Тағзым

Мақтанышымыз – Мақтай аға

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевтің туғанына 90 жыл толды. Өзім осындай ардақты азаматпен жақын араласып және қызметте үзеңгілес болғанымды үлкен мәртебе санаймын.

Ағамыз адамгершілігі мол, ел қызығардай үлгіге, тәлім-тәжірибеге толы еліміздің абзал азаматы еді. Сонау сексенінші жылдар басында Мәскеуден Бүкіл­одақтық ғылыми-зерттеу кибернетика институтындағы қызметімді тастап, елге келгенде мені Торғай облысына совхоздың бас экономисі жұмысына жіберген еді. Сол уақытта бірінші рет Мақтай Рамазанұлы Сағдиев туралы естіген болатынмын. Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, әділ адам екенін қарапайым халық сүйсіне айтып жүргенін еміс-еміс естідім.
Бірінші танысу Алматыда – Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитетінде болды. Ол кезде мен сол комитет бастығының бірінші орынбасары – министр қызметін атқарып жүрген едім. Ұзын бойлы, жүзі ашық, өзіне адамның назарын тез аудартып, көңілін тартып алатын адам екен. Сол кезде Мақтай Рамазанұлы – Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. Басқарып отырған облысы – республикадағы ауыл шаруашылығы ең дамыған аймақ. Көптеген жаңалықтар енгізген. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде алдыңғы қатарда болатын. Дүкендері де жергілікті нан, ет-сүт өнімдеріне толып тұратын. Әлеу­меттік жағдайға көп жаңалық енгізген. Александровка (қазіргі Кенесары) ауылын қайтадан жаңғыртып, үлгі ретінде жаңа құрылыстар салған. Сол кезеңдерде көптеген ауылшаруашылық мәселелерін талқылап едік. Көкшетау облысын аралағанда Мақтай ағамыздың істеп жатқан ісін, енгізген жаңалықтарын көріп, өзін ірі ауыл шаруашылық мақтаны, үздік агроөнеркәсіп кешенін ұйымдастырушы ретінде танытқанына өз көзіммен куә болдым.
Қазақ елі егемен болғаннан кейін Көкшетау облысының бірінші әкімі болып Президент Жарлығымен тағайындалдым. Әрине, облысқа баруға дайындық жүргізіп, сараптау жасадым. Ең бастысы, аграрлық облысты индустрия­ландыру қажет еді. Соның арқасында әлеуметтік мәселелерді шешу. Ол – жылу, жол, су мәселелері. Көкшетауда осы мәселелермен толығырақ танысып қарасам, облыста бұл проблемаларды шешуге Мақтай ағамыз кезінде кірісіп кеткен екен. Дәлірек айтсам, РК-2 қазандығы барысында әжептәуір жұмыстар істелген. Жол мәселесін шешуде де бастама жасалып, Көкшетау мен Щучинск арасындағы кең жолды салуға кіріскен екен. Ал су мәселесі кезінде өте күрделі, Көкшетауға Сергеев су қоймасының су құбыры тартылып, Саумалкөлге жақындап келген. Осы құрылыстарды жалғастыруды ойлағанмын. Сонымен қатар Васильев кен-байыту комбинатының жұмысын бастап, жаңа әдіспен алтынның концентратын алып, Көкшетауда алтын қорытатын цех салып та үлгеріпті. Сырымбеттегі қалайы кен орнын игеруді бастауға өз үлесін қосқан екен. Міне, осындай елге, халыққа қажетті мәселелерге бас болып, күш салған Мақтай ағамыз облыста өзінің өшпес ізін қалдырып еді. Сондықтан да әсем Көкшеде қарапайым халық болсын, әртүрлі деңгейдегі басшы болсын, Мақтай ағамыз туралы сү­йіспеншілікпен айтатын. Өз тарапымнан мен де Мақтай ағамыздың бастауларын жалғастырып, әрі қарай дамытуға тырыс­тым. 1989-1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып, осы аса жоғары қызметті абыроймен атқарды. Ол кісі кезінде министр, КСРО халық депутаты, кейінірек Мәжі­ліс депутаты болды.
Кейінірек Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне ауысып, астананы Ақмолаға көшіруде шын жүректен қолдап, үлкен көмек көрсетті. Жалпы, Ардагерлер кеңесін басқарғанда ақсақалдардың, жалпы халқымыздың құрметіне бөленді. Облыстарды басқарғанда республикалық Ардагерлер кеңесімен, оның басшысы Мақтай Рамазанұлы Сағдиев­пен ақылдасып тұратынбыз. Сондағы ең бастысы Мақтай ағамыздың айтатыны – «Ардагерлер – еліміздің алтын қазынасы екенін ешқашан естен шығармау керек, жасаған көмек есесімен қайтады» деуші еді.
Мақтай ағамыздың ширек ғасырдан артық уақытта біреуге бір қатты сөйлеп, айғайлағанын, не болмаса біреуге жекіп ұрысқанын көргенім жоқ. Иителлектуалдығы жоғары, адамгершілігі мол, өміршіл, жұртшыл, ақ ниетті, абзал ағамыз еді.
Ақырғы күндеріне дейін кездескенде, телефон арқылы сөйлескенде елдің жағдайын біліп, оның ішінде ауылдың, жалпы халықтың жағдайын сұрайтын. Екі ғасырдың тоқайласқан тұсында өмір сүріп, екі дәуірде – Кеңес Одағы кезінде, одан кейін егемен Қазақстан кезінде еліне, жеріне қызмет істеді. Көп жылдар жоспарлы экономика құрып, компартия қызметкері болса да, Қазақстанның нарық экономикасына көмектесіп, толығымен қолдады және Президентіміздің реформаларын іске асыру жолында белсене еңбек сіңірді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Мақтай ағамыз әдемі қартая білді».
Фазыл Кәрібжанов ағамыз­дың туғанына жүз жыл толуына байланысты еліміздің елеулі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Елбасыға хат жазғанда бірінші қолтаңбасын Мақтай Рамазанұлы Сағдиев қойғанда: «Біз ұлыларымызды әрдайым ұмытпайық» деп айтқан екен. Солай болғай деп әрдайым тілеймін. Мақтай ағамыз да еліміздің ұлыларының қатарында екені сөзсіз. Ерен еңбегі, халқына жасаған қызметі әруақытта есте қалады.

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,
мемлекет және
қоғам қайраткері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button