Әлеумет

«Мамонтқа» қарсы тұра аласыз ба?

Осыдан біраз жылдар бұрын жапон психологтары қызметкерлердің жан күйзелісін, бойындағы стресті жою үшін бас­тығының келбеті салынған қуыс қуыршақты соғуға рұқсат берген болатын. Демек, Жапония­да да жаман бастық жоқ емес. Оларға іштей кіжініп, сыртынан жұдырығын түйіп жүргендерге осы әдіс оңынан келіпті. Күнде кешкісін жұмыстан шыға салысымен қуыс қуыршақты соққылап, іштегі қыжылын басады екен. Ал ертесіне айызы қанған қызметшілер түк болмағандай басшысына көзінің қиығымен қарап,
жұмысын жалғастыра берген.

Десе де, жапондардың қуанышы көпке созылмаған. Өйткені соққыға жығылған қуыршақтардың шын иелері бірінен соң бірі дертті болып, көбісі жасына жетпей көз жұма бастаған. Бұл құбылысқа таң қалған мамандар тікелей байланысты «таяқ жеген» қуыршақтан көріп, онымен ойнауға тыйым салыпты. Себебі шартты түрде болса да, нашар энергияның күйретуші күші бары қайғылы жайтпен дәлелденген.
Жаман энергия дегеніміз – бүгінде жүйкемізді діңкелетіп жүрген, жанымызды күйзелтіп жүрген ғылыми тілмен айтқанда, стрестің бір атауы. Ал мұхиттың арғы жағындағылар мұны қатерлі дерт деп санап, жаңа ғасырдың эпидемиясы екенін мойындап отыр.
Сөзіміздің дәлелі ретінде жақында ғана әлеуметтік желілерді айналып өткен бір жайтпен бөлісейік. Осы жылдың наурызында Лондонның орталығында биік ғимараттың шатырының шетінен төменге секіргелі тұрған 84 еркектің мүсінін орнатып қойыпты. Мұның бәрі – 45 жасқа дейінгі азаматтардың сұлбасы. Олардың пошымын идея авторы Марк Дженкинс дүниеден өткен өзінің жақын достарының бейнесінен алыпты.
Егер нақтылай кетсек, бүгінгі күнде Ұлыбританияда аптасына 84 адам өзіне қол жұмсайды екен. Олардың дені – еркектер. Ұйымдастырушылардың батыл қадамы ер-азаматтардың денсаулығына мән беруге шақырса да, біз бәріне ортақ мәселені алға тартқымыз келеді.
Осы орайда тәжірибелі психолог Айқын Дүйсенбаевтың мына пікірін толықтай бергенді жөн көріп отырмын. «Стресс деп іштегі қорқыныштың, қобалжудан туындаған жаныңызға жайсыз жайттардың қордаланып, іштегі беріштің ұлғая түсіп, жүйкенің тозуын айтады.
Жалпы алғанда, адам баласының жаратылысы өзгерген жоқ. Антропологтар көне замандарда ағашқа тас байлап, мамонтқа қарсы шыққандарды арғы аталарымыз деп сендіреді. Бүгінгі күннің психология саласы ғалымдарының көзқарасымен айтқанда, олар стрес­тің не екенін мүлдем білмегендей. Себебі алғашқы адамдардың бойын қорқыныш билеп, әдеттегі тірлігіне күйзеліп жүйкесі жұқарса, олардың ұрпағы біздер, бүгінгі күнге жетпес едік қой. Қисынды. Онда заман алға озған сайын, осы стрестің адамның ең әлсіз тұсына айналуы не себептен? Көбіміз осы індеттің алдында әлсіз сезініп, дәріханаға жүгіреміз, одан қалды емхананы жағалап, ауруымыз асқына түссе, ауруханадан бір-ақ шығып жатамыз.
Іштегі үрейді жеңу деген не? Бір ғана мысалдың төңірегіне түсіндіруге тырысайын. Тас дәуірдің адамдары жабайы жануардан, мысалы үшін мамонтты алайық, бас сауғалап қашып, қауіпсіз жерге жеткенде ентігін басып дұрыс тыныстайды. Сол тыныс алуы арқылы қорқынышты басып, түк болмағандай аңшылық жолына қайта шыққан. Яғни, бүгінгі күнде ұмытыла бастаған қозғалыс, кең тыныс­тап жүгіріп, серпілу арқылы ертеңгі күнге күш жинаған.
Одан бері заман өзгерді. Адамның тұрмысы жақсарды. Жаратылысы да өзгерді. Енді олардың бір кездері «мамонтқа» қарсы тұратын күш-қайраты қайда кетті деп таң қаласыз. Қазіргі стресс «мамонттан» кем емес, түрі жаман, мүйізі айқасқан, жүні жалбыраған бір үрей иесі. Оны сезініп те, одан қашудың да жолын білу керек. Оны ішіңізде бүкпей, уайымыңызбен бөлісіп, мұны тіршілік етудің бір амалының салдары деп ұғына білу керек».
Сөзіміздің басында, жапондық басшылар туралы бекер айтқан жоқпыз. Егер адамның жаман ойы алыстағы адамның басын жұтса, онда осы ойды жақсылыққа аударып, жақсы ойлап, жүректегі ашу-ызаны тек жылы сөз, жарқын оймен алмастырсақ, оның да күші ұшан-теңіз. Жаманның да жағымды жағын көре білу де кеңдікке жатады. Оның әсері өзіңізді де тазартады. Стресс эпидемиясына бірден-бір дауа – жақсы ойлап, жаныңызды таза ұстау. Қазақ «жақсы сөз жарым ырыс» деп бекер айтпаған.
Психологтың қозғалысқа қатысты сөзіне ешкім қарсы емес шығар. Елордалықтардың орта жастан асқандарының дені, жастарымыздың басым көп­шілігі аз қозғалып, көп ойлайтын қызметте жүр. Қозғалыстың қадірін білетіндер кешкісін фитнес залдарын толтырады. Саламатты өмір салтын таңдағандардың да саны артып келеді. Дегенмен, әлі де болса, жаны саудың дені сау деген ұғымды насихаттаудың артығы жоқ. Әр адамның денсаулығы мен өмірге көзқарасын түзетіп, қоғамымызды ізгі адамдардың мекеніне айналдыруға талаптанған жөн.
Біз көп емеспіз. Әрқайсымыз­ға арналған жағымды ой, жақсы тілек жаңғырып келіп, өзіміздің жолы­мыз­ды ашатынын түсінейік.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button