Мәдениет

МАМЫРДА ФОРТЕПИАНО САЗЫ МАМЫРЛАЙДЫ

Есімізде болар, өткен жылдың қыркүйегінің ортасынан ауа жас пианистердің «Astana Piano Passion» І халықаралық классикалық музыка­ фестивалінің таныстырылымы­ өткен. Ал, фестиваль­ аясында біздің бас шаһарымызда жас пианистер байқауы ұйымдастырылады. Жобаны қолға алған – Астана қаласының әкімдігі мен «Accordi di Astana» қоғамдық қоры. Көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі, классикалық музыка­ саласында даңқы әлемге жайылған жұлдыз, пианист Денис Мацуев. Елең еткізері сол, бұл фестиваль­ еліміздің ғана емес, Орталық Азия аумағында мәдениет саласындағы айтулы оқиғалардың біріне айналды!

Алғашқы сыннан отыз-ақ­ үміткер алынады

Енді өнерсүйер жұртшылықтың сұранысына орай, бірегей шара жөнінде жиған-тергенімізді тізбелеп көрелік…

10-16 мамыр. «Astana Piano Pas­sion»­ халықаралық жас пианистер додасы. Есілдің жағасында фортепи­ано­­ сазы қалықтайды. Астананың әлем­нің талаптарына жауап бере ала­тын үздік концерт залдарында жас пианистер байқауынан тыс әйгі­лі музыканттардың қатысуымен клас­си­калық музыка концерттері, сондай-ақ,­ қазылар алқасы мүшелерінің ше­бер­лік шыңдау сыныптары және өнер майталмандарымен кездесулер өтпек.

Шараның мұраты – фортепиано­ өнерінде жаңа дарындарды анық­тап,­ елімізде ұлттық фортепиано мектебін қалыптастыру. Сондай-ақ, музыкалық білім беретін мек­теп­тер­де­гі фортепиано бөлім­дерін­де кәсіби оқыту деңгейін арттыру екен.

Қатысушылардың өнерін баға­лай­тын қазылар алқасының құра­мын­да Қазақстанның, Қытай Халық­ Республикасының, Оңтүстік Корея­ның,­ АҚШ-тың, Еуропаның және Ресейдің музыка саласындағы белді, беделді өкілдері бар көрінеді. Ал, жал­пы жүлде қоры – 5000 доллар!

Музыка аламанының қатысушы­ла­ры іріктеу турының қорытын­ды­сы­мен анықталады. Оған үш құр­лық­тың Армения, Австрия, Австра­лия, Вьетнам, Қытай, Сингапур, АҚШ, Ресей, Украина, Қазақстан секілді жер-жаһанның жиырма елінен жүз­ отыз үміткер қатысып, өздері орын­­даған шығармаларының бей­не­­жаз­басын қазылар алқасының талқы­сына ұсынды. Қорытынды 30 наурыз күні белгілі болмақ еді. Бірақ, қаты­сушы­лар­дың өтінімдерін мұқият қарауға және жіберілген бейнежазбаларды егжей-тегжейлі талдауға көбірек уақыт қажет. Осыған байланысты, ұйымдастырушылар қорытындыны жариялау күнін 8 сәуірге дейін ұзар­та­тынын хабарлады.

Жаңа жүз отыз үміткер бар дедік, алайда, бірінші турға отыз ғана жас музыкант өтпек. Олардың бәсекесі 10 мамырда басталады. 13 мамырда бай­қау­дың нәтижесін еститін боламыз. Ал, 16 мамырда – Қазақстаннан және әлемнің басқа да елдерінен дарынды балалар қатысатын жас пиа­нис­тер байқауы қазылар алқасы мүше­ле­рі­нің қатысуымен өтетін гала-концерт! «Қазақстан» орталық концерт залында!

Мацуевтің музыкасын тыңдаймыз

Жас пианистердің бірінші ха­лық­­ара­­лық «Astana Pia­no­­ Pas­sion» бай­қауы­ның http://astana-app.kz ресми сайты әлеу­мет­тік же­лі­лердегі музыка­ны­ құр­мет­теу­шілердің ең көп кіретін пор­тал­да­ры­­ның­ біріне айналды. Сонымен­ қатар, байқауды ұйымдастыру коми­теті­ қа­зақ­стандық алғашқы мәде­ни­-танымдық «Мәдениет» теле­­ар­­на­­сы­нан шараның күнделікті ты­ныс-тіршілігін көрсетуге арналған бағ­­дар­­ла­­малар сериясын жасауға қол­ жеткізді. Екі ай бойы әр апта сай­ын көрермендер эфирден жас му­зы­кант­тар­дың даярлықтарын, жат­ты­ғу­ла­рын, басқа да сәттерін көре алады.

Шараның бағдарламасына енген шығармалар тізімі үміткерлердің туындыларды еркін таңдауына кеңі­нен­ жол ашты. Олар бірден он үш шығарма таңдай алады. Мақтанып айтатын тұсы, қатысушыларға қазақ жұртының ұлттық музыкасымен тере­ңі­рек танысуы үшін Ғ.Жұбанова, А.Нұрәлиева, Ө.Несіпханов, Ғ.Секеев, Т.Әбдірашев, Б.Хасанғали сын­­ды композиторларымыздың шы­ғар­­ма­­ларының ноталары ұсынылды.

