Басты ақпарат

Марат НАҒҰМАНОВ, «ҚР Қарулы күштері ардагерлері» ұйымы төрағасының орынбасары, генерал-майор: Отан қорғау – ортақ парыз

Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай өткенге тарихи шегініс жасап, оны ой елегінен өткізуді жөн көрдік. Төл әскеріміз қалай құрылды, қандай қиыншылықтарды бастан кешірді – мұның бәрін бүгінгі жастармен қатар, ертеңгі ұрпақ та білуі тиіс. Осы игі істің бастауында тұрған, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетовтің қол астында қызмет атқарған ардагерлер арамызда. Соның бірі – запастағы генерал-майор Марат Нағұманов. Қарапайым қазақ баласының қатардағы сарбаз кезінде-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталуы көп нәрседен хабар берсе керек. Ол кейін әскери оқу орнына түсіп, бар саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнады. Кеңес Армиясы қатарында полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, «КСРО Қарулы күштері қатарындағы Отанға қызметі үшін» орденін омырауына тақты.

[smartslider3 slider=2859]

– Марат Сералыұлы, тәуелсіздік алған соң елге қашан оралдыңыз? Жалпы Қарулы күштеріміздің тарихы сіз үшін қалай басталды?

– Кеңес Одағы кезінде қазақ офицерлері әрісі Еуропа, берісі Азия елдерінде әскери қызмет атқаратын. 1991 жылы әскери борышымды Прибалтикада өтеп жүргенмін. Кеңес Одағының бұрынғы републикалары бірінен соң бірі тәуелсіздік жариялап, төл әскерін құрып жатты. Кейбір офицерлер қайтадан әскери ант қабылдауға мәжбүр болды. Мұндай жағдай маған ұнамады. Өйткені Отанға адалдық анты бір-ақ рет берілуге тиіс. Сол себепті «Ер туған жеріне» деген мақал жаныма маза бермей, елге қарай елеңдеп жүрген кезім еді. Сол жылдың наурыз айында Мәскеуде өткен 1-Бүкілодақтық партия конференциясына делегат болып қатыстым. Оған одақтас республикалардың да өкілдері, оның ішінде Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Сәбит Байжанов та келген екен. Үзіліс кезінде кздейсоқ танысып, ол кісі «қазақ офицерлерін іздестіріп жатырмыз» деп елге қайтуға ұсыныс жасады. Мен уәде бердім. Сөйтіп жүргенде жағдай кинодағыдай өте тез өзгеріп, Ресей тәуелсіздігін жариялап, артынша әйгілі тамыз оқиғасы (ГКЧП) орын алды. Кеңес Одағының келмеске кетіп бара жатқаны анық еді.

1991 жылдың желтоқсанында Қазақстанға келдім. Сол кезде еліміздің Мемлекеттік қорғаныс комитетін басқаратын генерал С.Нұрмағамбетовпен таныстығымыз Қазақ әскери комиссариатының табалдырығынан басталды деуге болады. «Полковник Нағұманов, соңғы қызметім – Прибалтика әскери округы бақылау комиссиясының төрағасы» деп өзімді әскери жарғы бойынша таныс­тырдым. Ол бірден кабинетіне шақырды. Сағадат ­Қожахметұлы Қазақстанға тәжірибесі мол, әсіресе жауынгерлер мен командирлерді тәрбиелеу ісінде ысылған офицерлер ауадай қажет дегенді айтты. Сосын «Әзірше Алматы әскери училищесіне жеке құраммен жұмыс істеуге барасыз ба?» деп ұсыныс жасады. Бұдан әлдеқайда жоғары лауазымда болғандықтан аталған қызметті қомсынсам да, «Қайда бұйырсаңыз, сонда барамын!» деп жауап бердім. Батыр ағаның болашаққа бағытталған сол шешімінің дұрыстығына кейін көз жеткіздім. Себебі көп ұзамай құрылған төл әскерімізде кадр тапшылығы, оның ішінде ұлттық мамандардың жетіспеу­шілігі қатты сезілді.

1992 жылдың 24 ақпанындағы ТМД-ның Біріккен ­Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының бұйрығы бойынша И.Конев атындағы Алматы жоғары командалық әскери училищесіне ауыстым (бұл оқу орны қазір С.Нұрмағамбетов атындағы ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери институты).

Кадр тапшылығына қатысты бір мысал келтірейін. Сол жылы аталған оқу орнын бітірген 200-ден астам лейтенанттың тек 22-сі Қазақстанда қалды, ал оның 12-сі ғана қазақ болатын. Кейін Киев, Харьков, Қазан, Саратов сияқты басқа әскери училищелерден бізге қазақ жігіттері ауысып келе бастады. Бүгінде олардың алды генерал мен полковник, әскерлерде әртүрлі жоғары қызметте жүр.

Біздің училище көп ұзамай Қарулы күштерге 11 мамандық бойынша офицерлер дайындайтын көпбейінді оқу орнына айналды. Уақыт өте келе полк-дивизия-корпус буынында кадр жетіспеушілігі байқалды. Ірі әскери бөлімдердің командирлерін өзімізде оқытуды қолға алу қажет болды. Жоғары әскери білім жүйесін жетілдіру және әскери ғылымның дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында Алматы жалпы әскери училищесін ҚР Қарулы күштерінің Әскери академия­сы етіп қайта құру қажеттігі туралы құжатты Президенттің атына дайындаумен тікелей айналыстым. Қазіргі Ұлттық қорғаныс университетінің іргесі солай қаланған болатын.

