Маймыл шешегі қаншалықты қауіпті?
Маймыл шешегі – вирустық ауру. Бұған дейін тек Африка елдерінде кездесетін ауру енді әлемге таралып жатқаны алаңдатып отыр. Ауру қаншалықты қауіпті? Сақтану үшін не істеу керек? Бұл туралы Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиевадан сұраған едік.
– Жанна Қыдырбайқызы, Қазақстанда маймыл шешегіне байланысты шекарада санитарлық бақылау күшейтілгені белгілі. Елімізге індет келуі мүмкін бе?
– Қазіргі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмеген. Эндемия тараған елдердің қатарында Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы бар. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізуде. Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады. Елімізде індеттің пайда болу қаупі аз. Сонда да министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермес үшін барлық қажетті алдын алу іс-шараларын қабылдауда. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Бұл, әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты.
– Аурудың негізгі клиникалық белгілері қандай?
– Маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін болуы мүмкін. Аурудың қызба кезеңі әдетте 1-ден 3 күнге дейін созылады. Негізгі белгілері дене қызуы, бөртпе, тамақтың ауруы, бұлшықеттің және арқаның ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі.
– Адамға қалай жұғады?
– Маймыл шешегі адамдар арасында өздігінен таралмайды. Бірақ сіз инфекция жұқтырған адаммен тікелей қарым-қатынас жасағанда жұқтырып алуыңыз мүмкін. Оның ішінде тері зақымданулары немесе биологиялық сұйықтықтар, тыныс жолдарынан бөлінетін сілекей, жеке пайдалануға арналған мата бұйымдары, мәселен, пайдаланылған төсек жаймасы, сүлгілер. Сонымен қатар жыныстық қатынас кезінде жұғады.
– Аурудан қалай сақтанған жөн?
– Тері бөртпелері немесе аурудың басқа белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынасты азайтуға тырысыңыз. Науқастарға күтім жасау кезінде маскалар мен қолғаптар және жеке қорғаныс құралдарын қолданыңыз. Егер сізде ауру белгілері пайда болса, инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін басқа адамдармен байланыста болудан аулақ болу керек. Үнемі маска қолданыңыз. Қолыңызды тазалап жуыңыз және жанасқан беттерді зарарсыздандырыңыз.
– Туристерге қандай кеңес ұсынған жөн?
– Эндемиялық елдерге баратын туристер барған кезде абай болу керек. Барлық сақтық шараларын қолдану маңызды. Басқа елге барар алдында осы аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты тексеріп алған дұрыс.
Егер маймыл шешегіне ұқсас белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн. Ал үйге оралғаннан кейін 21 күн ішінде бөртпе безгегі, бас ауруы немесе лимфа түйіндерінің ісінуі сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