ӘлеуметБасты ақпарат

Мақсатымыз – балалар мүддесін қорғау

Фарида САҒЫНДЫҚ, «Qoldau» білім беру ұйымдарының Қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Астанада әртүрлі өмірлік қиын жағдайға тап болған 500-ге жуық отбасы бар. Білім беру ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңесі осындай балалардың қоғаммен бірге дамып, сіңісіп кетуіне, әлеуметтік ортада тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп келеді. Сондай-ақ соңғы үш жыл көлемінде елімізде жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтендіруге бағытталған «Birgemiz sabaqtastyq» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Осы жоба аясында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар туралы қоғамдық бірлестіктің төрайымы ­Фарида САҒЫНДЫҚ әңгімелеп берді.

– Алдымен «Birgemiz sa­baqtastyq» әлеуметтік жобасының мақсаты туралы айтып берсеңіз.

– Жобаның мақсаты – жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға бағытталған тәлімгерлік практикасын нығайту. Ал енді оны жетім балалар үйіндегі алқалы орган – Қамқоршылық кеңестер арқылы жүзеге асыру. Жоба үш жылдық, республиканың барлық өңірін қамтыды. Биыл жоба аяқталды. Оның аясында балаларды әлеументтендіру мақсатында волонтерлер әртүрлі бағытта жұмыс істеді. Мысалы, қысқа мерзімді оқытулар жүргізілді: бариста жобасы, флористика, тігін тігу, тоқыма, қолөнер бұ­йымдарын жасау, тағы басқа, яғни бала бұл жерде компетенцияға ие болып, әрі қарай практика өтіп, жұмысқа тұруына септігін тигізеді. Өйткені балалар үйінде көбіне жасөспірімдер 9-сыныптан кейін колледжге түседі, сол кезде өзіне тапқан табысы демеу болады. Осыған орай, біз келесі нәтижелерге қол жеткізуді жоспарладық: жыл сайын 60-тан астам жеке тәлімгерді балалар мен жастар топтарына бекіту; 1500-ден астам волонтерді, соның ішінде 700 жас пен 50 күміс волонтерді тарту; 30-дан астам шағын грант жобасын жүзеге асыру, олардың кемінде 3-еуі болашақта бизнес және басқа ұйымдар тарапынан қаржыландырылатын болады деп күтілді. Сонымен қатар жыл сайын профильді ұйымдармен кемінде 5 меморандум жасасу және 2024 жылға дейін аналитикалық есеп дайындау жоспарланған болатын. Жоба Қазақстанның барлық облыстары мен 3 ірі қаласын – Астана, Алматы және Шымкентті қамтыды.

– Жалпы бүгінгі таңда елі­мізде әртүрлі қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдер көп пе?

– Өкінішке қарай, осындай жағдайға тап болған балалар көбіне балаларды қолдау орталықтарына келіп түседі, басқаша айтқанда, ол – біздің жетім балалар үйлері. Олар мұндай мекемеге жай ғана түсе салмайды. Мұндай процедуралар ве­домствоаралық өзара іс-қимыл орнату арқылы жүзеге асырылады. Осы бағытта қазір біз көптеген жұмыс атқарып жатырмыз. Елімізде жетім балалар аз, бізде көбіне «әлеуметтік жетімдер», яғни ата-анасы бар, бірақ әртүрлі жағдайға душар болған ересектер жеткілікті. Осындай отбасыларды «қолайсыз отбасылар» деп те атаймыз. Бұл жерде баланы, жасөспірімді отбасынан, ата-анасынан бөліп қарамауымыз керек. Оның да өзіндік процедуралары бар.

– Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәлімгерлік практикасын енгізу мақсатында «Birgemiz sabaqtastyq» ұлттық жобасын қолға алғандарыңыз белгілі. Осы тәлімгерліктің қоғамға пайдалы тұсы қандай, ол қалай жүзеге асырылады?

