Басты ақпарат

Майталман музыкант

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Еркеғали ­Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың өнері өміріне айналып кетті. Дәулескер күйші, көрнекті композитордың ұлттық музыкаға қызмет етіп келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Соның ішінде елорда филармониясы қазақ оркестрінің тізгінін ұстағанына он бес жыл болып қалды. Айтқали Тілепқалиұлы бүгін мерейлі жетпіс бесінші белесіне шығып отыр. Мерей­тойының қарсаңында майталман музыкантты әңгімеге тарттық. Сұхбатымызда өнердің бүгінгі өзекті мәселелерін қамтып қалуға тырыстық.

[smartslider3 slider=2881]

– Айтқали аға, 2018 жылдан бері елімізде Ұлттық домбыра күні мерекесі аталып келе жатыр. ­Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масымен орта мектептің 6-7 сыныптарына арналған «Домбыра» оқулығы да әзірленді. Кезінде өзіңіз де «Домбыра ойнау өнері», «Домбыра үйрену мектебі» кітаптарын жаздыңыз. Төл аспабымыз­ды балаларға, жастарға үйрету төңірегінде ойыңыз қандай?

– Иә, Ұлттық домбыра күні бекітілгенде мәртебеміз көтеріліп қалды. Бұл – домбырамыз мемлекеттік деңгейге көтерілді деген сөз. Қазақ қазақ болғалы домбыра бізбен бірге өмір сүріп, бірге жасап келе жатыр. Қазақтың қайғысы да, мұңы да, қуанышы да, өткен-кеткен тарихы да, күйшінің өмірі, арманы төл аспабымыздың күмбірлеген үнінде жатыр.

«Домбыра үйрену мектебі» кітабы 1992 жылы шықты. Бұл кітапты соның алдында шыққан «Домбыра ойнау өнері» кітапшасының негізінде сол кездің талабына сай Біләл Ысқақов, Сәрсенбай Бүркітов үшеуміз бірге жаздық. Жақында бірнеше автор бірігіп, бір үлкен еңбекті жазып бітірдік. Ол жазға дейін шығып қалуы тиіс. Осы еңбек таза күй өнеріне арналған. Онда күй аңыздарынан бастап Мемлекеттік орталық музейдегі домбыралар туралы мәліметтер, бес сыныпқа арналған ноталармен әдістемелік нұсқау, күйшілік мектептер, күй анасы Дина Нұрпейісовадан бастап бүгінгі күйшілерге дейінгі аудиожазбалар қамтылған.

Кезінде «Домбыра үйрену мектебі» кітабына балаларға арналған шағын күйлер табылмады. «Кеңес» деген халық күйі бар. Бірақ оның қағыстарын балаларға меңгеру қиын. Ал енді шығатын еңбегімізге Алтайдың арғы -бергі жағынан, Тарбағатай аймағынан табылған көптеген жеңіл күйлерді шығу тарихымен пайдаланып, бірінші сыныптан бесінші сыныпқа дейін енгіздік. Күйлерді балаларға жас ерекшеліктеріне сай үйрету керек. Яғни, күйді жеңілінен ауырына қарай сатылап оқытқан жөн.

– Қазақта 5 мың, кейде 7 мың күй бар деп айтылып жүр. Сіздің бұған қатысты пікіріңіз қандай? 

– Бұл тек архивке түскен, жиналған күйлер болуы керек. Негізі одан да көп болуы мүмкін. Бізге жеткені – халықтың сүзгісінен өткен, халық өзі сұрыптап алған күйлер. Әйтпесе, ұмытылып қалған күйлер қаншама деп топшылаймын. Домбыра аспабымыздың шығу тарихының өзі мыңжылдықтарға кетеді. Мұның өзі көне халық екенімізді білдіреді.

– Кезінде ұлттық аспаптарымызды зерттедіңіз. Құрманғазы оркестріне жетекшілік еткенде жаңа аспаптарды қосқаныңыз да бар. Елорда филармониясының қазақ оркестрін кеңейткен екенсіз. Оған да басқа аспаптар қосылды ма?

– 2008 жылы астанаға келдім. Мен келгенде филармонияның қазақ оркестрінде елу шақты музыкант болды. Бүгінде тоқсанға жетті. Бұл да заманға байланысты. Белгілі бір шығарма толыққанды тартылуы үшін оркестрдің құрамы сай болуы керек. Сол баяғы аспаптар қалды, тек қана музыканттар саны көбейді. Қазір оркестрімізге сыбызғы келіңкіремей жатыр. Сондықтан флейтаны енгіздік. Бұрын оркестріміз халық аспаптар оркестрі деп аталатын. Мен қазақ оркестрі деп өзгерттім. Себебі баян, флейта, виолончель енгізілді. Олар төл аспаптарымыз емес қой, халық аспаптар оркестрі болып аталуы үшін бәрі де ұлттық аспаптарымыз болуы керек.

