#Жаңа Қазақстан

Мақсат – демократия мен заң үстемдігін күшейту

Елорданың Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде «Референдум -2022: Қазақстан Республикасы тарихындағы рөлі мен маңызы» тақырыбында семинар өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов пен Юрий Ли, Нұр-Сұлтан қаласы жалпы білім беру мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих пәні мұғалімдері қатысты.

[smartslider3 slider=2965]

Алдымен сөз алған Сауытбек Абдрахманов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше ғана Түркияда айтқан «Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын» дегенін еске алып, референдумның түпкілікті мәні, концепциясы осы сөзге келіп тірелетінін атап өтті.

– Қазіргі таңдағы елімізде болып жатқан өзгерістердің барлығының түйіні – біздің халқымыздың өзінің құқылы бостандыққа қол жеткізуі. Осы жылдар ішінде Конституция­ға төрт рет өзгеріс енгізіліп, төртеуінде де тек қана Парламенттің деңгейінде шешілді. Бұл – мәселелерді халықтан тыс шешудің нақты көрінісі. Өркениетті әлемде Конституция­ға өзгеріс енгізу тұрмақ ұсақ дейтін шаруалардың өзі де референдум арқылы шешіледі, – деген С.Абдрахманов 2001 жылы жазған мақаласындағы Швейцария үлгісін мысал етті.

Оның пікірінше, Президенттің ел өмірі мен тағдырына қатысты мәселені референдумда шешу жөніндегі шешімі ешқандай дауға айналдыруға келмейді және оның төңірегінде сөзді көбейту артық.

– Референдумға Конституцияның 33-бабына өзгеріс енгізу туралы мәселе шығарылып отыр. Бұл – Конституцияның үштен бір бөлігі. Соның ішінде ең маңыздысы жерге, оның қойнауына, оның қазба байлықтарына нақты мәртебе бойынша кім ие деген қағидатты мәселеде халық ие, халық сол иелігін мемлекет арқылы жүзеге асырады деген бап. Содан кейінгісі суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік басқару үлгісіне өту, Парламентке сүйене отырып басқарылатын мемлекетке көшу, – деді Мәжіліс депутаты.

Әлемде «Францияның бесінші республикасы», «Венгрияның екінші республикасы», «Испанияның екінші республикасы» деген ұғымдар барын айтқан С.Абдрахманов «екінші республика» және «Жаңа Қазақстан» ұғымдарын синоним деп ұғатынын айтып өтіп, мұны Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жақсы түсіндіргенін жеткізді.

– Мәселені нақты айту керек. Біз жаңа Конституция қабылдап жатқан жоқпыз. Оны жаңартып отырмыз. Референдум өткізудің мақсатын түсіндіргенде осыны қаперде ұстау керек. Яғни, басқару жүйесін өзгертпей, мұны да жаңартпақпыз. Президенттік басқару жүйесі қала береді. Бұл да – есте ұстайтын маңызды мәселе. Президент өзінің қолындағы биліктің біраз бөлігін Парламентке бермекші. Мемлекет басшысы облыс әкімдерін тағайындау құқынан да бас тартпақшы. Облыс әкіміне кемінде екі кандидатура болған жағдайда мәслихат таңдауына беріледі. Бұл да үлкен артықшылық, – деді депутат.

Жүз пайыз партиялық тізім бойынша сайланатын Мәжіліске көп сын айтылатынын, енді бұл жүйе де жаңарып, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланатынын айтқан С.Абдрахманов Конституцияға өзгеріс енгізуге сәйкес алда облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттарының 100 пайызы мажоритарлық жүйеге сай сайланатынын жеткізді.

Мәжіліс депутаты Юрий Ли өз кезегінде суперпрезиденттік республикадан президенттік жүйеге өткенде саяси бәсекелес­тік артатынын айта келе, бұл жағдайда әсіресе аймақтардағы бастамашыл, жауапты азаматтар саяси үдерістерге қатысуға мүмкіндік алатынын айтып өтті.

– Саяси партиялар арасында да бәсекелестік артады. Саяси жүйені өзгерту адамдардың неғұрлым көп бөлігін мемлекет ісіне тартуға, маңызды шешімдерді шығаруға, мемлекет тағдырына араласуға мүмкіндік береді, – деді Юрий Ли.

Конституциялық кеңестің Конституциялық сот трансформациясына тоқталған ол осы өзгерістің жаңашылдықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, енді депутаттар Мәжіліске сайланғанда Конституциялық соттың барын ескеретін болады. Бұл жағдай заң шығару үдерісіне оң әсерін тигізеді.

– Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілгенде бұл әлеуетті институтқа айналуы тиіс. Өйткені уәкіл мемлекеттік органдарға, олардың шешімдеріне тәуелді емес, – деді Мәжіліс депутаты.

№85 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Сәбира Мұқанова референдум өткізудің тәртібін түсіндіріп, елімізде референдум өткізудің тарихына тоқталды. №46 балабақша-мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі Татьяна Маканова көп жылдан бері сайлау комиссиясының мүшесі мен төрайымы болып келе жатқанын айта келе, алдағы референдум кезінде азаматтық пен патриоттық танытуға шақырды. Ұстаздар қауымы референдум өткізуге қатысты пікірлерін айтып, қолдайтындарын жеткізді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button