Спорт

Мақсаты – олимпиада шыңы

Жәмила Бақбергенова – елдегі ең танымал балуан қыз. Намыс пен рухты, жігер мен қайратты бойына сіңірген ол өзі қатысқан жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Бұл – бала күнінен қалыптасқан дағды. Оны көптен ерекшелейтін қасиет-қабілеті де осы.

Биыл Жақсылық ­Үшкемпіров атын­дағы спорт сарайына Азияның мықты спортшылары жиналып, құрлықтың үздіктерін анықтаған-ды. Осы турнирде Жәмиланың күресін көрдік. Кілемде өзін сенімді ұстап, әдіс-тәсілді орындау шеберлігіне тәнті болдық. Ақтық айқаста Жәмиланың қарсыласы жапон Сумире Ниикура болды.

Күншығыс елі күрестің дәл осы түрінен үстемдік құрып тұр. Әлем чемпионатын 13 рет ұтқан Саори Есида да, Олимпиада ойындарын 4 рет жеңген Каори Ичо да жапон өкілі. Қысқасы, Жапония байрақты бәсекелерге тек үздік спортшыларын қосады. Сумире Ниикура да осал балуан емес. Бір жыл бұрын Моңғолия­ның астанасы – Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының финалында Жәмиламен кездесіп, біздің балуан екінші рет құрлықтың үздігі атанған еді. Сондықтан Сумире реванш алу үшін Астанаға келді. Жергілікті жанкүйердің қолдауын сезінген Жәмила қарсыласын 5:1 есебімен ұтып, кезекті рет Азия чемпионы атанды. Сөйтіп, күрестен үш дүркін Азия чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуан болып, Қазақстан тарихының жаңа бетін ашты.

Жәмила – Азия чемпионатында 5 рет жүлде алған спортшы. 2020 жылы Нью-Делиде, 2022 жылы Ұлан-Батырда, 2023 жылы Астанада алтын медаль иеленсе, 2019 жылы Сианьда қола мен 2021 жылы Алматыда күміс медальға қолы жетті. Одан бөлек, 2019 жылы Ослода, 2022 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында, 2023 жылы Ханчжоу­да байрағы көтерілген Азия ойынында екінші орын алды. Спорттағы жетістігі ескеріліп, 2022 жылы өз салмағында UWW рейтингінде көш бастады, Қазақстанның үздік спортшысы атанды.

– Өзім қатысқан жарыстардан жүлдесіз оралған емеспін. Бұл – үздіксіз еңбек пен ізденістің нәтижесі. Әлем чемпионатының финалында екі рет жолым болмағаны аздап қынжылтады. Әлем чемпионатының алтын медалі үшін күресуді тоқтатпаймын. Басты мақсатым – Париж Олимпиадасының шыңын бағындыру, – дейді чемпион рухты балуан.

Біз балуаннан алғашқы және ең үлкен жеңісі туралы сұрадық. Өйткені спортшының алғашқы жарыстағы жетістігі келешектегі жолына әсер етпей ме?!

– Алғашқы жарысым Алматыдағы таэквондодан қалалық турнир болды. Ұзынағашта тұратынбыз. 4-сынып оқимын. Жарысқа барып-қайтатын қаржыны анам берді. Жарысқа сыңарым Мәдина да барған-ды. Қарсыластарымның осал тұсын тауып, финалға шықтым. Алайда финалдың 1-раундында жеңіліп жаттым. Мәдина раунд аралық үзілісте қасыма жүгіріп келіп, «мамам ақшаны ұтылсын деп берді ме?» деп айқайға басты. Осыдан кейін жиналып, күш-жігерімді салып, ұтып, қатты қуандым. Бірінші жарысымда осындай ерекше әсер алдым. Негізі, әр чемпионның артында қолдаушы мықты ана тұрады ғой. Ең үлкен жеңісіме келетін болсақ, әрбір жарыстағы жетістік үлкен еңбектің нәтижесімен келеді. Азия чемпионатында 1-орын алған кезде қуандым. Бірақ менің ең биік жетістігім деп айта алмаймын. Менің шыңым – Олимпиада ойындарының шыңы. Осы мақсатта тер төгіп келемін, – деді мақсатшыл спортшы.

Әр балуан күрескенде әдіс-тәсіл жасауға ыңғайсыз қарсыласы болады. Спортшы қарсыласынан кейде психологиялық, кейде тактикалық тұрғыда ұтылып жатады. Кейде жарысқа бабында бара алмай, жолынан жаңылады. Жəмила Бақбергенова әр жылы өткен әлемдік додаларда қырғыз Айпері Медетқызына, моңғол Даваанасан Энх-Амаринға, жапон Масако Фуруичиге, америкалық Амит Элорға ұпай санымен есе жібергенін білеміз. Одан басты қарсыласы кім екенін білдік.

– Менің басты қарсыласым – өзім. Кез келген қарсыластың осал тұсы бар. Егер бапкердің берген ақыл-кеңесін дұрыс орындап, тактикалық тұрғыда сауатты күрессе, бәрін де ұтуға болады, – дейді ол.

Қазір Жәмила 27-жаста. Тәжірибесі толысқан, техникалық шеберлігі шыңдалған ол кез келген жарысқа өз салмағында негізгі фаворит ретінде қатысады. Сондықтан Париж Олимпиадасында жүлде алатын мүмкіндігі мол.

– Белградтағы әлем чемпионаты мен Ханчжоуда Азия ойынының арасы екі апта болды. Бір жағы толық демалып үлгермедім-ау, екінші жағы Азиада бәсекесінде жаңа салмақта күрестім. Әрине, мұның бәрі жеңілісті ақталуға себеп емес. Дайындығымды күшейтіп, алдағы жарыстарда жеңісті жолды жалғастыруға күш саламын, – дейді кейіпкеріміз.

P.S: Міне, елдің мақтанышы Жәмиладай-ақ болуы керек. Мақсаты айқын, талабы биік балуанның бағындырар биігі көп болып, ел абыройын биіктете берсін!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button