Маңдайша мен мәзіріміз қашан түзеледі?
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/whatsapp-image-2025-02-13-at-11.58.12-2-780x470.jpeg)
Соңғы жылдары Қазақстан қалаларында қытай тілінде жазылған дүкен атаулары мен жарнамалық маңдайшалар көбейді. Бас қала – Астананың өзінде маңдайшалар қытай, орыс тілдерінде жазылған асхана, дәмхана аз емес. Ас мәзірін де қытайша немесе орысша жазып, қабырғасына сол ұлттардың мәдениетін насихаттайтын сан түрлі жарнаманы самсатып іліп тастаған ол асханаларға кірсең, Қазақстанда емес, Қытайда, Ресейде жүргендей күй кешесің. Бұл құбылыс қоғамда әртүрлі пікір туғызып, кейбір азаматтардың наразылығын қозғауда. Әсіресе әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу талқыланып, «мемлекеттік тілдің мәртебесін мемлекет қорғамай ма?» деп Тіл басқармаларына шүйлігіп жатыр.
Көзі үйренсе, бойы да үйренеді
Қытай тіліндегі маңдайшалардың көбеюі бірнеше факторға байланысты екенін ескерген жөн. Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынастың артуына байланысты қытайлық кәсіпкерлер мен инвесторлар елімізге көптеп келе бастады. Олар өз бизнесін жергілікті халыққа насихаттап, кеңінен таныстыру үшін өз тіліндегі маңдайшаларды пайдаланып жатыр. Әрине, олар маңдайшаға қатысты талапты білмей отырған жоқ, қай елге барсаң да, маңдайшалардың сол елдің Тіл туралы заң талаптарын сақтай отырып жазылуы керек екенін жақсы біледі. Өйткені қытайлық кәсіпкерлердің санасына Қытайдың дәл сондай қатаң заң-талабы әбден сіңіп кеткен. Ендеше олар неге Қазақстанға келіп, «жүрісінен» жаңылды? Оған да өзіміз кінәліміз. Өйткені Тіл туралы заңның талаптары жиі бұзылатын және құзырлы орындар сол талаптарды сақтау қатаң қадағаланбайтын елде шетелден келген келімсектер тілімізді көзге ілмейді де, қалаған тілімен, қалаған жазуымен жаза береді. Әйтпесе көшелердегі шетел атауларынан ат үркетін деңгейге жеткенімізді, орысша жазғаны аздай, енді басқа тілдегі маңдайшалықтар көбейіп, тілдік нормалар сақталмай жатқанын тілшілер қауымы таңдайы тозғанша айтып келеді. Бірақ соны ескеріп, екінші рет болғызбайтындай қайырлы қадамға қазірше ешбір құзырлы орган бара қойған жоқ. Оның үстіне, қытайлардың өз кәсіптік нысанының маңдайшалықтарын қытайша жазып, жапсырмасына қытайша жазылған тауарларын Қазақстанға әкеліп, аудармасыз, қазақ тіліндегі түсіндірмесіз сатып отыруының астарында «көзі үйрене берсін», «осылай істесек қайтер екен?» деген пиғыл жатыр. Мәселен, біз осыдан бұрын балалардың денсаулығына аса қауіпті Қытайдан келген қоқыс тағамдардың Қазақстанда емін-еркін сатылып жатқанын және оның Тіл туралы заңның нормаларын өрескел бұзғанын, жапсырмаларында қазақ, орыс тілдерінде түсіндірмелер жазылмағанын айтып дабыл қақтық. Біздің бұл үніміз Парламентке дейін жетіп, депутаттар үн қосқаннан кейін Бектенов басқарған Үкімет мәселені шешеміз деп уәде берген. Содан бері 2 жыл өтті, қоқыс тағамдар әлі сатылып жатыр. Керісінше, тіпті көбейіп кетті. Қытай тілінің Қазақстан «нарығына» жайлап еніп келе жатуының тағы бір себебі еліміздегі кейбір жергілікті кәсіпкерлер қытайлық туристер мен бизнес өкілдерін тарту мақсатында осындай қадамға барып жатыр. Қытайлықтар Қазақстанның кейбір аймақтарына сауда-саттық үшін жиі келетінін ескерсек, бұл маркетинг қадамы болуы да мүмкін. Алматы әуежайындағы электронды жүгіртпе тақталарда өткен жылдың соңынан бастап қытай тілінде жазулардың пайда болғаны – соның дәлелі.
Тіл туралы заң не дейді?