Жалпы кейбір төл аспаптарымыздың атауын қалпына келтіру керек. Мәселен, кезінде саясаттың кесірінен қобызшылар жойылып кете жаздады. Ахмет Жұбанов 1934 жылы ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырғанда үш ішекті қобыз жасатты. Консерватория ашылғанда бұл аспап оқу жүйесіне енгізіліп, қобыз деп аталып кетті. Алпысыншы-жетпісінші жылдары Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтың арқасында төл аспабымыз қобыз оралып, консерватория­да оқытыла бастады. Ішегі қылдан болғандықтан, оны қылқобыз деп атай салды. Ал үш ішекті қобыз – қобыз болды. Кейін оны прима қобыз деп атады. Бұл дұрыс емес. Мен оған біраз жыл бұрын сымқобыз деп ат қойдым. Себебі қылқобыз болғанда, неге сымқобыз болмасын?! Сазсырнай, жезсырнай бар ғой. Ал қылқобыздың атауы көнеден келе жатқандай қобыз болып қалуы керек.

– Өзіңіз жетекшілік ететін оркестрде аспаптарды жаңарту жүргізіле ме?

– Қазақ оркестрінде кемінде жиырма домбырашы отырады. Әркімнің домбырасы – өзінікі. Бұл аспаптар түрлі шебердің қолынан шығып, әртүрлі ағаштан жасалған. Сол себептен оркестрде үндес­пейді. 2006 жылы Жолаушы Тұрдығұловқа Құрманғазы оркестріне арналған жиырма домбыра жасаттым. Бір шебер, бір ағаштан жасалғандықтан, оркестрде тамаша үндесіп кетті. Қазір бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Мәселе қаржыға барып тіреледі. Жақында соқпалы аспаптарды ғана аламыз.

Домбыра мен қобызға оралсақ, ертеректе консерваторияның жанында эксперименталды шеберхана болды. Қазір ондай жоқ. Меніңше, оркестрге музыка аспаптарын жасайтын осындай бір орталықтандырылған шеберхана болуы керек. Домбыраға арнайы ішек те жасалмай тұр. Ол да аспаптың сапасына әсер етеді. Бұрауларға келгенде, проблемалар туындап, шыңылтыр дыбыс шығады. Тиісті фабрикадан арнайы ішек те шықса, ондай болмай, мәселе реттелер еді.

– Кезінде елорданың іргесіндегі Осакаров кентінде домбыра фабрикасы болды ғой… 

– Иә, білемін. Бұрын Осакаровта жасалған домбыралар дүкендерде тұратын. Бірақ жиырма домбырадан біреуін ғана таңдап алатынбыз. Бұл жалпы халық үшін жасалған домбыралар еді. Ал оркестрге арнайы жасалуы керек.

 – Қойдың ішегі тағылған домбыраның үні бөлек болады дегенді естідім. Өзіңіз осындай домбыраны тартып көрдіңіз бе?  

– Иә, рас бөлек болады. Жас кезімізде сондай домбыраны тарттым. Бірақ ол көп ұстауға келмейді, ішегі жайлап-жайлап мүжіле береді. Сондықтан жиі ауыстырып отыруға тура келеді. Баяғыда консерваторияда жүргенімде сол кездегі аспирант Жұмагелді Нәжімеденовті екі рет Полтаваға жібердік. Бірінші рет қойдың жүз ішегін, екінші рет жүз жиырма ішегін алдырдық. Полтавада арфаға ішек жасайды. Жұмагелдіні екінші рет жіберерде: «ішекті қай жақтың малынан жасайды, сұрашы» дедік. Сөйтсе, Маңғыстау мен Семейдің қойларының ішегінен жасайды екен. Мен таңғалдым. Ол уақытта кеңес заманы болған соң, одақтас елдер арасында алыс-беріс болды ғой. Ал қазір бізде қойдың ішегі жеткілікті болса да, мұндай цех жоқ.

– Байқаймын, бүгіндері музыка мектептерінде бертіндегі күйлерден Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін көп үйретеді. Қазір де күйлер шығып жатыр ғой. Өзіңіз де күйшісіз. Ал бірақ жұрттың негізінен, білетіні, естіп жүргені сол «Ерке сылқым» мен Секен Тұрысбектің күйлері. Сонда қазіргі замандағы күйлердің насихаты кемшін бе? 

