Басты ақпарат

МАҚСАТ – АЙҚЫН, МІНДЕТ – НАҚТЫ

Сейсенбі күні Конгресc-холда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының XVII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оның жұмысына партия төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Астана қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

«Нұр Отан» ХДП Астана қала­лық филиалының кезекті есеп беру жиынын Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ашып, жұртшылықты күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныс-тырды.

Есеп беру-сайлау конференциясына қалалық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, басқа да мекеме өкілдері қатысты.

Жиында «Нұр Отанның» Астана қалалық филиалының атқарған жұмыстары сараланып, алдағы міндеттері белгіленді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жаңғырту процестерін жүйелеу мен реттеуде «Нұр Отан» партиясының алар орны ерекше екендігін атап өтіп, оған үлкен сенім артып отыр. Партияның елордалық филиалы да осы бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізіп, партияның ішкі жұмыстарын жетілдіру, аумақтық филиалдардың құрылымдарын қайта қарау, саяси жұмыс пен партия мүшелерінің қатарын молайту сынды мәселелерге басты көңіл бөліп келеді. Астана қалалық филиалы құрылымы «Нұр Отан» ХДП жарғысына сәйкес, Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандық филиалдары, сондай-ақ, «Бірлік», «Нұр», «Ұлттық медициналық хол­динг» АҚ жанындағы филиал болып нақтыланған.

Биылғы 1 қарашадағы көрсеткіш бойынша, бастауыш партия ұйым­дары­ның саны 313-ке жетіп, партия мүшелерінің саны 37 мыңнан асқан.

Астана қалалық филиалы ағым­дағы жылы Елбасының «Әлеу­мет­тік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанды дамытудың бас-ты бағыты» Жолдауын және «Нұр Отанның» бағдарламалық құжатын жүзеге асыру мен онда айтылған міндеттерді жұртшылыққа түсіндіру-насихаттау жұмыстары шеңберінде 7500 адамды қамтыған 300 шара ұйымдастырған. Ал Прези­денттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласына да үн қосып, кеңінен талқылаған «нұротандықтар» бас-аяғы 500-ден астам кездесу, дөңгелек үстел жиындарын өткізіпті.

Елордадағы партия филиалының атқарып отырған жұмыстарының бір легі қоғаммен жұмыс істеуді кеңейту болып табылады. Осы мақсатта қалалық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиялық фракциясымен қоян-қолтық жұмыс істеп, кеңесшілік әдістемелік міндетті атқарып отырған қоғамдық қабылдаулардың іс-шарасына да айрықша мән беріліп отыр.
Алқалы жиында «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев та сөз сөйлеп, маңызды міндеттер жүктеліп отырған партияның қыз­метін жаңа сипатта жетілдіру мәселесін көтерді. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының алдында әлеуметтік саладағы мемлекеттік органдар қызметінің атқарып жатқан ісіне мониторинг жүйе­сін жасақтау қажет. Бақытжан Әбдірұлының пікірінше, бұл жұмыспен елдің тыныс-тірші­лі­гін олардың өз аузынан естіп, алақандағыдай көріп-біліп отыр­ған қоғамдық қабылдаулар айналыс­қаны абзал.

Есеп беру конференциясында «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының атқарған жүмыстары ғана емес, «ЭКСПО – 2017» ха­лық­аралық көрмесін өткізуге лайық деп танылған бас шаһардың атына да жылы лебіздер айтылды. Б.Сағынтаев Астананың әлем алдындағы абырой-беделінің қалыптасуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екендігін атап өтіп, биыл алғаш рет аталып өткелі отырған Тұңғыш Президент күнінің мәніне тоқталды.

Жиын барысында, сондай-ақ, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды.

Жиынға қатысқан партия мүше­лері келешекте де Елбасымен бірге тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатындарын бірауыздан мәлімдеді.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов: «халықтың әл-ау­қатын жақсартуға, елорданы өр­­кен­­детуге қандай шаруалар атқа­рылғанына нақты жауап бере алсақ, сонда ғана жұмысымызға қанағаттана аламыз» деп, жиынды қорытындылады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button