Жаңалықтар

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МҰРАТЫ

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мен Мемлекет тарихы институты бірлесіп «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияның ашылуында қатысушыларға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков жылы лебізін білдірді. Жиын барысында көптеген шет мемлекеттерден келген ғалымдар және отандық тарихшылар тәуелсіз еліміздің 25 жылда қол жеткізген жетістіктері мен «Мәңгілік ел»  ұлттық идеясын қалыптастырудағы тарих ғылымының рөлін зерттеу секілді  тақырыптарды талқылады.

Білікті ғалым Владыслав Соколовски «Поляк ғылыми зерттеулеріндегі Қазақстан мемлекеттілігінің мәселелері (ХІІІ-ХХІ ғғ.)» тақырыбында  баяндама жасады. Тарихшыны ХІХ ғасырда қазақтың өнері мен тұрмысын зерттеген әйгілі поляк зерттеушісі А.Янушкевичтің лайықты ізбасары екеніне риза болдық. Анкарадағы Гази университетінде қызмет істейтін отандасымыз, тарих ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғалиева да  Түркиядағы Қазақстан тарихына қатысты еңбектерге тоқталды. Оның айтуынша, Түркияда біздің елдің тарихына байланысты әлеуметтік ғылымдар бойынша 400-ден астам диссертация қорғалған.

Конференция аясында Қазақстандағы Польшаның бұрынғы елшісі болған Владыслав Соколовскидің ғылыми редакциясы дайындаған «Хандықтан республикаға дейін: Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи және заманауи шарттары» атты кітабының таныстырылымы өтті.

–Бұл кітапта мемлекетіміздің табысты ел екені баяндалған. Жинақта жерлес ғалымдардың да ғылыми мақалалары енген. Польшада осындай тарихи кітаптың жазылуы бізді қуантады, – дейді Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған.

Қорыта келгенде, ғылыми конференцияда танымал ғалымдар еліміздің тарихы мен табыстарын тағы бір зерделеп, ой сарабынан өткізіп, маңызды мәселелердің мәніне үңілді.

                                                                               Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button