Басты ақпарат

Майданның майдан жолдары

Ол – бүкіл саналы ғұмырын Ұлы Отан соғысының тарихын, оның ішіндегі қазақстандықтар қатысқан қанды шайқастарды зерттеуге, хабар-ошарсыз кеткен боздақтардың есімін тірілтуге сарп етіп келе жатқан үлкен жүректі азамат. Ол Ақмола өңірінен қанша дивизия жасақталды, олар қай күні майданға аттанды және қандай шайқастарға қатысты – осының бәрін бүге-шігесіне дейін біледі. Әскери киім өзіне құп жарасқан, бітімі құрыштан құйғандай әсер беретін бұл кісіні іздесеңіз, әскери-тарихи музейден, студент жастар мен оқушылардың ортасынан табасыз. Бүгінгі әңгіме Еуразия ұлттық университетінің профессоры, құрметті құрылысшы, «Мемориалдық аймақ» іздестіру тобының командирі Майдан Көмекұлы Құсайынов туралы болмақ.

[smartslider3 slider=2905]

 

АТЫНА ЗАТЫ САЙ АЗАМАТ

Есімін майданнан қайтқан әкесі Майдан деп қойған екен. Қазақтың ырымы қырын кеткен бе, осынау есім кейін оның өмірлік мақсаты мен ұстанымын дәл айқындап берді.

«Әкем Көмек Волхов майданында 310-атқыштар дивизиясының құрамында рота командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары болып соғысқа қатысқан. 1942 жылы Ленинград қоршауын бұзуға бағытталған алғашқы шайқаста ауыр жараланып, бір аяғынан айырылған соң елге қайтады. 1943 жылы мен, сосын үш бауырым дүниеге келді. От пен оқтың ортасынан оралған ол бізді отаншылдық рухта тәрбиелеп өсірді және адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғысты ешқашан ұмытпауды өсиет етіп кетті. Біз нағыз майдангерлердің әңгімесін тыңдап өстік. Тарихи оқулықтар мен сол тұстағы кеңестік баспасөзде жазылмаған небір шындықтар мен сұмдықтарды солардың аузынан естідік. Соның бәрі менің жадымда мәңгі жатталып қалды» дейді Майдан аға.

1977 жылы аспирант Майдан Құсайыновтың алдында Киев немесе Ленинград деген таңдау тұрғанда, әкесі өзі қорғаған Ленинградқа баруға кеңес береді. Бұрынғы ұрыс қимылдары өткен жерлерді көзбен көріп қайт деп, қаруластарымен бірге сол аймақтың карта-сызбасын жасап, қолына ұстатады. Әкесі аманат еткен аймаққа Майданның аяғы алғаш рет 1978 жылдың көктемінде тиген екен. «Бұл Ақмолада жасақталған 310 және 317-атқыштар дивизияларының жауынгерлері ерлікпен шайқасқан әйгілі Синявино биіктігі болатын. Мұндағы көрініс мені өте қатты толқытты. Шайқас кеше ғана біткендей каскалар, қару-жарақтар, жарылмай қалған снарядтар шашылып жатыр. Бұған дейін ұрыс қимылдары жүріп өткен Севастополь және тағы басқа талай жерде болғанда соғыстың ізін де көрмеп едім» деп еске алады Майдан аға.

Сол жылы ол алғашқы іздес­тіру тобын жасақтайды. Келесі жылы отыз, 1980 жылы сексен аспиранттан тұратын іздестіру тобы осы аймақта жұмыс істеп, алғашқы обелисктер мен естелік белгілерді орнатады. Мемориал­дық аймақ құру туралы болашаққа бағытталған стратегиялық тұжырымдама жасайды.

«Көптеген жылдар бойы Синявино биіктігі мен батпағы өз құпиясын ішіне бүгіп жатты. Бірақ біз оларды ­бірте-бірте анықтай бастадық. Бірінші жұмбақ жаппай, тіпті жалғыз-жарым бейіттердің де жоғы болды. Ұзындығы бес, тереңдігі алты-жеті шақырымдық қиян-кескі ұрыс жүрген аумақта не дивизиялық, не полктік зираттардың болмауын түсіне алмадық. КСРО Қорғаныс министрлігінің (ЦАМО) орталық мұрағатындағы және майдан даласындағы көп жылдық жұмыс өз нәтижесін берді. Мұнда жүз мыңнан астам жауынгер қаза тапқан екен. Олардың көпшілігі жерленбеген, тек біразы ғана бауырластар зиратынан мекен тапқан көрінеді, бірақ әлгі зираттардың өзі соғыс жылдарында-ақ өшіп, жоғалып кеткен» дейді М.Құсайынов.

Осы жылдар ішінде іздестіру тобының жауынгерлері мен оның командирі бес атқыштар дивизиясының отыздан астам бауыр­ластар зиратының координат­тарын анықтап, көптеген кеңес жауынгерлері мен командирлерінің сүйегін қайта жерледі.

Көп жылғы қажырлы еңбектің арқасында Еуропада тұңғыш рет ауданы 120 шаршы шақырымды құрайтын және төрт маршруттан тұратын ұзындығы 54 шақырымдық «Үміт» мемориалдық аймағы құрылды. Бұл маршрут бойымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің бауырластар зираттарының басына обелисктер мен ескерткіш белгілер орнатылды. Хабар-ошарсыз кеткен 3224 боздақтың майдандағы тағдыры анықталды.

