Қала мен СалаМәдениет

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» МҰРАТЫН БАЙРАҚ ЕТІП…

МӘҢГІЛІК ЕЛ

Бұрнағы күні «Конгресс-Холл» сарайында­ Астана күні мерекесіне арналған «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» мүшәйрасында ат оздырған ақындар марапатталды. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен жыр додасына еліміздің түкпір-түкпіріндегі және Қытай Халық Республикасы мен Моңғолиядағы қандастарымыз, барлығын қосқанда 60-тан аса ақын бабы мен бағын сынап көрді.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп ұлы Абай айтпақшы, қазақ өлеңсіз ешқашан ғұмыр кешкен емес. Жазба мәдениетіміз VII-VIII ғасырлардан бастау алатынын дәлелдейтін Күлтегін ескерткішіндегі мына жолдардың өзі өлең емес пе?!

Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым,
Қара терімді төктім
Қызыл қанымды жүгірттім
Түркі халқы үшін.

ХV ғасырда – Қазақ хандығы құрылған уақыттан бері қарай Күлтегіннің ерліктерін ұрпақтарға жеткізген Иоллығтегіннің үрдісін Асан қайғы, Сыпыра, Шалкиіз, Қазтуған, Ақтамберді, Бұқар, т.б. жыраулар, Махамбет жалғастырды. Осыларды оқысаңыз жырларында елдіктің, ерліктің рухы атойлап, қазақ қамы жеке бастың мүддесінен жоғары тұрады.

Қазақ жырын биікке көтеріп кеткен ХХ ғасыр болды. Осы кезеңде түркілік рухымыздың өшпеуіне Мағжанның, Сұлтанмахмұттың, Қасымның, Мұқағалидің, Жұмекеннің, Жұматайдың, Кеңшіліктің жырлары септігін тигізді. Ал, ХХІ ғасыр ақындарының тегеуріні қандай? Оны «Мәңгілік ел» мұратын байрақ еткен» (мүшәйраның екінші орын жүлдегері Абзал Бөкен) ақындар додасынан байқадық.

Жүлдегер ақындар оқыған өлеңдердің арасында асылы да жасығы да кездесті. Солтүстіктегі көршімізден үлгі алып жүретініміз бар, ендеше, «төрешімен даулас­пайды». Қазылар алқасының мүшесі, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы, мүшәйра ұйымдастырушысы Несіпбек Айтұлы да: «Жүз ойланып, мың толғанып шешім шығардық. Кейде бұл шешімнің мүлт кететін тұстары болады. Әркімнің талғамы, танымы бөлек, сондықтан барынша әділ болуға тырыстық» деген еді шараның ашылуында.

Өзіміздің талғамымызға салсақ, мүшәйраның үшінші орын жүлдегері, танымал ақын Рафаэль Ниязбектің «Қай ел шықса шындықтың ақ шыңына, Сол ел мәңгі ел болып қалады» тармақтары жүрегімізге жылы тиді. Тағы бір үшінші орын иегері, жезқазғандық ақын Кенжебай Ахметовтің «Мейірленсе, мұз еріп,Қаһарланса, қар көшкен» деген жолдарынан өлеңге қойылар талап – көркемдік пен ұлтымыздың мінезін байқадық. Екінші орын жүлдегері, қарағандылық Ілияс Мұқаевтың: «Жүгіміз жолда қалмас болса аман Алаштың аманатқа адал ұлы» дегенінен қазіргі жас ұрпақтың үнін естігендей болдық. Бірінші орын иегері Ақсүйрік Ізмұқанованың балғын жүрегі «Сендей болсын барлық Отан, бар ана!» деп толғаныпты. Бас жүлдені тақымына басқан семейлік Арман Шеризатов «Сайыпқыран» өлеңін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнапты. Оның

…Жеңіп шығып ақыретті, азапты,
Жеңіп шығып қасіретті, тозақты,
Самғап бара жатты қыран аспанда,
Қанатына қондырып ап қазақты!..

деп аяқталатын осы өлеңі әсерлі шықты.
Марапаттау рәсімінің кезі келгенде Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешовтің: «Ақындарға ұраннан гөрі тереңдікті тілер едік» деген сөзіне талайлар қосылады деп ойлаймыз. Қазылар алқасының төрағасы, академик Сейіт Қасқабасовтың мәліметінше, Ақмола Астана атанған кезде осындағы қазақтардың саны 17 пайыз ғана болатын. Қазірде елордада тұратын қандастарымыз 72 пайыздан асқанын естіген ол осыған қуанатынын жеткізді. «Мәңгілік елдің бастауы осы! Астананы Алматыдан, жер жәннаты Жетісудан Арқаға көшіргендегі мақсат қазақтарды осында әкелу еді. Мектеп оқушыларынан бас­тап, мемлекет басшыларына дейінгі әрқайсымыз Мәңгілік елді жасауға ұмтылуымыз керек» деді Сейіт Асқарұлы. Ендеше, осыған тоқтаймыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button