Басты ақпарат

Маймыл шешегі: қаншалықты қауіпті?

Биыл коронавирустың екпіні басыла сала, әлемде тағы бір қауіпті вирустың аты жиі атала бастады. «Маймыл шешегі» деп аталатын бұл вирусты жұқтырған адамның қызуы көтеріліп, тұла бойы қалтырап, ауырады. Дерт ушықса, адамның денесі мен беті бөртіп кетеді. Аурудың Қазақстанда да таралуы мүмкін бе, ол қаншалықты қауіпті, соның салдарынан тағы бір эпидемия немесе пандемия басталмай ма деген сауалдарды ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан БАЙТАНАЕВҚА қойып, мән-жайды анықтадық.

[smartslider3 slider=3216]

Қалай жұғады?

Аты айтып тұрғандай, оның таралу көзі – жабайы жануарлар, яғни оларға приматтар (маймыл) мен кеміргіштер (тиін) жатады. Осы жануарлармен жанасқанда немесе олар тістегенде, биологиялық сұйықтықпен, болмаса вирус жұққан қанмен, сондай-ақ ауру жануардың етін пайдалану арқылы жұғады. Вирус осы ауруды жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыста болған кезде, яғни зақымдалған тері, тыныс алу жолдары, көз, мұрын және ауыз, сондай-ақ биологиялық сұйықтық арқылы, ауру белгілері бар адам қолданған төсек-орын, сүлгі, киім және басқа зат арқылы енеді. Сонымен қатар ауа-тамшы жолымен, жабық үй-жайда нау­қаспен болған кезде және тері қабатын зақымдау немесе науқас­тың биологиялық сұйықтығы бар заттармен жанасу арқылы жұғады. Трансплацентарлық жолмен – жүктілік кезінде анадан жатырдағы ұрыққа да беріледі. Жыныстық жолмен де жұқтыру қаупі зор. Инкубациялық кезеңі, яғни жұқтырған сәттен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт – 5-21 күн аралығы. Ауру белгілеріне қызба, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналуы жатады.

 Жаңа пандемияға ұласпай ма?

 Маймыл шешегі Батыс Африка елдерінде кең таралған. Атап айтқанда, Конго Демократиялық Республикасы, Конго Республикасы, Камерун, Орталық Африка Республикасы, Нигерия, Кот-д’Ивуар, Либерия, Сьерра-Леоне, Габон және Оңтүстік Судан елінде көп кездеседі. Африкада сырқаттану жағдайларының саны тез өсуде. Ресми ақпарат көздеріне сәйкес, ауру 2016 жылдан бастап 20 есе артқан. Ең үлкен көрсеткіш Нигерия мен Конгода тіркелді.

– Биыл 20 мамырда ДДҰ Конгода жыл басынан бері маймыл шешегінің 1200 жағдайы тіркелгенін, оның ішінде 58 адам аурудан қайтыс болғанын хабарлады. Қазір әлемнің 29 елінде маймыл шешегіне 1233 адам шалдықты. Әзірге маймыл шешегі инфекциясына шалдыққан науқастар Ұлыбритания, Испания мен Португалияда көп тіркелген. Вирус Канада мен Австралияға да жеткен. Маймыл шешегі ауруының біздің отандастар баратын бірқатар елдерде таралғанын ескерсек, аурудың Қазақстанға жетуі мүмкін деген жорамал да жоқ емес, – дейді Е.Байтанаев.

Мамандардың сөзіне қарағанда, бұл инфекция шешек ауруына ұқсайды, бірақ оған қарағанда жеңіл өтеді. Вирус ғаламдық пандемия туғызған SARS-CoV-2 вирусы сияқты оңай тарамайды.

 Қайдан шыққан ауру?

 Маймыл шешегінің вирусы Poxviridae тұқымдасының Orthopoxvirus тұқымына жатады. Вирус алғаш рет 1958 жылы зертханалық явандық краб жейтін макактардан шықты. 12 жыл бойы инфекция тек хайуанаттар бағындағы және приматологиялық зерттеу институттарындағы маймылдардан табылды. Адамдар арасындағы маймыл шешегі алғаш рет 1970 жылы Конгода табиғи шешектен жазылған 9 жасар баладан анықталды. Содан бері аурудың көп бөлігі ауылдық жерлерде – Конго өзенінің бассейні мен Батыс Африканың тропикалық орманында анықталып, бұл ауру эндемикалық сипатқа ие болды.

