Мәртебелі музыка мәресі
Аккордтар үнімен атыраптағылардың назарын Астанаға аударған «Astana Piano Passion» фестиваль-байқауының шымылдығы жабылды. 16 мамыр күні «Қазақстан» орталық концерт залында үш мыңға жуық көрерменнің қатысуымен шараның соңғы гала-концерті өтті. Өнерімен бәйгеге түскен жас жеткіншектердің жеткен жетістіктері жайлы қорытынды да осы кеш барысында айтылды.
Еске сала кететін жайт, әлемнің 12 мемлекетінен келген 18 жасқа дейінгі балғын пианистер бір апта бойы үш топқа бөлініп, бақ сынасқан. Әуелгіде бірнеше мәрте іріктеу сындарынан өткеннен кейін дүйім жұрт алдында жеке өнер көрсетіп, бір қадамын артқа тастаған еді. Екінші сынақ кезінде олар оркестрдің сүйемелдеуімен түрлі туындыларды ойнады.
Нәтижесінде, кіші топ бойынша Роман Борисов (Ресей), Николай Варламов (Ресей), Владимир Иванов (Ресей) және ең жас, сүйкімді сайыскер қазақстандық Санжарәлі Көпбаев екінші орынды иеленді. Оларға әділ қазылар алқасы атынан Денис Мацуев пен Рио-де-Жанейро музыка академиясының профессоры, Dell-Arte мәдени қорының президенті, Бразилиядан келген қонақ Мириан Дауэльсберг марапат белгісі мен сыйлықтарын табыстады. Атап айтар болсақ, жеңімпаздарға диплом, ақшалы конверт, «Бәйтерек» кәдесыйы мен Астана қаласы әкімі атынан арнайы сыйлық ұсынылды.
Орта топ бойынша аты озғандарды марапаттау үшін байқаудың көркемдік жетекшісі Денис Мацуев ортаға «Астана опера» опера және балет театрының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Төлеген Мұхамеджановты шақырған. Бұл жастағылар бойынша үшінші орын –украиналық сайыскер Олексей Канкеге, екінші орын – Солтүстік Кореядан келген Ю Пель Миге, бірінші орын ресейлік Александр Малофеев пен жапон Юкине Курокиға бұйырды.
Ал, үлкен топтың жеңімпаздарын Ирландия патша музыка академиясының, Shenandoah консерваториясы мен Showa музыкалық академиясының профессоры Джон О-Коннор мен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Валерий Пясецкий марапаттады. Ересектер арасындағы үшінші орынды – кореялық Сэ Юн Чон мен жапониялық Ю Накамура, екінші орынды – даниялық Густав Крог Хансен Пьекут пен ресейлік Илья Бахтин, ал бірінші орынды ресейлік Александр Кутузов иеленді.
Италиялық Джоржио Ботоли Трионе мен ресейлік Николай Кузнецов арнайы дипломмен марапатталды.
Астананың он бес жылдық мерейтойы қарсаңында және алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқаудың өту дәрежесі жоғары болғанына шүбә жоқ. Байқау-фестивальдің тағы бір артықшылығы, ww.astana-app.kz сайты арқылы тікелей эфирде көрсетіліп отырған шараның барынша ашық және әділ өткендігі. 10-16 мамыр аралығында байқауды әлемнің әр шалғайындағы 15 мың көрермен тікелей желі арқылы тамашалады. Ал одан бөлек жалпы сайтқа кіріп, жер жүзінің әр нүктесінен 50 мыңнан астам адам байқау барысын қызықтапты. Осынау мәдени мерекенің ауыз толтырып айтарлықтай биік деңгейіне, оған Астана әкімдігі барынша қолдау көрсетіп, шебер ұйымдастырушылық таныта білгеніне ризашылығын білдірген Денис Мацуев сол кештің тағы бір қаһармандарын ұмыт қалдырмады. Олар – педагогтар. Сайысқа келіп, пианино тартып, музыка өнерінің түрлі мектептерін паш еткен балалардың ұстаздары. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәния Әубәкірованы ортаға шақырған Денис Мацуев байқаудың ұйымдастырушылары мен қазылар атынан өнерпаз жастарды жетектеп әкелген ұстаздарына да арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.
Кеш мұнымен біткен жоқ. Уәде етілгендей, байқау финалистеріне көрсеткен жетістіктеріне орай жоғары дәрежелі халықаралық фестивальдерге қатысуға жолдама ұсынылды. Ал, ресейлік кішкентай ғана пианист Николай Варламовқа жергілікті халық өнеріне бойлап, қазақ композиторларының туындыларын үздік орындағаны үшін арнайы сыйлық берілді.
Кеш соңында мәлім болғандай, «Аstana Piano Passion» жас пианистердің І халықаралық байқауының гран-приі үлкен топтың жеңімпазы Александр Кутузовқа бұйырды. Бұл марапатты табыстау үшін сахнаға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов көтерілді.
«Біздің байқауда ұтылған ешкім жоқ. Сәтсіздер мүлдем жоқ мұнда. Тек қана бірден беріле салатын адамдар болады. Өмірде табанды еңбектің баламасы жоқ. Еңбек шеберлікке, ал табандылық пен талант даңққа жетелейді. Сондықтан, мен сахнада тұрған жас достарыма – сендер бәрің де жеңімпазсыңдар дегім келеді» деді әкім.
Сонымен, осы байқаудың ең қымбат кәдесі Денис Мацуевтің роялі Александр Кутузовқа ұсынылды.
Бұл кештің әр минут, әр секунды көрерменді жалықтырған жоқ. Жеңімпаздардың концерттік бағдарламасын Мацуевтің өзі жүргізді. Шын өнер иесі қаншалықты атақты болса, соншалықты қарапайым, баладай пәк, таза болатынына көз жеткізе түскендей, ол жанына ең жас сайыскерлер -Варвара Кутузованы, Шуан Эрн Лиді және біздің Санжарәлі Көпбаевты отырғызып алды. Бір-біріне ымдап, сыбырлап отырып, осы төрт жүргізуші бағдарламаны жандыра түсті.
Бір аптаға созылған «Аstana Piano Passion» фестивалінің қызығына қанбай қалған жұрт ықыласын жасырмаған. Соған орай халықаралық байқаудың келесі кезегі 2014 жылы өтетіні мәлім болды.
Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