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңына сәйкес, барлық жарнама мен маңдайша, ең алдымен, мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Егер қосымша басқа тілдер қолданылса, олар қазақ тіліндегі мәтіннен кейін және көлемі бойынша одан кіші болуы шарт. Ал Қытай тауарларын сататын дүкендер мен асханаларда қытайша жазулар бірінші орында тұр немесе қазақ тілі мүлдем жоқ. Бұл – Тіл туралы заңды өрескел бұзу ғана емес, мемлекетті сыйламаудың да көрінісі. Ең алдымен, бұл – Қазақстан Республикасының Конституциясын белден басу. Аталған заңның 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген норманы елемеу.
«Тіл туралы» заңның 21-бабында «меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады. Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады» деп анық жазылса, осы заңның 21-бабында: «егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады. Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi» деп белгіленген. Сондай-ақ осы заңның 24-бабында: «деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілік арқалауға әкеліп соғады» делінген. Ендеше осы заңдарымыз қайда қалды? Оны бақылап отырған мекеме бар ма өзі? Егер кім көрінген келіп, біздің елде өз тілін емін-еркін насихаттап, қазақ тілін көзге ілмесе, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болғанынан не қайыр?!
Қоздаған қоғамдық пікір
Қытай тіліндегі маңдайшаларға қатысты көзқарастарға келсек, жұрттың біразы мұны Қазақстанның тіл кеңістігіндегі қауіп деп бағалайды. Егер бір мемлекет өз мемлекеттік тілінің мәртебесін қорғамаса немесе оны дамытуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмесе, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы барған сайын тарылып, өзге тілдердің көлеңкесінде қалып, біртіндеп қолданыстан шығады. Бұл – жаһандану жағдайында басқа үстем тілдердің (ағылшын, орыс, қытай және т. б.) ықпалы күшті елдерде байқалып отырған жағдай. Оның үстіне, тіл – ұлттың басты белгісі. Егер мемлекеттік тіл әлсіресе, ұлттың рухани тұтастығы да шайқалады. Азаматтар арасындағы ортақ құндылықтар мен ұлттық сана әлсіреп, қоғам ішіндегі мәдени ажырау күшейеді. Сосын да мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғауды талап еткен азаматтар түрлі мекемелерге, оның ішінде жергілікті әкімдіктер мен Тіл комитетіне шағымдар түсіруде. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеріп, нақты іс-шаралар қабылдауды сұрауда. Олардың ойынша, мұндай тенденцияның жалғаса беруі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын тарылтып, ұлттық бірегейлікке кері әсерін тигізеді. Екінші тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілді дамытпау белгілі бір топтардың мемлекеттік тілден алшақтауына әкеледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке орналасу, құқықтық құжаттарды түсіну, ресми ақпаратқа қолжетімділік секілді мәселелерде теңсіздікті тудырады.
Керіспен емес, әдіспен шешейік
Тіл мәселесі – кез келген ел үшін сезімтал тақырып. Егер билік мемлекеттік тілге көңіл бөлмесе, бұл халықтың наразылығына себеп болуы мүмкін. Кейбір этникалық немесе лингвистикалық топтар арасындағы келіспеушіліктер артып, саяси тұрақсыздыққа әкелуі де ықтимал. Егер мемлекеттік тіл тиісті деңгейде қолданылмаса, ғылым мен білімнің дамуы шетелдік тілдердің ықпалына ұшырайды. Бұл жағдай ұлттық білім беру жүйесінің шетел тіліне тәуелділігін арттырып, елдің интеллектуалдық әлеуетін әлсіретеді. Сосын да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы керек» деп үндеу тастаған жоқ па?!
Мемлекеттік тіл – елдің болашағы, рухани тұтастығы мен дербестігін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Егер мемлекет оны қорғамаса, қоғамдағы ұлттық бірегейлік әлсіреп, тілдің жоғалу қаупі артады. Бұл үрдіс бірнеше ұрпақтан кейін ұлттық тілдің толықтай жойылуына әкеліп, елдің мәдени, саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығына теріс әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеде мемлекет тарапынан нақты бақылау мен заң талаптарын күшейту қажет. Жергілікті әкімдіктер, Тіл комитеті және басқа да тиісті органдар заң бұзушылықтарды анықтап, тиісті шара қолдануы тиіс. Сонымен қатар кәсіпкерлерге мемлекеттік тілді құрметтеу, оны жарнамалар мен маңдайшаларда дұрыс қолдану қажеттігін түсіндіру керек.
