Малсақ қазақ мал терісін далаға неге тастайды?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сенсек, елде теріні бастапқы өңдейтін 9 кәсіпорын бар. Өңдеуші кәсіпорындардың қуаты 3,3 млн ірі қара және 4 млн дана ұсақ мал терісін өңдеуге жетеді-міс. Ал тері кәсібіне қатысы бар мамандар елде тіркелген 9 өндіріс орнының барлығы дерлік жұмыс істейтініне сенбейді. Олардың айтуынша, бірі тоқтап тұр, енді бірінің жұмысы шала-жансар.
Өңделгені 8% ғана болса…
2023 жылдың қорытындысымен біздің елде 2 млн 548,5 мың ірі қара терісі өндірілген. Оның 8%-ы (208,3 мың) қайта өңдеуге жіберілсе, 13,7%-ы (349,6 мың) Ресей, Түркия, Қырғызстан және Нигерияға экспортталған. Ал Ресейден 4,5 мың тері бізге импортталған. Өндірілген терінің 78%-ы (1 млн 997,1) – өңделмеген қалдық. Осылайша 8% ірі қара терісі өңделсе, біздегі шикізат көлемінің өңдеу мен өткізуден анағұрлым жоғары екенін біліп отырсыз.
«Тері өңдеу саласының дамуын тежеп тұрған себептерге келсек, оларға кәсіпорындардың айналым қаражатының тапшылығы, өндірілген өнімді өткізу нарықтарының шектеулігі, сапалы шикізаттың жеткіліксіздігі жатады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарда тері өңдеуші кәсіпорындарға шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 200-ден астам мал терісін дайындайтын әрі жинайтын пунктер ашу және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру қарастырылған. Одан бөлек, кешенді жоспар аясында теріні тереңдете өңдеу бойынша инвестиция жобаларын жүзеге асыру көзелген және оны ынталандыру үшін жаңа кәсіпорындарды салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту кезінде мал терісін өңдеу кәсіпорындарының шығынын өтеу көзделген. Инвестициялық салымның өтеу үлесі – 25%» дейді салалық министрлік өз ақпаратында.
Бұдан басқа кешенді жоспар бойынша қайта өңдеуші кәсіпорындарға (соның ішінде теріні өңдеуші) негізгі және айналым қаражатты толықтыру үшін жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Бұл тері-жүн өңдеу кәсіпорындарының жұмысына оң ықпалын тигізіп, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.
Даму үшін демеу керек
Бір белгілісі, салаға қатысты өндіріс ошақтары мен кәсіпкерлерге дем беру үшін 2012 жылы былғары шикізаты мен үлбірін қайта өңдеушілер қауымдастығы құрылған еді. Басты мақсат отандық тері өңдеу зауыттарын қажетті шикізат көлемімен қамту болатын.
«Қауымдастық құрыла салысымен мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдегі өңделмеген ірі қара мал терісін экспорттаудың «сұр схемаларын» анықтау және экспорттауға шектеу енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Сондай-ақ республика бойынша Үкіметке тері өнеркәсібін дамыту бойынша ұсыныстарын айтып отырды. Мысалы, соның бірі – сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігі арқылы 2016 жылдың қарашасынан 2017 жылдың сәуіріне дейін алты айға шикізатты елден тысқары жерлерге әкетуге тыйым салуды енгіздік. 2019 жылдың екінші жартыжылдығынан басталған әлемдік былғары нарығындағы дағдарыс, одан кейінгі пандемия қауымдастықтың ғана емес, елдегі барлық тері өңдеу зауытының жұмысын толығымен тоқтатты десек болады» дейді қауымдастық төрағасы Нұрман Нүптекеев.
Оның айтуынша, зауыт пен шағын цехтың көпшілігі кеңес заманында былғары аяқ киім тігу өнеркәсібі өте жақсы дамыған Тараз бен Семей қаласында орналасқан. Ол уақытта ірі ет комбинаттарының жанында да тері өңдеу зауыттары, аяқ киім фабрикалары болғаны белгілі. Семей, Жамбыл, Петропавл зауыттарын осыған мысал етсек болады. Қазір оларға Үкімет тарапынан демеу көрсетілсе, болашағы зор. Өйткені тері бағасының құлдырауына байланысты бұлардың көпшілігі несиеге белшеден батып, жұмысы тұралаған. Қауымдастық мүшелері де тек мемлекет қолдауы болмаса, басқа қауқар қалмағанын айтып, жылда дабыл қағып келеді.
