Мәдениет

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ӨШПЕС ӨНЕРІ

IMG_4585

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолда­уында Қазақ елінің жарқын келешегін Мәңгілік ел идеясынан өрістете айқындап, «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы» деп нақты бағдарлы мақсат жолын алға тартты.

Мәңгілік елдің материалдық тұғыры өрісті экономикасы болса, рухани тұғыры – өркенді мәдениеті. Сан тарау салалардан түзілетін ұлт мәдениетінің мәйекті арнасы – бағзы-бағзы күндерден бері үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнері. Ал, жаһан жұрты арасынан Қазақтың ғана маңдайына біткен бірегей өнерлердің бірі – айтыс.

Қазақ айтысы – өзге жұрттың түрлі мазмұндағы сөз қақтығысына да, шешендік сайыстарына да мүлде ұқсамайтын, өзіне ғана тән өлшемі, өзіне ғана тән сан қырлы қасиет-сипаттары бар өнер. Қазақ айтысын өзге топырақтың өзіне теліп әкете алмайтын себебі де оның ұлттық болмыспен біте-қайнасып кетуінде жатыр. Өйткені, айтыс – қазақ баласының асқақ рухы, дүниетанымы, дүниеге көзқарасы, талғамы, арманы мен аңсары.

Арғы-бергі дәуірлердегі айтыстың қай-қайсына назар салсаңыз да, солардың бірде-бірінен торығу, үміт үзу сияқты пессимистік сезімдерді көре алмайсыз. Тіпті, өз заманының аса ауыр қиындықтарын, сол бір тұстағы өмірдің ауыртпалықтарын арқау ете отырып, әлеумет өміріндегі келеңсіз жағдайларды ащы тілмен әшкерелей сынап көрсетсе де, бәрібір, айтыстың түпкі мазмұнынан ертеңгі күнге үміт арту, келешекке кәміл сенімділік аңғарылып тұрады. Қазақ айтысының темірқазық идеясы, қай уақытта да, біртұтас ел болып, жақсы күндерге ұмтылуға үндейтін абзал ойлармен желілесіп жатады. Айтыс өнерінің ел өміріндегі аса маңызды миссиясы да осы оптимистік рухында жатқаны анық. Бұл орайда, айтыстың дәуірден дәуірге жалғаса, қасиетті тінінен ажырамай жетуінде ел қаншалықты маңызды рөл атқарса, екінші жағынан, елдің еңсесі түспей, ұлттық қасиетті жоғалтпай, асқақ рухынан ажырамай, ұрпақтан ұрпаққа Елдік қасиетін сақтай ұласуында айтыс та маңызды орын иеленгені даусыз.

Бұл жағдай айтыс пен қазақ болмысы ажырамас тұтастықта жаралғанын байқатады. Демек, айтыс – қазақ баласының жаратылысына тән өр рухты ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші алтын көпір, ұлттық рухтың сақтаушысы әрі қозғаушы күші.

Айтыстың айшықты сипаттарының бірі – дүниедегі кез келген құбылысқа қазақ баласының көзімен қарап, қазақы таным тұрғысынан баға беруі. Бұл сипат айтыстың таза ұлттық өнер екендігін айғақтайтын бірден-бір мәнді белгісі. Айтыс өнеріне тән қазақы дүниетаным өлең үлгісінен бастап, ішкі мазмұнына дейін сабақтаса өріліп, тіпті, әлдебір жайтты бейнелеуге пайдаланылған детальға дейін қамти көрінеді. Себебі, айтыскер ақын дүниенің сыртқы көрінісіне де, ішкі мәніне де қазақ баласының көзімен қарап, ғасырлар бойына қалыптасқан ұлттық түсінік тұрғысынан баға береді. Айтыстың әр қазақтың жанына жақын, ойына етене болуының сыры да – осында, ұлттық танымға негізделуінде. Ұлттық таным, түсінік – айтыстың сарқылмас құнары. Сондай-ақ, айтыс болмысында ұлттық қасиеттердің айшықтана көрінуінің бір себебі айтыскер ақын әуенінің халық жүрегінде нық орныққан жыр, толғау, терме, халық әні іспетті дәстүрлі үлгілерден нәрленіп жатқанында екені де шүбәсіз.

Айтыс барысында өмірдегі түрлі құбылыстарға, жағдайларға берілетін баға әрдайым ұлттық мүдде тұрғысынан алынады. Ұлт мұраты, ұлт мүддесі – айтыстың мызғымас тұғыры. Қандай мазмұндағы айтыс болса да, оның түп-негізінде ұлт мүддесін қорғау, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын түгендеуге ұмтылу, елдік қасиеттің нығая түсуіне қызмет ету мақсат етіледі. Айтыс жаратылысына тән публицистикалық сарындар да осы мақсатқа орай туындайды. Бұл тұрғыда, елдік тұтастықты ұлықтауға бағытталған публицистикалық сипаттар – айтыстың әлеумет өмірімен бірге тыныстап, бірге жасап келе жатқан және халықтың шынайы өмірінен өріс тартып жатқан өнер екендігін танытатын маңызды белгілердің бірі.

