Қоғам

Майлиннің мұрасы

2024 жылдың 3 желтоқсанында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына орай, мектепте ерекше мәдени іс-шара ұйымдастырылды. “Шұғаның белгісі – сахнада” қойылымы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Шараны ұйымдастыруда 9 “А”, 9 “Ә”, және 9 “Б” сыныптарының оқушылары айрықша атсалысты. Оқушылардың жетекшілері – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Г.Жусупова, Н.Кембаева, Д.Шакирова.

Оқушылар Бейімбет Майлиннің таңғажайып шығармасы “Шұғаның белгісін” сахнада көрсетті. Олар кейіпкерлердің бейнесін шебер сомдап, көрермендерге әсерлі қойылым ұсынды. Әрбір сахналық көрініс ерекше дайындықпен, көркемдік талғаммен қойылды. Онда оқушылар тек өнердегі актерлік қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген құрметтерін де көрсетті.

Көрермендер іс-шараның заманауи тәсілдермен ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Қойылымнан кейін QR-код арқылы кері байланыс беру мүмкіндігі ұсынылды. Бұл әдіс көрермендердің пікірін жинақтап, іс-шараның сапасын бағалауға ықпал етті.

Шара соңында қойылымға қатысқан оқушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды:

  • “Ең үздік рөл”
  • “Көрермен көзайымы”
  • “Тартымды рөл”

номинациялары бойынша белсенді оқушыларға арнайы мадақтама қағаздары табысталды. Бұл марапаттар балалардың шығармашылық қабілеттерін ынталандырып, өнерге деген қызығушылықтарын арттыра түсті.

Мұндай мәдени іс-шаралар мектеп оқушыларының шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, қазақ әдебиетін насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосады.

Сәтті өткен іс-шараның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғысымыз шексіз!

Гауhар Жүсіпова,

Төлеген Айбергенов атындағы№16 орта мектебі

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button