Жаңалықтар

МАЙДАНГЕРЛЕР МЕРЕЙІ

Сарыарқа ауданының әкімдігі аудандық Ардагерлер кеңесімен бірігіп, Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен тыл еңбеккерлеріне тамаша кеш сыйлады. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның бастамасымен оқу орны ордасында өткен шара барысында қарттар концерт тамашалап, бір сейіліп қалды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған концертте қарияларды қуантқан тағы бір рәсім жүргізілді. Аудан әкімінің орынбасары Сәуле Нұрғожина мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ебенғаббас Ахметов сөз сөйлеп, тыл еңбеккерлеріне мерейтойлық медаль тапсырды.

Түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары атанған университет студенттері қарияларды музыка әлеміне жетеледі. Одан кейін қарттар дастарқан басына жиналып, өткен-кеткенді еске алысты. Көптен бері бірін-бірі көрмеген, бұрыннан таныс жандар қауқылдасып қалды. Ол жерде олардың көңілін Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері көтерді.

Көл-көсір құрметке ие болған Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен тыл еңбеккерлері, ардагерлер қауымының белсенділері атынан Моисей Гольдберг пен Роза Асылбекова сөз сөйлеп, осынау кеш үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

 Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button