Сөз орайына қарай әрекідік қолданылып қалмаса, яки, көпшіліктің көңілін сергіту үшін әдейі ұйымдастырылмаса, айтыста арзан әзіл, жеңіл қылжаққа орын тие бермейді. Себебі, жеңіл-желпі сөз етек ала бастаса, тыңдаушы жұрт айтыстың қадірін қашырмай, дереу тоқтатады. Керісінше, тірліктің келеңсіз тұстарын өткір әжуалау, әшкерелей сынау жиі ұшырасады. Бұл жайттың өзі әлеумет талғамының аса жоғары екенін көрсетеді. Осыған сәйкес айтыскер ақындар да көпшіліктің талғам биігінен табылуды діттейді. Таным кеңістігін ұлғайтуға, білім деңгейін, сөз шеберлігін арттыруға ұдайы ұмтылады. Айтыстың ұдайы өсіп отыруының, үнемі уақыт талабына сай жаңа мазмұндағы маңызды жағдайларды, халықтың көңілін алаңдатқан көкейкесті мәселелерді алға тартуының және оны көркем сөзбен көмкеріп, қоғамдық мәнділігімен салмақтандырып отыруының сыры да талғам деңгейінің биіктігіне байланысты. Демек, айтыс – талғампаз таңдаулылар ғана беттей алатын, екінің біріне жалына ұстата бермейтін тарпаң мінезді өнер.

Айтыс өнерінде жоғарыда айтылған жайттармен арқауласа танылатын терең тамырлы сипаттардың бірі – айтыста халық арманының, ел көздеген мақсаттың жарқырай көрінуі. Айтыскер ақындардың азаматтық болмысын, ақындық қарым-қабілетін, таным-талғамын еркін танытуға мүмкіндік беретін ақындар айтысы, сондай-ақ, жастардың жан сезімін, махаббат жайы мен арман-ниеттерін арқау ететін қыз бен жігіт айтысы сияқты кең тыныс­ты айтыс түрлерінен бастап, үстірт қарағанда ойын-күлкіге құрылғандай көрінетін жұмбақ, бәдік сияқты айтыстарға дейін зерделей үңілсек, солардың қай-қайсынан да қалың елдің көңілін мазалаған жағдайларды және сол жағдайлардан арна тартып жатқан көшелі ойларды танимыз. Көбіне-көп орайда ойын-сауық элементі басым сияқты көрінетін бәдік айтысының өзінен тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен байланыс­ты халықтың арман-тілегін тану қиын емес. Өйткені, мал амандығы – ел амандығының кепілі.

Ал, аса ауқымды мәселелерді тақырып еткен ақындар айтысында ел арманы, ұлт мұраты әрдайым шоқтықтана алға тартылады. Негізгі ой Ел бірлігі, ұлт тұтастығы, өсіп-өркендеу, кемелдену идеяларынан нәр алып жатады. Демек, айтыс өнері – Мәңгілік ел идеясының мәңгілік насихатшысы.

Халқымыздың асыл мұраттарды арқау еткен айтыс өнерінің қадір-қасиетін, даралық сипаттарын, өміршеңдік сырларын танып-білуге, тереңдей зерделеуге ұмтылған ізденістер де бірер жылдың жемісі емес. Айтыстың алғашқы үлгілерінің ежелгі жазба мұралардан ұшырасып жатуы, Қашқари жинағынан орын алуы, сондай-ақ, ерте дәуірлердің өзінде-ақ айтыс үлгісіндегі туындылардың жазылуы тектен-тек болмаса керек. Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың айтысты ғылыми назарға алуы, одан беріде Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов сияқты алаш қайраткерлерінің, қазақ көркем сөзінің жаһандық кеңістікке көш түзеуіне жол ашқан Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мәлік Ғабдуллин сынды әдебиет алыптарының айтыс тарихы мен көркемдік табиғатына зерттеу тұрғысынан тереңдей үңілуі, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев, т.б. танымал ғалымдардың, кейінгі буын өкілдерінің қазақ халқының төл өнері турасында ауқымды зерттеулер жүргізіп, арнайы ғылыми еңбектер мен проблемалық мақалалар жариялап отыруы – айтыс табиғатының әр кезеңде де әдебиет зерттеушілерінің қызығушылығын туғызып отырғанын айғақтайды. Қазіргі таңда да айтыстың тарихына, бүгінгі жай-күйіне байланысты зерттеулер мен ой бөліскен үлкенді-кішілі мақалалар ұдайы жарияланып келеді. Осы жағдайлардың бәрі де біздің халық үшін айтыс өнерінің қадір-қасиетінің қаншалықты жоғары екенін, сондай-ақ, алдағы уақытта сол маңызынан айырыла қоймайтынын, керісінше, күннен-күнге мәні артып, тұғыры биіктей берерін айқын танытады. Олай болатын себебі, айтыс – Мәңгілік елдің Мәңгілік өнері.

Аманжол ӘЛТАЙ,

филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button