Саскачевана университетіндегі вакцина және инфекциялық аурулар ұйымының вирусологы Анжела Расмуссеннің пікірінше, адамдар шетелге жиі саяхаттап, климат өзгерген сайын вирустың пайда болуы мен таралуы артып келеді. Вирусолог COVID пандемиясынан кейін әлем елдері жаңа вирустың өршуін жіті бақылауда ұстап отырғанын айтады.

 Шешекке қарсы екпе бар ма?

 Маймыл шешегінің нақты емдеу жолы немесе вакцина жоқ. Бірақ табиғи шешекке қарсы алдыңғы вакцинация маймыл шешегінің алдын алуда жоғары тиімділікке (85 пайыз) ие. Дегенмен табиғи шешекке қарсы егілген адамдарда да маймыл шешегін жұқтыру қаупі болады. Тек жеңіл түрде өтеді. Қазақстанда бұл ауруды емдеу бойынша ДДҰ ұсынған маймыл шешегін емдеу хаттамасы бар. Қызуды түсіретін және ауырсынуды басатын дәрілер: парацетамол, стероид емес қабынуға қарсы препараттар, бірақ оларды ойық жаралар, қан кету болған кезде қолданудан аулақ болыңыз. Вирусқа қарсы цидофовир, бринцидофовир, тековиримат, антиспенді иммуноглобулин деген препараттарды қолдануға болады.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова індет өршіп тұрған Батыс Африка елдеріне бармауға кеңес береді. Егер барып жатсаңыз, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн.

– Шетел ассаңыз, жануарлармен байланысқа түспеу керек. Өйткені жануардың ауру не сау екеніне кепілдік жоқ. Далалы жерде кез келген өнімді сатып алмаңыз. Яғни өнімнің сапасы расталған дүкендерден алыңыз. Дерт ауа тамшыларымен таралатындықтан, халық көп жиналатын жерге бармаңыз. Бетперде тағып жүріңіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің де коронавирус секілді төрткүл әлемге таралуы әбден мүмкін дейді. Ковидті әлі толық жеңбегеніміз де мамандарды алаңдатып отыр, – деді ол.

 Қазақстандағы сақтық шаралары

 Бүгінгі таңда Қазақстанда маймыл шешегі ауруына байланысты күдік тудыратын бірде-бір жағдай тіркелген жоқ. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Қазақстанның 39 санитарлық-карантиндік пунк­тінде (әуежай – 17, теміржол – 5, теңіз – 2, автоөтпе – 15) қашықтан термометрияның көмегімен аса қауіпті ауруға күдікті науқасты анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина мамандары мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары арасында сақтықты арттыру үшін семинарлар өтіп жатыр. Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

– Аталған ауру таралған елдерге баратын туристер нені білуі керек? Жазғы демалыстың басталуына және демалыс маусымына байланысты шет елдерге шығатындарға мынадай кеңес ұсынамыз: маймыл шешегінің өршуі тіркелген Батыс Африка елдеріне әсіресе балалармен барудан аулақ болыңыз. Шетелге шыққан жағдайда жабайы жануарларға жақындамау, қол және тыныс алу органдарының гигиенасын сақтап, мүмкіндігінше бетперде, қолғап пайдалану, өздігінен сауда жасайтын және көше саудасы орындарында тамақ ішуден аулақ болу, жаппай жиналатын орындарға барған кезде тамаққа тек термикалық өңделген етті мұқият пайдалану, адамдар көп жиналатын жерге баратын кезде жеке алдын алу шараларын қолданыңыз, – дейді ресми өкіл.

Егер сапардан оралғаннан кейін 3 апта ішінде дімкәстік, жоғары температура сезілсе, бөртпе, яғни дененің қызаруы, көпіршік, ойық жара және т.б. пайда болса, соңғы 3 апта ішінде шетелде болғаныңызды міндетті түрде хабарлай отырып, жақын маңдағы медициналық ұйым көмегіне дереу жүгініңіз.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button