 29-ы күні ойнайық деп отырмыз. Әрине, қобалжу, қорқынышымыз да жоқ емес.

Моноспектакль дегенді жалғыз адамның орындауы, бір актердің теат-ры деп атайды бізде. Біздің елде бұл дамымаған жанр. Мен тоқсаныншы жылдары бастадым. Маған дейін «ұлдың да, қыздың да дауысын салып, бір өзі бір кешті жалғыз өзі атқарып шығатын» деп  ұлы актерлеріміз Қаллекилерді мысалға келтіріп айтып жатады жұрт. Кәсіби деңгейде жалпы мұны ешкім кәсіп қылған емес. Мен осыны қолға алып, тоқсаныншы жылдардың басында «Ақан сері – Ақтоқты» деген пьесаны жалғыз өзім ойнап шықтым. Сонан кейін «Ақылдан азап» деген тағы бір моноспектакль жасап шығардым. Менің ұзақ кіріспе жасап отырғаным – бұл өзі бізде дамымаған нәрсе. Сондықтан жауапкершілігі өте ауыр. Сағаттап көрерменнің назарын ұстау деген өте қиын. Өйткені, біздің көрермендер сахнадағы әрекетке, алқын-жұлқын қимыл-қозғалысқа үйреніп қалған. Бір сағат бойы бір актерді көріп отыруға шыдай ма, шыдамай ма деген қауіп те бар».

 Осы моноспектакльді қоюшы режиссер Ұлпан Серікболқызы: «Студент кезімде берілген бір-екі рольді ойнап, актер болып көрдім, бірақ режиссер болып көрген жоқпын. Бұл – менің алғашқы жұмысым. Университетті бі­тірген соң, магистратураға театр­тану мамандығы бойынша түстім. Марқұм Әшірбек Сығай ағамыздан дәріс алдық. Ол кісі «алған тақырыптарыңды ғылыми түрде қорғаңдар, әйтпесе дип-лом ала салу қай-қайсыңа да оңай» дейтін. Сол ұстазымыздың өсиеті әркез ойландырады. Ол кісінің көзі кеткен соң, қазіргі ғылыми жетекшіміз өнертану ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс ағамыз. Алған тақырыбым Тілектес ағаның шығармашылығы төңірегінде болған соң, ол кісі туралы көп материалдар қарадым. Ағаның бір моноспектакльді сахналағысы келетінін естіген соң, осы жұмысқа кірісіп кеттім. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов ағамызға барып, жағдайды түсіндірдім. Ол кісі де қарсы болған жоқ, жақыннан жәрдемдесіп жатыр.  Техникалық жақтағы анау-мынау шаруаларын айтпағанда, бұл спектакльді қою маған қатты қиын болған жоқ. Әрине, оның бәрі Тілектес ағаның арқасы. Бәріңізді осы қойылымды тамашалауға шақырамын» деп өзінің алғашқы жұмысының жай-жапсарын таныстырды.

 Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button