Майдангерлерді мерекемен құттықтады
Елбасы ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысы ардагерлерін алдағы Жеңіс күнімен құттықтады.
«Аталар мен әкелердің жауынгерлік наградалары – барша қазақстандық отбасылар үшін баға жетпес жәдігер. Біздің мерекелік күнтізбеде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні бірінен соң бірі жалғасуы символдық мәнге ие. Бұл өз кезегінде біздің халқымыздың барлық ұрпақтарының жауынгерлік дәстүрлер даңқының сабақтастығын көрсетеді» деді Президент Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен мерекелік концерттің алдында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері ерекше құрметке лайық екенін қадап айтты. Осы ретте Елбасы соғыстың нәубетті жылдарында өздерін құрбан қылғаны үшін бүгінде ардагерлердің жағдайына қамқорлық жасауға қазіргі ұрпақ ерекше мән беруі тиіс екенін атап өтті.
«Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңіз Қазақстан жерінде ешқашан ұмытылмайды. Батырлық пен Ұлы Жеңіс үшін барлық ардагерлерге алғысымыз шексіз және тағзым етеміз! Бұл жеңістің нәтижесінде біз, яғни, сіздердің ұрпақтарыңыз бейбіт заманда өмір сүрудеміз!» деді Н.Назарбаев.