Жаңалықтар

Мәмілегерлер бедел алып келеді

Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық бірыңғай медиация күніне орай «Ашық есік» шарасын өткізді.

Медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Бұл шара заңда нақтыланған медиацияның мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге және дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей тиімді шешуге бағытталған.
Астана қаласының әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұр-Ахмет Досмұхаметтің пікірінше, медиация ұғымы қазаққа жат емес. «Біздің ата-бабаларымыз бұрыннан дау-дамайды өзара келісіммен шеше білген. Ал бүгінгі медиация қызметінің мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын, даукестік деңгейін төмендететін өзара тиімді бейбіт келісімге келтіру. Медиация барысында «кінәлі» және «кінәсіз» деген жақ болмайды» деді ол.
Медиация күніне орай Астана қалалық әкімдіктерінде, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалында, одан бөлек, халыққа қолайлы болу мақсатында «Астаналық базар» сауда үйінің фойесінде кәсіби медиаторлар ақысыз қызмет көрсетіп, халыққа медиация қызметі бойынша кеңес берді.
Осы күні Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдіктерінде кәсіби медиаторлардың, Ардагерлер кеңесі мүшелерінің, ПИК төрағаларының, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мамандарының қатысуымен осы аудандарға қарасты тұрғындарға арналған жиын өткізілді.
Қазақстанда 2011 жылы 5 тамызда Медиация туралы заң қабылданды. Сол уақыттан бастап жыл сайын республикалық бірыңғай медиация күні өткізіліп келеді.
Бүгінде елімізде қоғамдық медиаторлардың саны 3169-ға жетті. Үстіміздегі жылдың 5 айында 9213 өтініш келіп түсіп, оның 3046-сы медиациялық кеңеспен шешімін тапқан.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button