– Жалпы тәлімгер деген біздің қоғамға жат құбылыс емес. Қарапайым тірлікте кейде өзіміз де бір нәрсені білмесек, бізге қарағанда тәжірибесі анағұрлым мол, көргені мен түйгені бар адамдардан ақыл-кеңес сұрап, біліп жатамыз. Демек, сол адам біз үшін тәлімгер емес пе?! Ал енді мұның жүйелі түрде жұмыс істеуі әсіресе жетім және ата-­ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, білім беру ұйымдарындағы жасөспірімдерге керек. Өйткені олар 9-сыныптан ке­йін көбіне колледж­ге түскен кезде әлеуметтенуі үшін тәлімгерлердің қолдауы мен көмегіне мұқтаж болады. Сондықтан тәлімгерлік тәжірибесін енгізудегі басты мақсатымыз – баланы материалдық құндылықтармен алдамай, эмо­ционалдық тұрғыдан қолдау көрсету, бір-біріне сенім арқылы баламен байланыста болу. Бала қандай да бір қиын жағдайға тап болса, қасында сеніп, ақыл сұрай алатын ересек адам барын біліп, сезінуі тиіс. Кез келген уақытта тәлімгеріне жүгіне алатындай, өзін толғандырған сұрақтарына жауап ала алатындай әрі кез келген мезгілде одан көмек сұрай алатындай оған сенімді болуы керек. Қамқоршылық кеңестің мүшелері болғандықтан, біз өзімізді тәлімгер деп санай аламыз. Бұл ретте біз олардың өмірінде нендей өзгерістер болғанын анықтап, олардың қажеттіліктерін сұрап, оларды әлеу­меттендіруге бет бұрамыз. Сондықтан Қамқоршылық кеңестің тәлімгерлік тәжірибесінің де маңызы мен мағынасы зор. Мысалы, елорданы алатын болсақ, бізде балаларды қолдау орталығы бар. Жалпы қазіргі кезде жетімдер үйі деген ұғым жоқ, тек олардың типтері бар. Солардың бірі – осы орталық. Мұнда қазіргі кезде 90-ға жуық бала тәрбие­леніп жатыр, бұл – шамамен 60 отбасы деген сөз. Бұл жерге түскен балалардың ата-анасы өз перзентінің жүріп-тұруына, біліміне, тәрбиесіне ешқандай атсалыспайды, өзінің жауапкершілігін мүлдем сезінбейді деуге болады. Қамқоршылық кеңестің төрайымы ретінде мен мұндай балалармен және олардың ата-­анасымен жиі кездесемін және олармен көп жұмыс істейміз. Көпшілік жетім балалармен жиі араласпағандықтан, олар көп игіліктен құр қалған деп ойлауы мүмкін. Түк те олай емес. Жетім балалардың барлығы да мемлекет қамқорлығында. Оларға бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Қамқоршылық кеңестің мүшелері де психологиялық тұрғыдан жан-жақты көмегімізді аямаймыз. Ата-анасы тастап кеткен бұл балалардың жүрегі жаралы ғой. Сондықтан біз олармен арада сенім орнатуға, қолымыздан келгенше барынша көмектесуге тырысамыз. Жоба аясында біз үш жылдан бері балалар үйіндегі балақайлар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйе­сінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге тәлімгерлік ету тәжірибесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте біздің Қамқоршылық кеңес алдымен мұндай балалардың қоғаммен бірге дамып, сіңісіп кетуіне, әлеуметтік ортада тұлға болып қалыптасуына барынша ықпал етуде. Қалай болғанда да Қамқоршылық кеңес мүшелері мұндай балалардың мүддесі мен құқығын қорғауға атсалысып келеді. Біз өзіміз қойған мақсаттарға толығымен қол жеткізе алдық. Жобаның ең бас­ты жетістігі – волонтерлік қозғалысты нығайту және тәлімгерлік бағдарламаны енгізу. 250-ден астам жеке тәлімгер балалар мен жастарға қолдау көрсетті. Волонтерлердің саны 4500-ден асты, олардың 2100-і – жастар, ал ­150-і – күміс волонтер.

