ЖаңалықтарЭкономика

«МӘРТЕБЕЛIЛЕР ТҰТЫНЫМЫНЫҢ» ӘУЛЕКI ӘСЕРI немесе тоғышарлық тұманында адасу нелiктен қауiптi?

…«Ең алдымен «мәртебелiлер тұтынымының» (оқу құралдарында орысша – «престижное потребление», ағылшынша – «conspicuous consumption») әсерi деген не екенiне тоқталайық. Оның авторы – Торстейн Веблен (1857–1929). Америкалық капитализмнiң сыншысы болған ол заманауи экономикалық ой-идеялардың дамуына баға жетпес еңбек сiңiрдi, институционализм атты бүтiн бiр iлiмдiк ағымның негiзiн қалады.
Сөзiмiз ұзап кетпеу үшiн Веблен өмiрбаянының түйiндi жерлерiн сы­дыр­тып өтелiк. Ол шаруасы шатқаяқ­таған иммигрант-фермердiң отба­сын­да дүниеге келiп, бозбала шағында беделдi Йель университетiнде бей­шара студенттiң, содан соң жұмыссыз қалған философия докторының халiн бастан кешiрсе де, кейiн экономика саңлақтарының қатарына қосылды. Вебленмен бiрге оқыған курстастары, одан дәрiс алған шәкiрттерi Америка мықтыларының – алпауыттар мен ақсүйектердiң, өнер жұлдыздарының бала-шағасы болатын. Осындай мәртебелi адамдардың мiнез-құлқын зерттей келе, Веблен оларды «жұ­мыстан бос тап» («праздный класс», leisure class) деп атады. «Жұмыстан бос таптың» өкiлдерi өзара бәсе­ке­лесiп, бiр-бiрiне қызғанышпен қарап, қол жеткен табыстарын мақтан тұ­туға, билiктi иемденуге ғана тыраш­танып бағады. Олар еңбек етудi «тө­менгi» («низший», «underclass») тапқа тән тiрлiкке балап, онымен еш уа­қыт­та айналыспайтындарын жасырмай­ды. Мұнысы менменсiген, өркеуде өпiрiм мiнез-құлықпен астас­қан астамшыл iс-әрекеттерiнде де айқын аңғарылып тұрады.
Мәселен, биiк өкшелi аяқкиiм киiп, маникюр жасатып, шашын қопсыта тараған, сәндi, бiрақ тым қораш маталарға оранған кiсi дене еңбегiнен аулақ екенiн, ақсүйектер табына жататынын бiлдiруге тырысады. Мұндай «жұмыстан бос таптың» өкiлi өзiн өзгелерден ерекшелейтiн игiлiктердi (тауарлар мен қызмет түрлерiн) тұтынады.
Мүмкiн, бiреулер «бұл байларға тән одағай қылықтар ғой, не iстесе де өз­дерi бiлсiн, бiз қа­ра­пайым адамдар­мыз, бiзге оның қатысы қанша?» деп ойлауы мүмкiн. Алайда, Тор­стейн­нiң өзi тап осының аса қауiптi тенден­ция еке­нiн байқаған. Қа­ра­пайым адамдар «жұ­мыстан бос тап» тiр­шiлiгiнiң ал­дам­шы көрiнiстерiне көз сала жүрiп, күн­дер­дiң бiр күнiнде олар­ға елiктей бастайды. Мiне, бар мәселе осы жерден бастау ала­ды. Себебi, қаймана жұртшылық өзде­рiне мүлдем қа­жет­сiз, алайда қалың көп­шiлiктен бөле жаратын, иә бол­ма­са, айналадағы­лар­дың қызғанышын тудыратын «мәр­те­белiлердiң» тауар­ларын тұтынуға бел буады. Мұнда тұрған не бар дер едiк, бiрақ адам­дардың бұған табысының елеулi бөлiгiн, жинап сақ­таған ақшаларын жұмсап, соның кесi­рiнен көп ретте қарызға бататыны болмаса. Соның салдарынан отандық инвестиция арнасына құйылуға тиiс халық қаржысы әдетте шетел асып кетедi.
«Мәртебелiлер тұтынымының» әсерiне күнделiктi тұрмыс-тiр­шiл­iк­тен бiрнеше мысал келтiрелiк.
