Жаңалықтар

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

ҰБТ өткен бір жұма бойы талай талапкердің тағдыры шешіліп, бағыты бағдарланды. Осы сынақтан соң өмір­дегі басты қадам – мамандық таңдау мәселесі көп талап­кердің алдынан шығары анық.

Мамандық таңдау – өмірдегі маңызды қадамның бірі. Өміріңнің ажырамас бөлшегіне айналар істі таңдар алдында ойың сан-саққа жүгірері анық. Мамандықтың қыр-сырын жетік игеру, өз білім дәрежесін әрқашан жетілдіріп отыру – білікті маманның басты қағидасы. Жүрек қалауымен таңдалған мамандық – өмір тірегі.
Қазіргі таңда сұранысқа ие мамандарды дайындау – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Өзінің икемі мен қабілеті бар мамандықты игерген адам іс көзін табады. Әр ма­мандықтың өз қызығы мен шыжығы бар. Соның бәрін ұршықтай үйіріп әкете алатын, кәсібін тыңғылықты игерген маман – қазіргі қоғамда үлкен сұранысқа ие.
Алайда, кейбір мектеп түлектерінің мамандық таң­дардағы алғышарты жоғары жалақымен байланыс­тырылатыны өкінішті. Дегенмен, нарықтық заманда жалақының да елеулі орны бар. Ата-ана да баласының мамандық таңдар кезінде құқық қорғау, қаржы, заң саласын таңдауына ықпал жасайды. Ел тәуелсіздік алып, нарықтық экономикалық қатынасқа өтер алдында аудит, қаржы саласындағы мамандар үлкен сұранысқа ие болды. Бүгінгі күні өнеркәсіптің дамуымен техникалық мамандықтарға сұраныс артып отыр. Дамушы Қазақстанның өнеркәсіп саласында жаңа техникаларды игеру, оларды дұрыс қолдана білу жаңа мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бірақ, жастардың басым бөлігі техникалық, яғни дәнекерлеуші, электрик сынды мамандықтарға барғысы келмесі анық. Алайда, жоғары білімді деген аты бар дипломды алып, «екі қолға бір – күрек» таба алмай жүргендер қаншама?! Сол себепті нәпақасын өз мамандығынан өзге саладан тауып жүрген жастар саны көп. Бүгінгі таңда сұранысқа ие, қоғамға қажет мамандықты игерген жастың асығы алшысынан түсері мәлім. Сондықтан, «мамандығым – мақтанышым» деп айта алатын, өз ісінің хас шеберлері болып, қазақ елінің өркендеуіне үлес қосатын азамат болу үшін әуелі жаныңызға жақын, екіншіден, сұранысқа ие кәсіпті таңдаған дұрыс деп санаймыз.

Жанар САЛЫБАЙ,
ЕҰУ Журналистика және саясаттану
факультетінің 1-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button