Олардың сөзінше, 3,3 миллион халқы бар Моңғолияда заманауи 34 былғары зауыты мен цехы, яғни әрбір 100 мың адамға 1 фабрикадан келеді. Ал орта есеппен 20 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда кем дегенде 180-200 тері өңдеу зауыты мен цех болуы керек. Осыған қарап еліміздегі тері өнеркәсібінің даму деңгейін бағалауға болады. Қазір ірі қара мен ұсақ мал терісін өңдеуде Өзбекстан, Ресей ғана емес, жоғарыда аталған Моңғолиямен де бәсекелес бола алмайтынымыз рас.
Мамандардан білгеніміздей, жалпы теріні өңдеу үш сатыдан тұрады екен. Біріншісі «wet-blue» деп аталады. Бұл – 30-35 пайыз өңделген тері, ауызекі тілде «көк тері» дейді. Екіншісі – «crust». Бұл – 65-70 пайыз жартылай өңделген фабрикат. Соңғысы – «finish», яғни 100 пайыз өңделген былғары. Айтпақшы, бұрын тері зауытқа келем дегенше Ауыл шаруашылығы министрлігі құзыретіне жатса, өңдеуге тиіс шикізатты қадағалаушы орган сол уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болыпты. Сондай-ақ шикізат зауытқа келем дегенше түрлі ветеринарлық тексерістен өтетіні анық.
Қазір елде 100 пайыз былғары шығаратын өндірістер бар. Бірі Алматыда болса, енді бірі Шымкентте орналасқан. Бұған Семейдегі тері-былғары зауытын қоссақ болады. Өзге қалаларда кәсіпорындар жоқ емес, бірақ олар қаржыға байланысты жұмысын тоқтатып тұр.
Жауабы болса да жауапсыз сұрақ
Қазақтың төрт түлігінің терісі экспортқа кейде жарамды, кейде жарамсыз. Мамандар пікірінше, мұндағы басты себеп – біз малды көбейтіп баққанымызбен, оның шын жағдайына аса мән бермейтініміз. Оған жем-шөбін беру, жылы қорада ұстау, ветеринар көмегі, уақытылы дәрі-дәрмек, түрлі витамин егу, бір сөзбен айтқанда, адамша күтім жасау арқылы сапалы теріге қол жеткізеді екенбіз. Ауылдағы ағайын мұның бәрін істей қоя ма екен? «Далада жүретін малдың несібесі далада болар». Осылай қол сілтейтініміз рас.
«Егер мал күйлі әрі аурудан ада болса, одан сапалы тері алынады. Екінші фактор – сою немесе теріні іреу. Бізде көбіне-көп қолдан сойылады. Дәл осы процесте теріні зақымдайтындар көп. Бұл ауылдағы қазақта ғана емес, үлкен ет комбинаттарында да кездеседі. Сондықтан біз мұндай орындарға барып, бүлінбеген терінің бағасы да қомақты болатынын қасапшыларға ылғи айтамыз. Шикізатты да қабылдайтын кезде осыған жіті назар аударуға тура келеді. Жалпы жақсы терінің қалыңдығы 1,8-2 мм болады. Мысалы, солтүстік өңірлерден жиналған терінің 30 пайызы ғана былғары болуға жарамды. Өйткені ол – даладағы мал. Ал мына Түркістан, Жамбыл, Алматы облысындағы қолда әрі бордақыдағы ірі қараның, оның ішіндегі бұқаның терісі одан жақсы. Одан 70 пайызға дейін былғары өңдеуге болады» дейді саладағы жеке кәсіпкер Самат Сейілханов.
Қытай нарығында біздің терілер «орта және төмен» деп бағаланады. Сонда сапасы төмен терілер далада қала ма? Саматтың сөзінше, мұндай екінші сорттағы шикізат «желатин» немесе «протеин» (белок) өндіретін кәсіпорындарға кетеді. Ал мұндай кәсіпорындар Қазақстанда жоқ, барлығы шет мемлекеттерде орналасқан. Ал қазір заңдылығымен ресейлік, түрік және өзбек компанияларына шикі күйінде сатылатын сол ірі қара терісі бізге дайын аяқ киім, өнім болып оралып, одан 10-15 есе қымбатқа сатылады. Соңында кім жеңеді? Жауабы белгілі болса да жауапсыз сұрақ – бұл.