Аудармаң да ақсап тұр
Өткенде әлеуметтік желіде тараған бір бейнежазбада тіл жанашырларының «неге қазақ тіліндегі аудармасы жоқ?» деген сұрауына асхана қожайынының «ас мәзірін қазақша жазайық десек, қазақ тіліндегі аудармасы жоқ екен» деп жауап бергені үлкен бір шындықты аңғартып тұр.
Белгілі бір зат атауының бір ұлт тілінде болмауы – оның сол ұлттың тұрмысымен қатысы жоғының, яғни өндіріс-тұрмыста қолданылмағанының дәлелі. Өкінішке қарай, біз қазір көженің атын да көршіден көшіріп отырған елміз. Қаншама атауды орысша алып жүрміз. Мәселен, қазір Қазақстанның көп асханасында «мәнпәр» деген тамақ бар. Ішіп көрсеңіз білесіз, ол – қазақтың кәдімгі жұлма көжесі. Бірақ сол атауды алмай, қытайдың «面片儿» деген сөзін тіке аударып алған қазақтарға не айтуға болады? Ол аздай, қазақшасын қайырып қойып, палауды – плов, ботқаны – каша, күрішті – рис, ірімшікті – сыр, тоқашты – лепёшка, сорпа мен сұйық тағамды суп деп соғып жүрген қазақтар енді қытай тағамын да өз атауымен атай бастады. Тек мәнпәр ғана емес, қытайдың дапанджи, гуйру лағман деген сияқты атаулары алдымен «қытай кафелеріне» келіп, одан кейін бүкіл қазақ тіліне қарай дендеп кіріп бара жатқаны байқалады. Бұл тағам аттары бізге таңсық көрінгенмен, баспа-бас аударсаң, дапанджи – табақтағы жуан тауық еті, гуйру лағман – қуырылған ет қосылған лағман деген сөз. Бірақ оған назар аударып, «мынаның қазақшасы қалай?» деп ешкім сұрап жатпаған соң, біреу өресі жетпей солай жазса, енді біреулер әдейі жазып жатыр. Бұл былай қарағанда жай іс сияқтанғанмен, түбін қуғанда, қазақ тілін қорғап, қолдайтын, атау-терминін қадағалап отыратын құзырлы орындардың жоғын, болса да қазақ тіліне құлықсыздығын және қазақ тіліндегі терминология қорының толық қалыптаспағанын немесе жүйеленбегенін көрсетеді. Екінші тұрғыдан алғанда, ас мәзірінің қазақша баламасының жоғы – қазақ тілінде қызмет көрсетуге деген немқұрайдылықтың белгісі.
Көп жағдайда бизнес өкілдері, мейрамхана иелері және қызмет көрсету саласы қазақша мәзірді қажет деп санамауы мүмкін. Бұл – қазақ тілді тұтынушылардың құқығын шектеу және мемлекеттік тілдің маңызын төмендету.
Тек қытай тіліндегі тағамдар ғана емес, көптеген жаңа ұғымдар қазақ тіліне аударылмай, орыс тілінде немесе басқа тілдерде қабылданып жатыр (мысалы, меню, бургер, паста, латте, т. б.).
Мұндай жағдай қазақ тілінің шет тілдердің ықпалында қалып, өзіндік ерекшелігін жоғалтуына әкелетінін ерте бастан ескеруіміз керек. Сондықтан мемлекеттік терминология комиссиясы немесе басқа да лингвистикалық мекемелер жаңа терминдерді бекітіп, оларды кеңінен насихаттауы қажет. 30 жылдан бері елорда мен ірі қалаларымызда көпшілік тамақтандыру орындарында ас мәзірін міндеттеп қазақ тіліне аудара алмау – тіл саясатының, ұлттық сана мен мәдени ықпалдың үлкен проблемасының айқын көрінісі. Бұл мәселені шешу үшін тілге деген сұранысты арттырып, оны күнделікті қолданыста белсенді түрде дамыту қажет. Әйтпесе қазақ тілі тұрмыс деңгейінен аса алмай, тек шектеулі аяда ғана қолданылатын тілге айналуы мүмкін.
Тіл тек ғалымдар мен лингвистер қалыптастыратын дүние емес, ол күнделікті өмірде қолдану арқылы дамиды. Қазақша мәзір жасауға сұранысты арттыру үшін тұтынушылар өз құқығын талап етуі тиіс. Бірақ ол айқаймен емес, еппен, заң тұрғысынан түсіндіру арқылы шешілетінін әрбір қазақ азаматы естен шығармағаны дұрыс.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