Мәдениет

Майдангер құжаттары архивке қабылданды

Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысушы, Қаз КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Хәкім Сүлейменовтің 1938-2024 жылдар аралығын қамтитын құжаттары Астана қаласының Мемлекеттік архивіне қабылданды. 

Майдангер құжаттарын архивке ұрпақтары тапсырды. Сол құжаттарды сөйлетсек, Хәкім Сүлейменұлы 1919 жылы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты Сәуле колхозында дүниеге келді. 1932 жылдың ашаршылығында әке-шешесі опат болып, балалар үйінде тәрбиеленді.

1941 жылы арнайы дайындықтан өткен Х.Сүлейменұлы соғыс басталғанда 168-атқыштар полкінің құрамына қабылданады. 1941 жылдың қыркүйек айының ортасында фашистер қолына түсіп, тұтқындалады. «Түркістан легионы» құрамында болады. 1945 жылдың желтоқсан айының соңында Францияның оңтүстігіндегі Альба қаласынан Прокопьевск қаласына оралып, 1946 жылдың 1 маусымына дейін «Прокопьевск көмірінде» (бұрын арнайы кеңсе деп аталған) жерас­ты өрттерін сөндіру жұмысында істейді. Онымен бірге тұтқында болғандар Францияда қалуға көндірмекші болады. Бірақ ол елге қайтқысы келді, даланың иісін аңсады, туған тілді және домбыраның үнін естуді армандады.

Хәкім Сүлейменұлы тұтқындалатынына сенбеді. Себебі артында әскери шайқастар, кеудесінде жауынгерлік марапаттар болды. Оны пойыздан тек НКВД жендеттері қарсы алады. 1946 жылдың желтоқсан айында Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданында үстінен жазылған «домалақ арыз» бойынша қамауға алынып, 8 жылға сотталады. 1947 жылдың сәуірінен 1955 жылға дейін Сталиндік лагерьлерде Колымада ағаш дайындау жұмыстарында, содан кейін Магадан облысының Қиыр Солтүстігіндегі көмір шахталарында 60-70 градус аязда тұтқынға берілетін тойымсыз асты ішіп, 15-16 сағаттық адам төзгісіз ауыр жұмысқа шыдап, жазықсыз жазасын өтейді. Одан 1955 жылы босап келеді. Келген соң қалған өмірін қазақтың оқу-ағарту ісінен арнаған ол ұстаздық жолын бастады. Хәкім Сүлейменұлы – оқу-ағартудағы 30 жылға жуық еңбегінде аудан, облыс, облыстық атқару комитеті, мәдениет бөлімдері мен Қаз КСР Білім министрлігінен 25-тен астам Құрмет грамоталарымен және «Қаз КСР Халық ағарту ісінің үздігі» марапатына ие болған ұлағатты ұстаз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button