Басты ақпарат

Мамандықты жүрек қалауымен таңдаңыз

Елімізде соңғы бес жылда тегін оқуға мүмкіндік көбейіп келеді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 8000-ға жуық 11-сынып оқушысы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жатыр. Дегенмен 10-11-сынып оқушылары қандай мамандық таңдарын соңғы сәтке дейін білмей жүреді. Жауабын сұрасаңыз, «жинаған балыма қарай көремін» деген жауап аласыз. Содан келіп жұмыссыз жастар көбейеді, маман тапшылығы мәселесі артады.

[smartslider3 slider=3015]

Биыл білім саласында өзгеріс көп. Салыстырып қарасақ, мемлекеттік грант саны айтарлықтай өскен. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 73 мың грант қарастырылып отыр. Студенттердің стипендиясы да екі есеге артты.

– Гранттарды министрлік өз бетінше бөлмейді. Оны үлестіретін арнайы әдістеме бар. Жұмыс берушілер, «Атамекен» палатасы және Еңбекпен қамту министрлігімен грант бөлу бағыты бойынша жұмыс істейміз. Олар бізге жетіспейтін мамандар бойынша мәлімет береді. Кейін нарыққа қажет және керісінше саны тым көп мамандар тізімі жасалады. Мұның алдындағы оқу жылында тек 3,5 мыңға жуық грант игерілмеді. Олар – нақты «Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінген гранттар. Ал жалпы конкурсқа берілген гранттар толықтай игерілді деп айтуға болады. Ең көп бөлінетін бағыттар – педагогика, IT және техникалық білім салалары. IT бағыты бойынша грантты екі есе арттырып, санын 9 мыңнан асырдық. Гранттардың көбін осы үш бағытқа бөліп отырмыз, – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі.

Статистикаға сүйенсек, 2021 жылғы үшінші тоқсанда 15-28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды құрап отыр. Қаладағы жастар жұмыссыздығының деңгейі ауылдық жерлерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Яғни ауылдағы жұмыссыз жастар үлесі 3,2 пайыз болса, қалалықтардың үлесі 4,1 пайызға тең екені белгілі болған. Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Алматыда (5,4 пайыз), одан кейін Нұр-Сұлтанда (4,6 пайыз) және Қарағанды облысында (4,3 пайыз) байқалып отыр.

Елімізде жастар арасындағы ­жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Алматыда (5,4 пайыз), одан кейін Нұр-Сұлтан­да (4,6 пайыз) және Қарағанды облысында (4,3 пайыз) байқалып отыр

Мемлекет тарапынан тегін оқыған жастардың жұмысқа орналасу деңгейін сұрағанымызда, 80 пайызы жоғары көрсеткіште деген жауап алдық. БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлының айтуынша, грант Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жергілікті атқарушы органдардың тапсырыстары негізінде жасалады.

– Сол болжам негізінде қандай мамандықтарға сұраныс көп, өңірлер бойынша қай мамандық тапшы, соның барлығы ескеріледі. Жыл сайын мемлекеттік грант негізінде білім алған түлектердің жұмысқа орналасуы 80 пайыз деңгейде. Кейбір өңірлер бойынша бұл көрсеткіш жоғары деп айта аламыз, – деді Ержан Әмірбекұлы.

PISA зерттеуін қарасақ, қазақстандық жасөспірімдер арасында дәрігер мамандығына қызығушылық жоғарылаған. Атап айтсақ, жалпы тәжірибелік дәрігер 2015, 2018, 2022 жылғы зерттеулер барысында ең жиі таңдалған. Сондай-ақ зерттеу нәтижесі жеткіншектердің педагог мамандығына да қызығушылықтары айтарлықтай артқанын көрсеткен. Мәселен, биыл оқушылардың 9 пайызы «жалпы білім беретін мектептегі мұғалім» мамандығын болашақ мамандық ретінде таңдады. PISA-2022 зерттеуінің нәтижесінде таңдаулы мамандықтардың алғашқы ондығына мына мамандықтар енеді деп күтілуде. Олар: «стоматолог», «тауар мен киім дизайнері», «ғимараттар мен құрылыс сәулетшісі», «спорт жаттықтырушысы, «нұсқаушы және спорт саласындағы маман», «психолог», «косметолог және олармен байланысты маман», «жарнама және маркетинг саласындағы маман», «графикалық және мультимедиялық дизайнер».

Алғаш рет қыркүйекте «Қолданбалы бакалавриат» қанатқақты жобасы басталады. Яғни 2-2,5 жылдай қысқа мерзімде практик маман даярлап шығуға мүмкіндік бар. Білім алған соң маман жұмысқа орналаса алады. 4 жыл тегін оқытқаннан гөрі бұл тиімді ме деп ойлаймыз. Білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы бұл жобаның нәтиже беретініне күмәнмен қарайды.