Іздестіру жұмыстары майдан даласына дейін мұрағаттарда жүргізіледі. Қолда нақты құжат пен дерек болмай, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Соның арқасында ­М.Құсайыновтың «Синявино батпағы мен биіктігінің құпиясы», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның әскери тарихы» және басқа да еңбектері дүниеге келді. Бұл кітаптар Германиядан, Бундесвердің мұрағатынан алынған деректерімен де құнды. Кейбір шайқастардың сағаттық хронологиясы екі бағанға бөлінген: сол жақта қызыл шрифтпен кеңес офицерінің ұрыс сипаттамасы (жауынгерлік журналдан), оң жақта көк түспен неміс офицерінің сол шайқас туралы естелігі берілген. Күн мен сағат бойынша шайқас барысын бейнелейтін ұрыс қимылдарының карталары да көрсетілген.

АТЫ ӨШКЕН АТТЫ ӘСКЕР ДИВИЗИЯСЫ

Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмолада төрт дивизия жасақталыпты. Ең алғашқы 310-атқыштар дивизиясы 1941 жылдың шілдесінде жасақталып, 18 тамызында майданға аттанады. Бұрынғы «Соленая балка», қазіргі Еуразия ұлттық университетінің орны бір кезде тақтайдай тегіс жер болған, сонда жауынгерлер әскери ант қабылдаған (әскери ант қабылдау рәсімінің суреті қоса беріліп отыр).

«Келесі 387-дивизия күзде жасақталады. Ал 29-атқыштар дивизиясы кейін 72-гвардиялық дивизия деген атпен Сталинград түбінде соғысқа кіріседі. Көзкөргендердің естеліктеріне сүйенсек, қазақтар ана тілінде «Бір адым да кейін шегінбеңдер! Волгадан әрі қарай – Қазақстан!» деп ерекше жанқиярлықпен шайқасқан көрінеді» дейді Майдан аға.

Соңғы 106-қазақ атты әскер дивизиясының тарихы қанды оқиғаға толы. 1941 жылдың желтоқсанынан бастап жасақталған дивизия 1942 жылдың сәуір айында он екі эшелонмен майданға аттанады.

Жалпы бұл дивизия туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. Әйтсе де М.Құсайыновтың нақты деректер мен құжаттар негізінде жазылған «Солдаттың майдандағы тағдыры» кітабының «Ұмыт қалған дивизия» деген бөлімінде оның қалай қайта табылғаны егжей-тегжейлі баяндалады.

Автор оны мынадай сөздермен бастайды: «О 106-й Казахской кавалерийской дивизии, сформированной в ­г.Акмолинске, не вспомнили ни в книги памяти, изданной в 1995 году, ни в материалах средств массовой информации, посвященных ежегодно ­отмечаемому дню Победы. Помнили о 310-й, 387-й, 72-й стр. дивизиях и фронтовиках этих дивизий. Словно с декабря 1941 г. по март 1942 г. в Акмолинске не формировалась национальная кавалерииская дивизия…».

Майдан аға аталмыш дивизия туралы алғаш рет 1990 жылы атты әскер старшинасы Ф.Гребенюктің қызы Аннадан хат алғанда естіген екен. Әкесінің соғыстан жазған соңғы хатында Харьков бағытына бет алғаны туралы жазыпты. Содан хабар-ошарсыз кеткен.

1991 жылы М.Құсайынов КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне барады. 106-дивизия туралы сұрағанда, ондағылар қолына «дивизия қоршауға түсті, басқа дерек жоқ» деген анықтама ғана бар бос папканы ұстатады. Дивизия туралы құжаттардың не жойылғаны, не жау қолына түскені анық еді.

Елге келген соң тарихи әдебиет пен естеліктерді зерттей бастайды. Маршал И.Баграмянның «Так шли к Победе» мемуарын оқып отырып, 6-атты әскер корпусының құрамына қосылған 106-атты әскер дивизиясы туралы деректі көзі шалып қалады. Боздақтардың майдандағы тағдырын анықтау жөніндегі үлкен жұмыс осылай басталған еді.

2010 жылдың қаңтарында 106-дивизиясы ұрыс қимылдарының хронологиясы жасалады. М.Құсайыновтың жоғарыдағы кітабында 1942 жылдың 12-29 мамыры аралығында Лозовенька шатқалы мен Красногорск қаласы түбінде хабар-ошарсыз кеткен немесе тұтқынға түскен жауынгерлердің тізімі, аты-жөні, қай жылы туып, әскерге қай жерден алынғаны түгел берілген. Сөйтіп аты өшкен атты әскер дивизиясы жауынгерлерінің екінші – өшпес өмірі басталды деуге болады.

Былтыр күзде М.Құсайынов бастаған іздестіру тобы Харьков түбінен атышулы дивизияның жүзден астам жауынгерлері мен офицерлерінің сүйегін тапты. Сондай-ақ жүз отыз үш дана ат әбзелдерін, тағалар мен қылыштарды әкеліп, астанадағы әскери-тарихи музейдің қорына табыс етті. Обелиск орнату үшін орын таңдап, ол жайында жергілікті билікпен келісіп те қойған екен. Өкінішке қарай, Украинада тағы да соғыс өрті тұтанды…

Майдан ағадан 1978 жылдан бері майдан жолдарымен қанша шақырым жүргенін сұрадым. «Экспедицияға шыққан кезде бір күнде орта есеппен отыз шақырымды артқа тастаймыз. Сонда жыл сайын он төрт күнде отыз шақырымнан, оған отыз жылдан астам уақытты көбейтіп, есептей беріңіз…» дейді кеше ғана 79-ға толған ақсақал. Мыңдаған шақырым – Майдан ағаның майдан жолдары.

Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button