Астанадағы классикалық музыка­ ап­та­лы­ғының ауыз толтырып айтар­лық­тай шарасы Ресейдің халық әр­тісі Денис Мацуев пен еңбек сіңір­ген әртісі Павел Нерсесьянның тың­дар­ман­дары мен жас музыканттарды­ қуанту үшін әзірлеген бірегей кон­цер­ті болмақ.

Жарты әлемнің назары – біз жақта

Жарты әлемнің мойнын бұр­ғы­­зып, музыкасүйер жұрт­ты­ тамсан­ды­рып отырған “Astana Piano Pas­sion” бай­қауы жөнінде пікірлер ле­гі­ әл­ден­ жиі айтылуда. Әсіресе, му­зы­ка ма­ман­да­ры­ның аузынан шық­қан сал­мақты, салиқалы ойларды оқыр­ман­­да­­ры­­мыз да оқығаны дұрыс. Мә­се­лен, Ирландия корольдік музы­ка­ академиясының, Shenandoah кон­сер­ва­то­рия­сының (Вирджиния,­ АҚШ) және Showa музыкалық ака­де­мия­сының (Жапония) профессоры Джон О’Конор бүй депті: «Мені ал­да­ғы байқауға қыруар қар­жы бө­лін­гені қуантып отыр, өйт­ке­ні жас­тар­ға білім алуын жал­ғас­ты­ру үшін ең қажеттісі – қар­жы­лай қолдау… Көптеген жылдар­ бойы халықаралық пианистер байқау­ла­­рын­­да Қазақстан мен ТМД елдерінен қатысқан жас пиа­нис­тер­ге төрелік еттім. Олардың бойын­дағы жағымды қасиет, техни­ка­сын­дағы тиянақтылық, ұстаз­да­ры­ның осындай керемет шеберлікке бау­лығаны, әртүрлі музыкалық стиль­дер­ді меңгергені және жас бола тұра өзіне сенімділігі мен дарындылығы таңқалдырды.

Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым болмақ. Сондықтан, бай­қау­ бас­та­лар күнді тағатсыздана күтіп отырмын. Дублиндегі Ұлттық сим­фо­ния­лық оркестрдің бас дирижері Алан Бөрібаев – Қазақстан азаматы, ол маған Қазақстан жайлы көптеген қызықты жайларды баяндап берген. Бұл сапарымда өзіме қажетті тың дүниелерді аларыма сенемін».

Енді өзіміздің Жәния Әубәкіро­ва­мыз.­ Қазақтың мәдениеті мен өнерін әлемдік сахналарда паш етіп жүрген пианист «Бүгінгі күні байқауларда жеңіске жеткен музыкантқа карьерасын дөңгелетіп әкетуге жағдай жасала бермейді» деп көкейіндегісін ақ­та­рып­ты. «Шетелдік орындау­шы­лар­ мен қазақстандық пианис­­тер­дің мүмкіндіктері бірдей. Өйт­ке­ні, қазақстандық сазгерлердің шығар­ма­ла­ры да әлемдік классикалық туынды­лар­ іспетті орындаушының бойында кәсіби қасиеттердің болуын талап етеді. Мұны домбырада ойнау неме­се ұлттық репертуардағы әндерді орын­даумен әсте шатастыруға бол­май­ды, бұл жердегі фольклорлық екпін, мәнер, дәстүр – барлық ел­дер­ге ортақ. Оның үстіне байқау бағ­дар­ла­масында көрсетілген қазақ сазгер­лерінің шығармаларын әлем жұрт­шы­лығы әлдеқашан мойындаған әрі халықаралық сахналарда талай рет орындалды» дейді Жәния.

Қазылар алқасы мүшелерінің бірі Мириан Даульсберг – Рио де Жа­ней­ро музыка академиясының про­фес­соры және Dell’Arte мәдени қоры­ның президенті. Сорбонна музы­катану саласында доктор дәрежесі бар му­­зы­кант қазақстандық жас пиа­нис­­тер жайлы білгісі келетінін ай­та­ды. «Қазылар алқасына мүше болғанымның бірінші себебі – осы» депті ол. Мириан біздің елге қызы­ға­ты­нын да жасырмаған: «Денис Мацуев ұйымдастырушылардың же­тек­шісі екенін естігенде, бұл байқауға көптеген жас дарын иелерінің қаты­са­ты­нын түсіндім.

Қазақстанға алғаш рет келемін, табиғаты сұлу екендігінен хабарым бар.­ Бұған қоса, қазақ халқының қонақ­жай­лылығы мен үлкендерге құр­меті жайлы да көп естимін. Тағы бір естігенім, Астана қаласында әлем­де­гі ең үлкен шатыр – «Хан шатыр» бар…
Қазақстанның сазгерлерін танымаймын, қазіргі кезде мен байқауда орындалуы тиіс Жұбанованың, Мең­ді­ғалиев­тің, Қажығалиевтің, Әбді­ра­шев­тің және басқа да компози­тор­лардың шығармаларын зерттеп жатырмын».

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button