9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

Мәншүктің мәңгілік ерлігі

Биыл қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк ­Мәметованың туғанына – 100 жыл. Қан майданда елін жаудан қорғауда қайсарлықпен қаза тапқан ­Мәншүк жайлы жазылған жыр, шығарылған кітап, түсірілген фильм, есімі берілген көше мен нысандар өте көп. Соның ішінде елордада оның атындағы көше оң жағалауда ­орналасқан.

[smartslider3 slider=2910]

Астанадағы М.Мәметова көшесі екіге бөлінген. 105 метрлік бірінші бөлігі Абай мен Отырар көшелерінің аралығында жатса, 113 метрлік екінші бөлігі Ғұмар Қараш көшесіне барып тіреліп, Ш.Иманбаева және М.Ғабдулин көшелерінің ортасында параллель орналасқан. Ал ескерткіші 2018 жылы Жеңіс көшесінің бойындағы «Ақжайық» саябағында елорданың 20 жылдық мерейтойына орай орнатылған еді. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында бой көтерген ескерткіш пен саябақты бас қалаға Батыс Қазақстан облысы сыйлады. Ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 6,1 метр. Авторы – белгілі қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров.

Жайықтың жағасында туған Мәншүктің азан шақырып қойған шын есімі – Мәнсия. Анасы еркелетіп, Моншағым деген екен. Соған тілі келмеген кішкентай қыз өзін Мәншүк деп кеткен. Өз әкесі – Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, оны үш жасында сол кісінің қолына берген. Екінші әкесі Ахмет Мәметов – қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановпен жақын араласқан. Сондықтан да 1938 жылы ұсталып кетеді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді. Тағдыр тауқыметін тартқан бойжеткен қыз 1941 жылдың басында үйінен жатақханаға қоныс аударады. Осы кезде Мәншүктің қасынан табылып, демеу болған замандас досы, танымал жазушы Ілияс Есенберлин былай еске алады: «Біз екі жігіт, Мәншүктің жақын достары, барлық қиыншылық, ауырт­палықты көрдік, тірідей жетім Мәншүкті барынша жұбатып, демедік. Ол әкесі Ахметтің ұсталып кеткеніне қатты қайғыр­ды, ешқандай тағат таппады, әкесімен кездесуге сұранды, инстанция бойынша да жазды, яғни әкесі Ахмет Мәметовтің кінәлі емес екендігін дәлелдеу үшін. Бірақ өкінішке қарай, мұның бәрі бос әурешілік болды».

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Кеңестер елін қорғауға қатысып, майдан даласында жаумен шайқасу арқылы әкесі Ахметті жазықсыз жазадан құтқарып қалуды ойлап, соғысқа өзі сұранады. Алайда ол сұранған кезде соғысқа әйелдердің баруына рұқсат етілмейді. Сөйтіп ол тек 1942 жылы тамызда Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Онымен бірге жауға қарсы Н.Құсайынов, ­­Р.Байсейі­тов, Т.Ахтанов, Ә.Нұршайықов, ­­­М. Ғабдуллин және С.Жиенбаев ­аттанды. Мәншүктің майдандасы, Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов майданға аттанар сәтін былай еске алады: «Біздің санымыз 100-бригада қатарында І Алматы станциясынан аттанарда 4889 болды, ал Жоғарғы Қолбасшы И.Сталиннің жеке өкімімен эшелон аттанарда қатарымызға Мәншүк қосылып, санымыз 4890 адам болды».

Пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды. Ол ержүректіліктің үлгісі болды, оны дивизия жауынгерлері мақтан тұтты. 1943 жылдың 15 қазанында Псков облысындағы Невель қаласын босату үшін Изоча станциясындағы 173,7 биіктігінде кескілескен соғыс болды. Кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Кіші лейтенант Болат Ахметжанов осы ұрыс туралы: «Кері шегінер жолда басынан жарақаттанған, ұрыс даласында бір өзі ғана қаза тапқандардың пулеметін қайта тұрғызып, орнына қойып жатқан Мәншүкті көрдік. Біз одан 4-5 шақырым қашықтықта алшақ тұрғанбыз, бізбен бірге жүр дегенде, ол: «Өздерің бара беріңдер, егер мен кетсем, сендерді кім қорғап қалады?» деп қарсылық білдірді. Көнбегесін, біздер кете бердік. Біраздан соң тылда өлі тыныштық орнады, біздер бір-бірімізге аң-таң күйде қарап: «Бәрі бітті» дедік. Егер сол күні Мәншүк бізді жаудан қорғап қалмағанда, қазір тірі болмас едік, сондықтан біз өмір бойы Мәншүкке қарыздармыз!» деп еске алады. Осылайша қайтпас қайсар қыз «Максим» пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды. Бірақ өзінің басына оқ тиеді. Ақыры алған жарақатынан Мәншүк пулеметтің саптарын қолына тастай қатты қысып алған күйі қаза табады.

 Арада 6 ай өткен соң оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Алматы қаласына одақтас елдердің бәрінен алғыс хаттар жетіп жатты. Туған жерінде және елордада оған ескерткіш орнатылған. Невель, Алматы, Орал, Нұр-Сұлтан және т. б. қалаларда Мәметова атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептеріне, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесіне, Ақтөбе медициналық колледжіне, 1931-1937 жылдары өзі білім алған Алматы қаласындағы №28 лицейге, Орал қаласының әуе­жайына Мәншүк Мәметованың есімі берілген. 1969 жылы «Мәншүк туралы дастан» көркем фильм түсірілген. Батыр қыздың биылғы 100 жылдық мерейтойы еліміздің жер-жерінде кең ауқымда аталып өтеді.

 

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button