МәслихатТаным

МАҚСАТЫМ – ЕЛГЕ МІНСІЗ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

кенесбекович

Өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталар болсам, өзім депутат болып сайланған №19 сайлау округінде әр айдың бірінші және соңғы сәрсенбісінде тұрғындар үшін жеке қабылдау ұйымдастырып, есепті кезеңде округте 30 қабылдау жасадым. Олардың екеуі тұрғындардың өтініші бойынша кезектен тыс ұйымдастырылса, үш рет округ аумағында сайлаушылармен кездесу өткізілді.

Осы жұмыстардың нәтижесі көрсеткендей, есепті мерзімде тұрғындардан жүзден астам өтініш келіп түсті. Олардың басым бөлігі балабақшаға балаларын орналастыра алмай жүргендерін айтып, арызданса, жиырма екі адам жұмыс сұрап келді. Сондай-ақ, тұрғын үй, денсаулық сақтау мәселелерін көтеріп, материалдық көмекке зәру екендіктерін алға тартты.

Соңғы бір жыл көлемінде 40-тан астам депутаттық сауал жолдадым. Бұл ретте көп ата-аналардың мемлекеттік балабақшаларда орын жетіспеушілігінен мектеп жасына дейінгі балаларын балабақшаға бере алмай отырғандарына куә болдым. Сондай-ақ, жұмыссыз жастарға қол ұшын созып, олардың жұмысқа орналасуына ықпал еттім.

Қайырымдылық шаралардан да қалыс қалып көрген емеспін. Атап айтсақ, қаладағы ардагерлер ұйымына, «Үміт-Надежда» балалардың қайырымдылық қорына, «Қазақ соқырлар қоғамына» және №45 мектептің оқушыларына мүмкіндігімше қаржылай қолдау көрсеттім.

Жылдағы дәстүр бойынша Білім күні қарсаңында «Балаларды мектепке дайындаймыз!» акциясына атсалысып, 168 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтарын сатып әпердім. Сонымен бірге Астанадағы 28 мектеп жасындағы баланың Шучьедегі «Discovery» балалар лагерінде демалуы үшін тегін жолдамамен қамтамасыз еттім.

Биыл қаңтар айының 15-інен 22-сіне дейінгі аралықта көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырдым. Бұл ретте тұрғындар округімдегі Пригородный, Тельман және Заречный тұрғын алаптарының көкейкесті проблемаларын ортаға салды. Осылайша, Пригородный тұрғын алабы тұрғындарының бастамасымен, Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен Жаңа Аэропорт көшесіндегі №111 үйде учаскелік полиция пункті орналастырылды. Бұл жерде тәртіп сақшыларының жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған.

Округ тұрғындарының басқа да өтініштері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қалалық Денсаулық сақтау, Білім, Сәулет және қала құрылысы, Әкімшілік полиция басқармалары мен Есіл ауданының әкімдігіне депутаттық сауал жолданды.

Кезекті бір кездесуде қаладағы №75 балабақшаның меңгерушісі балабақша аумағына ойын алаңын орнатып беру жөнінде өтініш айтқан болатын. Жалпы, округімдегі бірде-бір адамның өтініші аяқсыз қалмайды, оларды жауапты мекемелердің басшыларымен бірлесе қарастыратын боламыз. Алдағы уақытта сайлаушылардың әрқайсысының талап-тілегі ескеріліп, өз шешімін табады деген үміттемін.

 

Қайрат ЖАУХАНОВ,

Астана қаласы мәслихатының №19 сайлау округі бойынша депутаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button