Ұтылмау үшін ұсыныс айтсақ…
Біздегі басты қателік – мемлекетті органдар мен шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысының жоғы немесе аздығы. Сарапшылар пікірі осындай.
«Біріншіден, тері өнеркәсібін алға жылжыту үшін отандық ғалымдар, мүдделі органдардың мамандары мен кәсіпкерлерді тарта отырып жұмыс тобын құру қажет. Бұған былғары өнімін тұтынатын өкілдерді де қосқан абзал. Екіншіден, мал терісін республикадан тысқары жерлерге шығаруға тыйым салуды бұрынғы күшінде қалдырғаны дұрыс. Үшіншіден, былғары өндіруге арналған техниканы лизингке беру мәселесі. Өйткені қазір олардың 60 пайыздан астамы тозған. Көбі кеңес дәуірінен келе жатыр. Төртіншіден, тері өңдеуге ең қажетті нәрсе – химиялық заттар қоймасы. Зауыттарда 3-6 айлық қоры бар химиялық заттардың жеткілікті қоры қоймада болуы қажет. Бесіншіден, былғары өнеркәсібінің бірқатар экспорттық тауарын субсидиялап, жеңілдетілген несие берсе деген тілек бар. Алтыншыдан, шикізат сатып алуды ұйымдастыру. Жасыратыны жоқ, зауыттар шикізатты сатып алу кезінде ол туралы құжаттың, оның ішінде ветеринариялық сертификат, сынақ хаттамалары және т. б. болмауы туралы мәселеге көп кездеседі. Соңғысы – жеңіл өнеркәсіп салаларына қатысты дара комитеттің болғаны дұрыс» дейді қауымдастық төрағасы.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаевтың пікірінше, мұндағы басты мәселе – Үкімет қолдауының жеткіліксіздігі.
«Біз осы мәселені екіге бөліп қарастырайықшы. Біріншісі – халықтың теріге көзқарасы, екіншісі – Үкіметтің бұл салаға деген қатынасы. Расымен, халық өсіріп отырған малының терісін қажетке жаратқысы келеді. Далада қалғанын қаламайды. Бірақ амал жоқ, теріні лақтырады. Бұл, айналып келгенде, түрлі ауру ошағын тудыруға себеп, экологиялық ахуалды қиындатады. Ал мемлекеттің тиісті инфрақұрылым тартып, қажетті шикізатты өңдеуге қолдау білдірмеуі – бөлек әңгіме» дейді депутат.
Оның сөзінше, мемлекет тері өңдеуге қауқарсыз болса, онда утилизация жағын қарастыру қажет. Мұндағы мақсат – халықтың сойған малының терісін бекітілген бағамен сатып алып, арнайы өртеу орнында өз талаптарын сақтай отырып жою. Жергілікті әкімдіктер осындай жұмысты қолға алғаны дұрыс. Тұрғындар да осыған үйренер еді.
«Расы сол, елдегі барлық тері өңдейтін зауыттың көп мәселесі кезінде шешілмеді. Айтылды, айтылды, аяғы сұйықталып кетті. Көп кәсіпорын қарызға батты, ондағы құрылғылар да ескірді. Айналым қаржысына қолдау мүлде болмады. Арнайы жеңілдікпен салықтан босату жағы да қарастырылмады. Осындай мәселелерді қайта қарастыра отырып, арзан, мейлі нөл пайызбен несие беру жағын ойластырсақ, әлі де өз жемісін беретін тері-былғары комбинаттары елде бар. Жұмыс жүргізуге әлі кеш емес. Дұрысы, мемлекет тері саласына барынша өзі кіріспей, жеңіл өнеркәсіптің жолы бола қоймас» дейді Анас Ахатұлы.
Бір анық нәрсе, елдегі тері өнеркәсібіне тірек болатын арнайы бағдарлама керек. Дұрысы, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту. Сала мамандарының да жоғарыда айтқан «желатин» немесе «протеин» шығаратын зауытты өзімізде салып, оған арнайы маман даярлауды айтып келе жатқанына көп болды. Былғарыға жарамдысы өз алдына, сапасы төмен теріні де жерге көмудің қажеті болмай қалады. Сонда ғана мал терісі далада жатпасы анық.
Ержан ҚОЖАС