Сұхбат

Майра КЕРЕЙ, опера әншісі, қазақстанның еңбек сіңірген әртісі: ӘДЕМІЛІККЕ ЖАНЫМ ҚҰМАР

IMG_0163-55

– Сіз әлемдік деңгейдегі опера жұлдызысыз. Вокалдық мүмкіндігіңіз мінсіз  әрі әнді шебер орындайсыз. Сондықтан, әрбір концертіңізді асыға күтеміз. Астанада алдағы уақытта концерт беру ойыңызда бар ма?

Тынысбек, қала тұрғыны

 

– Рахмет! Биыл шығарма­шылығыма әрі Қазақстанға келгеніме 20 жыл толды. Бұл аз уақыт емес. Соған орай, жеке кешімді өткізбекпін. Еліміздің төрі – Астанада ән салу  үлкен абырой деп санаймын. Қазіргі уақытта сол концертке байланысты дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алла қаласа, күзге жоспарлап отырмын. Міндетті түрде өткіземін деп үміттенем.

 

– Опера – күрделі классикалық жанр. Оған кез келген өнерпаз бара бермейді. Сіз қалай келдіңіз? Тағы бір сұрақ, осы жанрдың қиындығы неде және өзіміздің қазақтардың опера тыңдауға ықыласы қандай?

Жайдарлы, туристік агенттік қызметкері

 

– Опера – музыка өнерінің асқар шыңы. Бұл жанрдың күрделілігі – дауыс диапазонында, орындау техникасында. Көп ізденуді, жан-жақты дайындықты қажет ететін мамандық. Музыканы, тарихты, әдеби шығармаларды, ақындардың дастанын, өлеңдерін терең түсінбесеңіз, онда жақсы әнші болу өте қиын.

Мен өмірге келгеннен-ақ, әкем менің әнші болатынымды білген сияқты. «Қызымыз өзіңе тартқан әнші болады-ау, жылаған даусын қарашы!» дейтін көрінеді анама. Өзім әнді ес білгелі айтып келемін. Мектептегі оқушылар «аузың дәу» деп мазақтайтын. Жастайымнан театрға құмар болдым. Анам Камал Қуанышқызы – Қытайдың халық әртісі. Менің өнерге келуіме сол кісі ықпал етті. Үйде ыңылдап ән айтамын да жүремін. Бауырларым мезі болады. Анам да кейде «Түу, бұл үйде мен әншімін бе, әлде сен бе?» деп ұрсушы еді. Әкем – композитор. Қытайдағы қазақ әндерін жинап, 500 әннен тұратын «Қазақ халық әндері» деген екі томдық кітап шығарған. Менің бойымдағы талантымды айна-қатесіз тани білген де  сол кісі. «Қызым, әншілік өнердің ең биігі, бекзаты – опера. Фортепианода ойнап үйрен. Күні ертең өзің ән айтып, өзің сүйемелдейсің» дейтін.

Ал, қазақтардың опера тыңдау ықыласы төмен деп айта алмаймын. Егерде түсінбесе, тыңдамаса, қадірлемесе біздің операмыз 80 жыл өмір сүре ме? Баяғыда-ақ, есігі жабылып қалар еді. Құдайға шүкір, қазіргі жаңа буын әншілері осы жанрды өз дәрежесінде  жалғастырып келеді. Зиялы қауым өкілдері әрдайым театр төрінен табылады.

 

Қызыңыз Аидаға бесік жырын айтасыз ба, әлде ариялар айтасыз ба?

Ғазиза, студент

– Биыл Аидаға арнап, аналық махаббатпен «Әлем бесік жырлары» атты жинақ шығардым. Сол әндерден қызым түрік халқының әнін сүйіп тыңдайды  әрі сөзін жаттап жүр. Ыңылдап тілі келгенше айтады. Қызымыздың әр қылығына сүйсініп, бақытқа бөленіп жүрміз.

 

– Алдымызда көктем мерекесі, яғни, қыз-келіншектер мен аналардың, әжелердің мейрамы келеді. Күйеуіңізден қандай сыйлық күтесіз?

Сезім, банк қызметкері

 

– Сыйлықты кім жақсы көрмейді дейсіз?! Бірақ, ешкімнен еш нәрсе дәметпеймін. Керісінше, біреуді қуантқанды жақсы көремін. Жаным соны қалайды. Анама, қызыма, жақындарыма сыйлық жасауды жоспарлап қойдым.

 

– Төрткүл дүниені түгел аралап жүрсіз. Сіздіңше қай елдердің мәдениеті жоғары?

