Маңызды мәселелер қаралды
Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың жаңа ауданының атауы мен бас қаланы басқару тәсіміне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бекітілді. Сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау ережелері, шаһар аумағындағы жасыл желекті егу, күтіп-ұстау және қорғау ережелеріне енген өзгерістер мақұлданды. Сессияға қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты.
Сарайшық әкімдігі қыркүйекте жұмысқа кіріседі
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жаңа ауданға берілген Сарайшық атауы осының алдында қалалық мәслихаттың көпшілік тыңдауында, қалалық ономастика комиссиясы мен қалалық Қоғамдық кеңес отырыстарында, Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясында талқыланып, мақұлданғанын жеткізді.
Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанасыл Шәукентаев қалалық Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы атауының өзгеруіне және Сарайшық ауданы әкімі аппаратының қосылуына байланысты бас қаланы басқару тәсіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін баяндады. Оның айтуынша, Сарайшық ауданы әкімінің аппараты 10 қыркүйектен кейін жұмысқа кірісуі керек. Оған дейін заңдық тұрғыдан бірқатар тіркеу шарасынан өтуі қажет.
Сәулет келбеті қалыптасады
Қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Ілиясов қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау ережелерін әзірлеу мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. Атап айтқанда, бұл ережелер жергілікті ерекшеліктерді есепке алып, бас қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, шаһар тұрғындарының заманауи талаптарына сәйкес келетін сапалы қалалық ортаны құру, сәулеттік және қала құрылысын жоспарлаудың үздік халықаралық тәжірибесін енгізу, қала аумағын нәтижелі, рационалды және қауіп тудырмайтындай етіп пайдалану, шаһардың әлеуметтік-мәдени және климаттық ерекшеліктерін есепке алып, қаланың тарихи келбетімен сабақтастықта ғимараттарды, құрылыстарды, қоғамдық кеңістіктерді дамытуды көздейді.
Бұл тарапта сессияны жүргізген қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан Құрылыс кодексі және «Жарнама туралы» заң қабылданған соң қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау ережелеріне жергілікті ерекшеліктер есепке алынып, қосымша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін атап өтті.
Жасыл желектің жайы қалай?
Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов шаһар аумағындағы жасыл желекті егу, күтіп-ұстау және қорғау ережелеріне енгізілген өзгерістермен таныстырды. Оның айтуынша, бұл өзгерістер жасыл желек отырғызылғаннан кейін міндетті түрде 3 жылдық күтімді қамтамасыз ету, ағаштарды заңсыз кескені үшін жазаны күшейту тарапында болды.
Қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовпен бірге қалада жасыл желекті есепке алу жүйесін енгізу мәселесін көтергеніне 3 жыл болғанын, алайда бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмегенін айтты.
«Жасыл желекті есепке алу жүйесі болмаса, онда бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылады. Ал қаланы көгалдандыруға, жасыл желекті егуге жыл сайын қыруар қаржы жұмсаймыз. Осыншама қаржыны жұмсағанда қанша ағаш отырғызылды, қаншасы кесілді, оның орнына қай жерде ағаш егілгенін анық білуіміз керек» деген Владислав Сергеев суды үнемдеу мақсатында жасыл желекті суару мәселесін де түбегейлі шешіп алу керегін жеткізді. Оның айтуынша, қазір жасыл желектің көбі көлікпен су әкеліп суарылады. Ал бұл өзінің тиімсіздігін көрсетті.
Қалалық мәслихат депутаты Кендебай Адамбек жасыл желекке, абаттандыруға, көгалдандыруға қатысты көшпелі отырыс өткізуді ұсынды. Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов мұны мақұлдап, алдағы күзде мұндай отырыс өткізуге шешім шығарды. Депутат Бауыржан Смайыловтың мәліметінше, Сарыбұлақ өзені маңайында, «Көктал» саябағында егілген ағаштар қурап жатыр. Шетелден де жасыл желек әкелінген. Ол мұның жайын сұрады.
Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов Сарыбұлақ бойындағы және «Көктал» саябағындағы ағаштарға Сарыарқа ауданы жауапты екенін, «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС мердігер болғанын, басқарма тарапынан бұған қатысты ескерту жасалғанын, қураған ағаштардың орнына жаңалары отырғызылатынын жеткізді. Ал жасыл желек шетелден, нақты айтқанда, Германиядан әкелінген. Сондай 2 мың ағаш Мәңгілік ел даңғылы бойында, «Ұлытау» аллеясында, ішінара Қазақ елі алаңында, «Астана Арена» стадионы маңайында отырғызылған. Шетелдік ағаштардың жерсіну мәселесі 3 жыл көлемінде белгілі болады. Әзірге олар жергілікті топыраққа бейімделу үдерісінен өтіп жатыр.
Қажет нысандар салынады
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алынған жер телімдері бойынша мәлімет берді. Оның айтуынша, мұндай жер телімдерінің жалпы саны – 49. Бұлар құрылыс жұмыстарына пайдаланылады. Атап айтқанда, Қабанбай батыр даңғылы мен Хусейн бен Талал көшелері қиылысында әкімшілік ғимарат, Жамбыл, 8 көшесі аумағында қоғамдық кеңістік, А.Тоқпанов көшесінде мектеп, Ақан сері мен СФЛ-2 көшелері қиылысында балабақша, Керегетас және Г.Потанин көшелері қиылысында мектеп бой көтереді. Ш.Айтматов, С189, 12-208 көшелері аумағында көше салынып, Ш.Қосшығұлұлы, 6/1 көшесінде қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Ш.Айтматов көшесінен батысқа қарай көше салынады.
Қалалық мәслихаттың сайлау комиссиялары мүшелерін сайлау жөніндегі уақытша комиссия төрайымы Алтыншаш Табулдина сайлау комиссияларының 5 жылдық өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты осы комиссияларды жаңадан жасақтау бойынша жүргізілген жұмыспен таныстырды.
Сессия соңында қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов жиналғандарды Конституция күнімен құттықтады.
«Ата Заңымыз – еліміздің барлық жетістігінің бастауы, барлық қазақстандыққа құқықтық теңдік пен бірдей мүмкіндіктер беретін құжат. Қазіргі таңда Конституция халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен тұрақтылықтың кепіліне айналды» деді мәслихат төрағасы.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