Балаларға арналған косметиканы тұтыну – бiз айтып отырған әлгi әу­лекi әсердiң көрнектi мысалы. Осыдан 15-20 жыл бұрын, балаңдау шағымызда кiшкене қыз балалар көз бояуынан, тональды креммен, тыр­нақ лагынан, әтiрден гөрi қуыршаққа, түрлi ойыншықтарға көбiрек қызық­қанын көзiмiз көрдi. Бүгiнгi ата-аналар балаларының косметикаға қызығушылығын қайтармай, құптап жататынын жиi кездестiремiз. Баланы түсiнуге болады, ол өндiрушiнiң жа­лау­латқан жарнамасының ықпалына оңай түсiп қалады. Ал қызын дүкенге ертiп келген ананың оған әуелi ке­зектi косметика жинағын, дизай­нер­лiк сөмкенi немесе өкшелi туфлидi әперiп, содан кейiн барып тiзiмiндегi қалған заттарды сатып алуға кiрiсуiн түсiну қиын. Құлағында несиеге алын­ған гауһар тас сырғасы бар «хан­шайымнан» қандай «ханша» өсiп шығар екен?!
Келесi мысалды, дәлiрек айтқанда, наразылыққа толы әңгiменi мен бiр оқу орнының күзетшiсiнен естiдiм. Ол өзiнiң соңғы жылдары көзiн кесiп, көкейiн тесiп жүрген жәйттердi жайып тастады. Оның айтуынша, студент қыздардың тым ерсi киiнетiнi, әсiре ажарланатыны соншалық, олардың түнгi клубқа, әлде универ­ситетке келiп тұрғаны белгiсiз. Ұзар­тылған тырнақ, ұлғайтылған кiрпiк, жалғамалы шаш, «баттастырған» макияж, қысқа белдемше, капрон колготкалар (қыстың үскiрiк ая­зында!), кеудесi кең ойылған жағасыз көйлек, жұп-жұқа көкiрекше, қысқа етектi жеңiл тон – мiне, бұл осы күнгi сәнқор студент қыздың бейнесi. Күзетшi әке-шешесiнiң өз баласын осы бойымен үйден қалай жiбе­ретiнiне шынымен таңырқайды.
Шынтуайттап келсек, таңданатын түгi жоқ. Бұл қыздар – «мәртебелiлер тұтынымы» әсерiнiң құрбандары. Келешегiне пайдасы тиетiн кiтап­тарды оқып, спортпен шұғылданып, тiлдердi оқып үйренудiң орнына олар бар қаражатын «беделдiлер» тұ­тынатын заттарға жұмсайды. Бұл әу­лекi әсердiң ауа жайылып, кең ау­қымда ықпал ету мүмкiндiгiн ескер­сек, елiмiздiң экономикалық қауiп­сiздiгiне қаншалықты қауiп-қатер төнетiнiн пайымдауға да болатын шығар, сiрә.
Айта кететiнi, «мәртебелiлер тұты­нымы» әсерiнiң құрбандарын да жаз­ғыра беру жөн емес. Оларға бұқа­ралық жарнаманың барлық құрал­дары күнбе-күн жүйелi түрде әсер етiп отырады. Кез келген журналды, интернет-беттi ашып қалсаңыз, дене мүшелерi жасанды «бақытты» адам­дар қай аралға барып қайтқанын, сол кезде қай брендтiң киiм-кешегiмен «жай­қалып» жүргенiн жайып жат­қанын көресiз.
Бiз олардың мiнез-құлқын, дизай­нерлiк заттарын (әдетте, Қытай өндiр­ген), тұрмыс салтын және т.б. бәрiн көшiрiп ала қоямыз. Бiз осы жағ­дай­ды Америка құрлығын алғаш жаулап алушылардың аборигендерден баға­лы металдар мен тастарды алып, ор­ны­на түрлi-түстi майда шыны заттар, айна, т.с.с. уақ-түйек әшекейлердi бер­генiне ұқсатамыз. Мұндай айыр­басқа сол кезде екi жақ та ырза бо­латын.
Сiз ше?..

Елдос НҰРЛАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button