– Құрманғазы мен Тәттімбеттен артық күй шығара алмаймыз. Олардың күйлері – кәдімгі классика. Заманға сай күйшілік, орындаушылық дамып отырады. Әр өңір мектебін бір күйге біріктіруге болады. Төкпе, шертпе деп бөлінгенімен, бәрі – бір күй ғой. Себебі шертпе күйдің ішінде төгіп тартатыны, төкпе күйде шертіп тартылатыны бар. Қазір кейбір күйлерге өзімізше автор болып жүрміз. Бірақ бұл көне заманнан ата-бабаларымыздан қалған, бізге жеткен әуендер ғой. Ұлттық код арқылы генетикалық тұрғыдан бойымызға жазылған.

Қазір күй өнеріне қатысты түрлі әдістемелік еңбектер ноталарымен жазылып жатыр. Бір өкінішті жағдай, көптеген ұстаздар жазылған материалды оқымай, бірден нотасына қарайды.

– Қазір кейбір домбырашылар баяу тартылатын күйлерді жылдамдатып тартады. Бұл дұрыс еместігін айтып жүрсіз. Оны жөндеуге бола ма?

– Рас, мұндай келеңсіз жағдай бар болып тұр. Кезінде оны Ахмет Жұбанов  айтқан. Ол «бәрі Дина шешеміз немесе Оқап Қабиғожин болғысы келеді, бірақ бола алмайды» дейтін. Ахмет Жұбанов Оқап Қабиғожинді «Домбыраның ақыны» деп атайтын. Оқап ағамыз күйді қалай жылдамдатып тартса да, домбыраны шебер сөйлететін. Ал қазіргі көп орындаушылар күйді сатырлатып тартқанда, басы қайда, аяғы қайда түсінбей қаласың. Жылдам тартсам, виртуоз боламын деп ойлайды. Соны Ахмет Жұбанов баяғыда сынаған. Сол әлі келе жатыр. Қазір тіпті бұрынғысынан асып кетті. Авторлар бөлек болса да, күй тарту мәнері бірдей. Күйді бастапқы екпініне, мазмұнына, оқиғасына сай орындау керек. Бірақ қазір олай емес. Халықты да жеңіл күйлер мен әндерге, арзан күлкіге үйретіп алдық. Қарапайым отырыстарда айтылатын жеңіл әзілдер сахнаға шығып кетті. Сахнада ең көрнекті, тәрбиелік мәні бар қалжыңдар айтылуы керек.

– Ұлттық музыка туралы әңгіме қозғалғанда, дәстүрлі өнер сөзін көп қолданатын болдық. Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай қазақтың классикалық өнері деп атаған дұрыс дейді. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?

– Бүгіндері классикалық музыка десе, тек шетелдің Моцарт, Гайдн, Бетховен, тағы сондай әлемге әйгілі композиторлар айтылады. Бірақ әр елдің, әр мәдениеттің өзінің классикасы болады. Жаңағы айтылғандар – батыстың классиктері. Ал біздің Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Ақан сері, Біржан сал, Мұхит – өзіміздің классиктеріміз. Дәстүрлі өнер деп атаған мүлде дұрыс емес.

– Өзіңіз жұмыс істейтін елордалық филармонияға Еркеғали Рахмадиевтің аты берілді. Көрнекті композитордың «Алпамыс» операсы «Астана Опера» театрында таяуда жаңғырды. Ал композитор Хабидолла Тастановтың есімі мен шығармалары ұмытылып бара жатыр. Сіздің ұлыңыз Арманмен бірігіп жазған «Бейбарыс сұлтан» атты операңыз бар. Соны сахнаға шығару жоспарыңызда бар ма?

– Еркеғали ағамыздың өнерге, музыкаға сіңірген еңбегі зор. Мәселен, қылқобызды консерваторияға сол кісі енгізді. Сол уақытта ректор еді. Ал қазақта опера да, симфония да жоқ емес. Кейінге дейін соларды жауып тастап, тек шетелдің музыкасы ойналды. Өзімізді ұмытпай, бар нәрсемізді көрсету керек. Хабидолла Тастанов – домбыраның бірінші профессоры, алғашқы оқулықтарды жазып бастаған адам. Ахмет Жұбанов нота жүйесін енгізуді сол кісіге тапсырған. Біз сол кісілердің жалғасымыз. Бұрынғы жетістігімізді айтпай, алға қарай баса алмаймыз. Ұстаздарымыз болмаса, аспаннан салбырап түскен жоқпыз. Ал «Бейбарыс сұлтанды» қою туралы әңгіме енді қозғалып жатыр. Кейде шығарманың жатып қалғаны да жақсы. Қайта қарап, әбден «пісіресің».

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button