Жалпы әскери білім беру жүйесінде алты жыл қызмет атқардым, содан соң жалпы мақсаттағы әскер қолбасшысының орынбасары, Қорғаныс министрлігінің департамент бастығы ретінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс­тарды атқардым. Отставкаға шыққаннан кейін де жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруден қол үзген жоқпын.

– Осы ойыңызды әрі қарай сабақтасақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ҚР Қарулы күштердің алдына бірнеше кезек күттірмес міндет қойды. Оның ішінде әскери қызметтің беделін көтеру де бар. Оны жүзеге асыру үшін не істеу керек?

– Қазіргі жастардың дені Отан қорғау әскери қызметшілердің ғана міндеті деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Отан қорғау – ортақ парыз. Ерте заманнан белгілі, ел басына күн туса, жетідегі баладан жетпістегі қартқа дейін атқа қонған. Баяғыда данагөй ақсақалға бір әйел келіп, баламды қалай тәрбиелесем болады деп ақыл сұрапты. «Балаңыз қаншада?» деген қартқа әйел «он жаста» деп жауап береді. Сонда кемеңгер кісі «Сіз он жылға кешігіп қалдыңыз…» деген екен. Сол сияқты біз де біраз уақытты жіберіп алдық. Теледидар, баспасөз, интернет атаулы әнші мен шоумендерді насихаттап кетті. Солар кумирге айналды. Енді етек-жеңімізді жимасақ болмайды. Әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар соны меңзейді.

Өткенде ҚР Парламенті ­Мә­жілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында біршама ұсыныс айтқанмын, тыңдайтын құлақ болса. Соларды тағы да қайталап айтамын.

Біріншіден, ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заңының атауын және мағынасын «Жалпыға бірдей әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң деп өзгерту қажет. Аталған заңға енгізілетін негізгі өзгерістер мен талаптар әрбір азаматтың әскери қызметті атқаруы мен әскери дайындықтан өтуіне қатысты болмақ. Ол мерзімді әскери қызмет атқару, әскери оқу орындарында, әскери кафедраларда, арнайы әскери жиындарда және әскери-техникалық мектептерде дайындалу арқылы жүзеге асырылғаны жөн.

Екіншіден, мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтардың шекті жасын 27-ден 30 жасқа дейін созуды ұсынамын. Менің білуімше, жылына 35-40 мың азамат әскерге шақырудан жалтаратын көрінеді. Бұл, ең алдымен, жастардың ел ішіндегі еңбек миграциясымен, шет елдерде білім алуларымен байланыс­ты болса керек. Егер шекті жасты ұзартатын болса, 27-30 жас аралығында жастар білім алып, жұмыс тауып, бір жерге тұрақтанады. Яғни оларды іздес­тіру шығыны азаяды. Сонымен қатар әскерге ой-санасы, дене бітімі толысқан, білімді, әртүрлі мамандықтарға ие жастарды шақыру мүмкіндігі молая түсер еді. Мұның бәрі 18 бен 30 жас аралығындағы азаматтарды толықтай әскери дайындықтан өткізуге мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, біз армиямызды жаңа технологияларды жетік меңгерген, кәсіби шеберлігі жоғары сарбаздармен жасақтау­ға басымдық беруіміз керек.

– «ҚР Қарулы күштері ардагерлері» ұйымының қызметі туралы қысқаша айта кетсеңіз.

– Біздің қоғамдық ұйым 2010 жылы құрылған болатын. Оған армия генералы, Халық қаһарманы М.Алтынбаев басшылық жасайды. Қазір 14 облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында филиалымыз бар. Қызметіміздің басты бағыты – өскелең ұрпақты, әскери қызметшілерді патриотизмге баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығына, жауынгерлік дәстүрді жадымызда сақтап, оны әрі қарай жалғастыруға зор мән беріледі.

Сондай-ақ «ҚР Қарулы күш­тер ардагерлері мен әскери қызметшілерінің отбасы» қорын басқарып отырғандықтан, оның қызметі туралы да бір ауыз сөз айта кетейін. 2017 жылы құрылған қоғамдық қор қайырымдылықпен қатар ардагерлер мен олардың отбасына әлеуметтік-құқықтық жәрдем береді, олардың қайта маманданып, жұмысқа тұруына қолғабыс етеді.

Осы уақыт ішінде аталған мақсаттар мен ардагерлердің мұқтаждықтары үшін материал­дық көмек ретінде 31 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Кеңес Одағының Батыры, армия генералы С.Нұрмағамбетовтің мүсінін жасап, орнатуға 4 млн 576 теңге жұмсалғанын да айтқан жөн.

Біз бірнәрсені ұмытпауымыз керек, мың жерден бақайшы­ғына дейін қазіргі заманғы қару-жарақпен, әскери техникамен қамтамасыз етілген мықты армия болса да, бәрібір адам соғысады. Егер сол адамның жүрегі елім деп соқпаса, рухы мықты болмаса, оның жеңіске жетуі екіталай. Ендеше елім деп елжірейтін ұрпақты тәрбиелеп, өсіру – біздің ортақ парызымыз.

 Сұхбаттасқан Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button