– Осы тұрғыда елімізде отбасын қолдау орталықтары белсенді жұмыс істеуде. Бұл іске Қамқоршылық кеңестің қосып келе жатқан үлесі аз емес. Солардың ішінде қандай игі істерді атар едіңіз?

– Иә, 3 жылдан бері рес­публикалық жоба аясында отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру және қолайсыз отбасыларға көмек беру бағытында еңбек етудеміз. Қазір осы көмек көрсетудің методологиясын құру арқылы отбасын қолдау орталықтарына арналған бірыңғай тұжырымдаманың жаңа жобасы дайындалып жатыр. Соның бірі Астана қаласындағы «Жанұя» отбасын қолдау институтымен меморандум жасасу арқылы біз көптеген жұмыс жүргізудеміз. Бұл жерде ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту мақсатында кәмелетке толмағандар ісі бо­йынша комиссиямен, білім беру ұйымдарымен, денсаулық сақтау саласының ұйымдарымен және құқық қорғау органдарымен, балаларды қолдау орталықтарымен бірлесіп байланыс жасап, кез келген бір іс туындаған кезде жалпылама, кешенді түрде көмек беру арқылы біз осындай әдістемені құруды жоспарлап отырмыз. Осыған орай, еліміздің барлық аймағында Қамқоршылық кеңестері мен мүдделі тұлғалар үшін тегін онлайн семинар-тренинг жиі ұйымдастырылып тұрады. Волонтерлер мен тәлімгерлерге арналған оқыту тренингі өтті. Шағын гранттар бағдарламасы арқылы 284 өтінім қабылданып, оның 90-ы қаржыландырылды. Бұл бағдарламаның арқасында 2000-нан астам адамға көмек көрсетілді, ал 42 жоба үздік тәжірибелер жинағына енді. Жақында Шортанды ауданына барып, сала мамандарының қатысуымен «Жанұя» орталығында отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіруге бағытталған практикалық семинар-тренинг өткіздік. Оның барысында қатысушылар әлеуметтік арнаулы көмектен тыс қалған осал топтармен қалай жұмыс істейміз деген сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітті. Бұған дейін дәл осындай семинар-тренингтер Астанада да ұйымдастырылып, үш күн бойы Жамбыл, Қарағанды, Жетісу облыстары мен Алматы қаласынан келген мамандар ­өзара пікір алмасып, әр облыс орталығында, қалалар мен аудандарда осындай отбасы орталығын ашу жөніндегі ойын ортаға салды. Соның негізінде қазір үлкен жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде жаңадан қабылданған әлеуметтік ко­декстегі 12 категорияға кірмей қалған, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды тығырықтан шығарудың жолы жа­йында тұжырымдаманы әзірлеу үстіндеміз. Мұның бәрін біз кешенді түрде мониторинг жүргізу арқылы басқара отырып, «кейс-ме­неджмент» технологиясымен жүзеге асырып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру барысында, әрине, қиындықтар болды. Әсіресе шалғай аймақтардағы қатысушыларды тарту қиынға соқты. Біз бұл мәселені онлайн форматтағы іс-шаралар арқылы шештік. Сонымен қатар балалар мен жастардың сенімін арттыру уақытты қажет етті. Алайда волонтерлер мен тәлімгерлердің ынта-жігері мен адалдығының арқасында бұл қиындықтарды еңсере алдық. Жобаның арқасында біз балалар мен жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсындық және олардың өміріне оң өзгерістер енгіздік деп ойлаймын. Бұл – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің жемісі. Жобада жұмыс істеген барлық қатысушыларға, волонтерлерге және серіктестерімізге алғысымды білдіремін. Біз бірге үлкен нәтижеге қол жеткіздік, бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Қазіргі таңда Астана қаласында 5 ауданды қоса есептегенде әртүрлі өмірлік қиын жағдайға тап болған 500-ге жуық отбасы бар. Білім беру ұйымдарындағы Қамқоршылық кеңесі осындай балалардың қоғаммен бірге дамып, сіңісіп кетуіне, әлеуметтік ортада тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп келеді.

Сұхбаттасқан
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button