Руханият

Майдангер қаламгердің мерейі

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Ұлы Отан соғысының ардагері, журналист-жазушы Әскен Нәбиевтің 100 жылдығына арналған еске алу кеші ұйымдастырылды.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған Әскен Нәбиев 1941 жылы ауыл мектебін бітірісімен соғысқа аттанады. Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысады. Жау оғынан ауыр жарақаттанып, соғыстан қайтқан жауынгер ауылдағы мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Көп ұзамай оқ пен отта шыңдалған елгезек жігітті аудандық партия комитеті қызметке шақырады. Партия жұмысында жүріп бала кезінен бойына біткен шығармашылық қабілетін дамытып, аудандық және облыстық газеттерге, журналдарға мақала-очерктерін, соғыс жайлы әңгімелерін шығара бастайды.

1947 жылы Әскен Нәбиев бір­жола қаруын қаламға айырбастаған қаламгерлік жолға түседі. Алғашқы әңгімелері мен повестері бірден оқырманның көңілінен шығып, жас жазушының шабытын шалқыта түседі. Одан кейін соғыс тақырыбына арналған очерктері мен әңгімелері жиі жазылып, бірнеше кітап болып шықты. Сондай-ақ Әскен Нәбиев еңбек адамдары туралы деректі-дәйекті шығармаларға ерекше ден қойған қаламгер ретінде танылды.

Әскен Нәбиев журналистік әрі жазушылығын қатар ала жүріп, облыстық газетте тілші және бөлім меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Целиноград облыстық бөлімшесінің әдеби кеңесші қызметін де абыроймен атқарды.

Саналы ғұмырын шығарма­шылыққа арнаған майдангер-­қаламгердің еңбегі өз бағасын алды. Атап айтқанда, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, басқа да медальдармен марапатталды.

Әскен Нәбиев өнегелі отбасы ретінде де ел ішінде сыйлы-құрметті саналды. Ұл-қыздарын жоғары оқу орнында оқытып, кәсіби маман, тәрбиелі-өнерлі азамат болуына әкелік мейірімін де, көмегін де берді.

Академиялық кітапханада өткен кешті жүргізген белгілі жазушы Баянғали Әлімжанов майдангер-жазушының өмірімен етене таныс қонақтарға сөз беріп, сөз арасында әсем ән мен күмбірлеген күйге кезек беріп отырды. Журналист-жазушының шәкірттері Мағжан Садыханұлы баяндама оқып, саналы ғұмырын шығармашылыққа арнап, соңынан мол мұра қалдырып кеткен Әскен Нәбиев туралы тағылымды әңгіме өрбітсе, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары – Астана қалалық филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы майдангер-жазушының өнегелі өмір жолын құрметтеген замандастарына, артында қалған ұрпағына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар әріптес інілері Бәдуан Имашұлы мен Жылқыбай Жағыпарұлы да өз естеліктерімен бөлісті. Ғалым-қаламгерлер Серік Негимов пен Марат Әбсеметов болса журналист-жазушының шығармашылық өмірі жайында әңгімеледі.

Тағылымды іс-шараның соңында әкесінің рухына тағзым білдіріп келген қатысушыларға жазушының ұлы, белгілі кәсіпкер Марат Нәбиев ризашылығын білдірді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button