Әлеумет

Маркстің елесі ел кезіп жүр

Бала кезіміз. Кеңестік идео­ло­гия­ның дәурені жүріп тұрған шақ. Мектеп табал­ды­ры­ғын­ алғаш аттаған кезден бастап бізге жаттатқан өлең болды:
Ленин ата, біз – ұлан,
Сенен туған шат көңіл.
Сенің нұрлы шұғылаң,
Бізге әперген жақсы өмір…

Бұл біздің мектеп қабырғасында жырлайтын жыры­мыз еді.
Бірде әкеммен көрші ауылға бардық. Барған үйдің иесі «балам, қонақтарға өлеңіңді айтып берші» деп еді, әлгінің баласы:
«Үйімізде, төрімізде,
Портретте тұрған кім?
Кімнің жүзі таныс бізге,
Бізге жақын тұрған кім?
Бұл – Ленин бабамыз!

Бұл – Ленин данамыз!» деп тақылдап қоя бермесі бар ма…Ол бізден бір сынып жоғары оқитын болып шықты. Өзі үздік екен. Әлгі баланың елгезектігі отырған жұртты елең еткізді-ау деген менің ойымды бөлген сол сәттегі басқа бір жағдай әлі күнге дейін есімде қалып қойыпты. Ол – төрде отырған қарт ақсақалдың: «Е, шырақтарым, біз көре алмас­пыз,­ ұрпағымыз не болар екен» деп ауыр күрсінгені. Осы бір қатулы қабақ санамда жазылып қалыпты. Мұның сырын мен есейіп, ержеткен соң түсіндім.
Біз жоғары сыныптарға келгенде еліміз Тәуелсіздігін алды. Мектеп қабырғалары мен кабинет­те­рінде ілініп тұратын Лениннің, Маркстің суреттері алына бастады. Мектептің алдында тұрған Лениннің тас мүсінін он бір бітір­ген­ жылы тракторшы ауыл сыр­тын­дағы қоқысқа апарып тастаған.
Кейін білдік, қазақта Лениннен, Маркстен өткен талай ғұламалар өмір сүргенін. Солардың көбі Кеңес үкіметі орнағаннан кейін атылған, асылған.
Не үшін? Идеялары Маркс пен Лениннің іліміне, Кеңес үкіметінің отаршылық саясатына кереғар болғаны үшін. Көзқарасы үшін адамды атуға, асуға бола ма? Адам­зат­тың ақыл ойын құлдыққа салудан асқан зұлымдық бар ма?
Бұл сұрақтар бізді ойландырып, боздақтардың шығармаларын оқуға ерекше құлшыныс тудырды. Оқыдық. Көңілге түйдік. Олардың идеялары мен көзқарастарынан «халық жауы» атанарлық пікір таппадық. Керісінше, өз халқының тәуелсіздігі үшін кеңестік идео­ло­гия­ның саяси құрбаны болғанына көз жеткіздік.
Кеңестік жүйенің идеялық негі­зі­не­ айналған марксизм ілімі қазаққа не берді? Бұл сұрақ Тәуел­сіз­дік алған­нан кейін тарихтың таразысына түсіп, қайта зерделенуі керек еді. Бірақ бұл үрдіс қоғамда өте баяу жүріп, оған әділ бағасын беруге­ тырыс­қан кейбір ғалымдардың жаз­ған дүниелерін жат құбылыстай жұрт қабылдай алмады. Шәкәрім мен­ Әлиханды жоқтағандар алашшыл, қазақтың жоғалтқанын ізде­ген­дерді әсіре ұлтшылдар деп санау, өкінішке қарай, қоғамдық пікірде әлі күнге дейін көрініс тауып келеді. Мұның бәрі кеңестік идеологияның санаға сіңіп, тастай бекіп алуының көрінісі демеске амал жоқ.
Марксизм ілімі қазаққа өзі не бер­ді дегенге келсек, ең алдымен «Таңдағы тамақ – Тәңірден», «адамның басы – Алланың добы», «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген қазақтың төл санасын улап, атеистік білім сіңірді. Иманнан айырылған жұрттың аузының дуасы, сөзінің қасиеті кетті.
Марксизм адамзаттың тарихын­ өндіріс күштер мен өндірістік қаты­нас­тардың дамуы арқылы өлшеп, тарихты тұлғалар арқылы, мәдени үрдіс арқылы танып-білудің тамырына балта шапты. Осылай біз тарихи тұлғаларымызды ұмыттық.
Үшіншіден, марксизм ілімінің жаны диалектика болған (Энгельс). Ол ілімнің атасы, неміс ойшылы Ф.Гегель саналады. Бұл – мүлдем қазақ­­қа жат ілім. Диалектика «дүние қарама-қайшылық заңдары арқы­лы дамиды» дейтін көзқарасқа негіз­­де­­леді. Қазақтың дүниетанымы үшін дүниеде ешқандай қарама-қай­шы­­лық жоқ, тек үндестік қана бар.
Гегельдің диалектикасынан Еуропа ХІХ ғасырда-ақ бас тартқан. Олар­дың Ницше, Шопенгауэр сияқ­ты ойшылдары адамның ойлау әле­міне ғана тән қайшылықтарды бүкіл дүниенің заңдылығы ретінде қарауға қарсы болып, теріске шығар­ған. Шопенгауэр Гегельді «адамның ой әлемі үшін ғана қайшылық болып саналатын елестерді әлемге апарып теңейді» деп кінәлаған. Ф.Ницще болса, жалаң рационализм адамзатты көркемдік ойлау философия­сы­нан қол үздіріп бара жатқанын айтқан.
Бұл ілімдердің қазақтың ұлттық сана-сезіміне жаттау жері де – осы. Қазақ – көркем ойлайтын халық. Жоғарыдағы ілімдер қазақтың жан дүниесіне мүлдем бөтен.
Шын философия – еркін ойлау, қатып қал­ған қасаң қағидамен жүр­меу.­ Марксизм тарихта ілім ретін­де қалады, ал оны радикалды ұста­­нып­ дінге айналдыру қауіпті. Бұлай етудің өміршең еместігі кеңес дәуі­рін­де практикада дәлелденді. Марк­сиз­м­ді радикалды ұстанып, қыз­ғыш­тай қорғаушылар қоғамда «марк­­сис­­тік секта» топтарын тудыруда.
Қазақ ойшылдарының кеңестік дәуірде бағаланбауының ең басты себебі олардың марксизм арқылы өлшенуі болды. Өкінішке қарай, марксистік түсініктер әлі күнге дейін біздің ішкі цензурамызға ай­на­­лып отыр. Қоғамда кеңестік тәлім-тәрбие алған кейбір адамдар сол ілімнің ішінде адасып жүргенін түсінбей келеді. Мұны өткен дәуір­дің кінәраты деп сылтауратсақ та,­­ ең қорқыныштысы, көптеген адам­­дар­дың әлгі ілімнен шыққысы кел­мей­тін­дігі, оны қызғыштай қорғап бағатыны. Бұл тәуелсіздікті мойын­да­мау, оған қарсылық таныту емей немене?!
Оған мысалдар жеткілікті. Мәсе­лен,­ осы­дан­ үш жыл бұрын ел тәуел­­сіз­­ді­гі үшін құрбан болған ұлт көсе­мі Әлихан Бөкейхановқа Қара­ғанды қаласында бұрынғы Ленин­ атын­дағы көшені беру туралы­ сөз бол­ған­да, оны «террорист» деп бағалап, қарсылық танытқан адам­дар­дың шығуы Ленин мен сол жүйеге табынушылықтың әлі күнге дейін ұлттық рухымызды етектен тартып отырғанының дәлелі емес пе? Бізге марксизм әдісінен босап, тарихты тұлғалар арқылы бағалайтын кез жетті.
Қарағанды қаласының орталық көшесінде тұрған Лениннің соңғы ескерткіштерінің бірі тәуел­сіз­дік­пен­ бірге 20 жыл жасап барып, 2011 жылы ғана алынғанда:
«Күлкі боп жұртқа, күл болып Күнге ысталмай,
Жерге түс енді, жетпіс жыл жүрдің – ұшқандай.
Алты жүз түгіл, алты мың тонна болсаң да,
Аллаға сенің салмағың – бір-ақ мысқалдай», –