– Университеттең соң түлектер өз бетімен еңбек етуге ықыласы төмен. Ең алдымен оларға мектеп бітіргеннен кейін жауапкершілік алуды үйрету керек. Бакалаврды 2-2,5 жылға қысқарту дұрыс, дегенмен бұл барлық мамандыққа келмейді. Кейбір мамандықтарда алдымен білім мен дағды керек. Мысалы, электрик, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандарды даярлауға 2,5 жыл жеткілікті болуы мүмкін. Дәрігер, педагог, бағдарламашыларды дайындау үшін бұл аздық етеді. Бізде қалай да диплом алсам екен деп ойлайтындар көп. Бұл жоба солар үшін тиімді болып, тағы да жұмыссыз жастарды көбейтіп аламыз ба деп ойлаймын, – деді Өмір Шыныбекұлы.

Ұлттық Ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев түлектің мамандыққа махаббатын ояту керек деп есептейді.

– Түлектерді грантта оқытпас бұрын әрбір өңірдегі жұмыс ұсынушылармен ақылдасу керек. Сол кезде үшжақты келісімшарт орнатылады. Яғни мемлекет тегін оқытады, маман даярланады, өңірдегі жұмыс беруші жұмыспен қамтамасыз етеді. Нақты осындай қадамдар жасалса, нәтиже болады. Мемлекеттік грантпен түскен әр түлекке осыны міндеттеу керек. Қанша маман нақты жетпейді, анықтап бөлсе, мемлекеттік гранттың есебі де шығады. Мысалы, педагогикада оқиды да, басқа салада жұмыс істейді. Жауапкершілік жоқ, мемлекеттің ақшасы ауаға шашылады. Бұдан соң ешқандай тәртіп болмайды. Жауапкершілігі жоқ маманнан біз ештеңе ұтпаймыз. Сосын жалпы бізде түлектермен қатар, ата-аналар да «әйтеуір бір диплом алса болды» деп ойлайды. Ал бұл – ең қасіретті нәрсе. Дипломға деген махаббатты жойып, мамандыққа деген махаббатты оятуымыз керек.

Қазір оқушылар үшін профориентолог деген маман бар. Яғни мектеп бітіруші түлектен тест ала отырып, қарым-қабілетін анықтайды. Соған сай мамандығын да анықтап береді. Бұл әдіс қазіргі соңғы сәтке дейін ойланып жүретін болашақ мамандар үшін тиімді. Себебі жыл өткен сайын адам күшін қолданатын мамандықтардың орнына жаңа технология, автоматтандыру саласындағы мамандықтар пайда болуда. Бұрынғыдай саусақпен санап беретін мамандық жоқ. Тіпті сарапшылар болашақта бухгалтер, кітапханашы, даяшы, банкир, курьер және көлік жүргізушісі мамандығы жойылып кетуі мүмкін екендігін айтуда. Елімізде профориентолог маманның консультациясы 50 мың теңгеден басталады. Осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар профориентолог Жадыра Нұрбайқызының айтуынша, қазір IT және медицина саласы маманы, мұғалім, архитектор, үй интерьері дизайнері, сату менеджері, SMM-маман, инженер мен HR-маманы сұранысқа ие.

– Сұраныстағы мамандықтарды оқу мақсат емес, бірақ сұраныстағы маман болу керек. Оқушылар мектепте бірінші бейінді пән таңдайды. Одан кейін ҰБТ тапсырады. Артынша, ЖОО-ға құжат тапсырар тұста бейінді пәнге сәйкес келетін мамандықты белгілейді. Бұл жерде ең маңызды мамандық таңдауды кейінге қалдырады. Осылай қателесіп, өмір бойы уақытын босқа өткізеді. Мамандық адам өмірінің 3/1 бөлігін құрайды. Өйткені уақытымыздың 8 сағатын мамандық бойынша жұмыс істеуге арнаймыз. Жалпы баланы мамандық таңдауға ерте жастан бейімдеу керек. 6-7-сыныпқа көшкенде қандай пәнге қызығатынын, бейімі барын байқау маңызды. Арнайы салаға бейімдейтін мектептер баланы 6-сыныптан бастап қабылдайды. Осы жаста таңдау жасау үшін профориентолог оқушыға сұрақ қойып, тест алып, әңгімелеседі. 5 квалификация бойынша баланың бейімін анықтайды. Соған сай мамандық тізімін ұсынып, белгісіз мамандықтың сырын ашады, – деді профориентолог Жадыра Нұрбайқызы.

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button