Мұхтар, кәсіпкер

 

– Әр ел өз дәстүрімен ерекшеленеді. Бәріміз пендеміз ғой. Жер шары бәрімізге ортақ. Бірақ, көпшілік Еуропаның мәдениеті мен тарихы терең деп ойлайды. Ал, мен үшін әлемдегі ең ұлы, ең парасатты ел – Қазақ елі. Қазақтан асқан сабырлы, дана халық жоқ! Сосын тағы бір қызық жағдайды айта кетейін, біздің көрермен гүлді сахнада тұрғанда береді ғой. Ал, Францияда гүлді концерттің алдында, мәдениет үйінің қызметшілері арқылы әрлеу немесе киіну бөлмесіне беріп жібереді. Концертке шықпай жатып, үстеліңнің үсті түрлі конфеттер мен хаттарға, шоқ-шоқ гүлдерге толып кетеді. Көңілің сондай көтеріліп қалады. Сахнаға шықпай тұрып-ақ сенің өнеріңді бағалайтын адамдардың күтіп отырғанын білесің. Ерекше күш-жігер береді.

 

– Сіз танымал әнші ғана емессіз, отбасындағы әйелсіз, анасыз. Жалпы, сіз үшін отбасы бақыты неден тұрады? Таңдау түссе, әлемге әйгілі әншінің атақ-даңқын қалайсыз ба, әлде қарапайым қазақ анасының бақытын таңдар ма едіңіз?

Сәуле, дәрігер

 

– Алла тағала адам баласына ұрпақ қалдыруды нәсіп еткен. Сондықтан, ата-ана бақыты – баламен дер едім. Егерде таңдау түссе, әрине, қарапайым қазақ анасының бақытын таңдар едім. Аналық рөлді де керемет етіп атқарамын деп ойлаймын. Мен үшін отбасым бірінші орында тұрады. Өйткені, бойыма ата-анамның санамызға сіңірген жақсы қасиеттері дарыған.

 

Өнегелі жолыңыз туралы деректі фильм түсіру немесе кітап жазу ойыңызда жоқ па?

Бекзат, бухгалтер

 

– Ондай үлкен жобаны жүзеге асыруға Мәдениет министрлігі немесе Үкіметтің тікелей қолдауымен болмаса, өз күшім жете қоймас. Ал, өмірбаян, естелік кітапты 2003 жылдан бастап жаза бастағанмын. Екі рет компьютердің вирусынан біраз дүниелер өшіп қалып, енді қайта бастауға тура келіп тұр. Бастауын бастағаныммен, қашан аяқтайтынымды өзім де білмеймін.

 

– Шетелге жиі шығасыз. Оны әлеуметтік желілердегі парақшаңыздан біліп отырамыз. Бұл отбасылық саяхат па, әлде, шығармашылық жұмыстармен жүресіз бе?

Назым, мұғалім

 

– Екеуі де бар. Көбінесе шығармашылық сапармен жүремін.  Құдай бұйырса, қызым өскен соң, отбасымызбен жақсылап қыдырмақпыз. Мүмкіндіктің барында саяхаттап, демалып, ел, жер көргенге не жетсін?!

 

– Майра апай, жастығыңыз бен сұлулығыңыздың сыры неде?

Айсұлу, мұражай қызметкері

 

– Өмірді құлай сүюімде, ақжарқын көңілімде, ішкі тазалығымда деп ойлаймын. Дұшпаным болса да, ешкімге жамандық тілемеймін. Ештеңені қызғанбаймын. Қызғаныш – өте жаман сезім. Адамгершілік қасиетім маған әрқашан қуаныш сыйлайды. Көшеде жұрт танып жатса, қуанам. Амандасса, жылы шырай танытып, сәлемдесемін. Мені танитындардың басым бөлігі – орта буын өкілдері. Қазақтың зиялы қауымы түгел таниды деп мақтанышпен айта аламын. Әдемілікке жаным құштар. Әрдайым әдемі өмір сүруге талпынам.

 

– Астанада бала кезіңізден бас­тап, әлі күнге дейін жұбыңыз жазылмай келе жатқан Гүлнұр есімді құрбыңыз тұрады екен. Жалпы, сіз достықты қалай түсінесіз? Тығыз жұмыс кестеңізге қарамастан, достарыңызға жиі көңіл бөлесіз бе?

Жарас, оқырман

 

– Дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі – достық. Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Гүлнұр – шынымен менің жан досым. Оның  қасында өзімді еркін сезінемін. Менің туысым сияқты болып кеткен. Оның батылдығы, қайсарлығы, тектілігі әрқашан сезіліп тұрады. Қандай да бір қиындыққа тап болсақ, бір-бірімізбен бөлісіп, шешімін табамыз. Сондай досымның болғанына мақтанамын. Өкінішке қарай, менің уақытым тығыз. Ал, уақыт бола қалған жағдайда, қайда жүрсем де достарыммен хабарласып отыруға тырысамын. Қуаныш пен қайғыда бір-бірімізге сүйеу боламыз. Көңіліміз әрдайым бірге. Алла сол достарымнан айырмасын! Оларға тек жақсылық тілеймін!

 

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button