деп Серік Ақсұң­қар­ұлы жырлап еді. Бұл – Алаштың Ленинге берген бағасы. Соңғы ескерткіштер алынған соң Ленин­нің­ де, Маркстің де бейнесін ұмыта бастаған едік.
Бірақ таяуда Астанадағы жоғары оқу орындарының біріне жұмыс бабымен бас сұққанымызда қауға сақал Маркстің портреті қасқайып ілініп тұрғанын көзімізбен көріп, Маркстің елесі әлі күнге дейін ел­ ке­зіп жүр екен ғой деген ойға қалдық.
Алашқа оны ұмытар күн болар ма екен?!. Бұл елестен қашан тәуелсіз боламыз деген ой келді. Сол сәтте ақын Абзал Бөкеннің мына бір жолдары ойыма оралды:
Анаған бір ақыл айтқан елеңдеп,
Мынаған бір батып айтқан көнем деп.
Ел ақылы шыққан сайын төбеме
Төл ақылым кетті менің төмен­деп.
Келе қалар бақыт қай күн, сор қай күн?
Болжай алмай үгітілген бордаймын.
Өз ойыма болымы жоқ басымның
Кісі ойына орны көп…
Сол – қайғым!

Кеңес дәуірінде ел ақылымен өмір сүрген қазаққа, тәуелсіздікте төл ақылымен өмір сүретін кез келді емес пе! Ол заманда кісі ойы­мен өмір сүріп келсек те, енді өз ойымызбен өмір сүретін, санадағы құлдықтың бұғауын бұзып шығатын заман жетпегені ме? Әйтпесе, Маркстің елесі қайдан жүр?
Елімнің жайын айта алман, көзге жас алмай,
Жат ілімдерден қалдық біз неге аса алмай?
Абайларым жүр, Алаштың ұлы болса да,
Портреттерде Маркстің орнын баса алмай…

Алаштың рухы өрге, ғұлама­ла­рымыз төрге шығатын күн қашан болар екен?! Сіз не дейсіз…

Шынтемір АЛАШ,
Қарағанды қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button