Білім

МӘРТЕБЕСІ БИІК МЕКТЕП

Биылғы жаңа оқу жылында Астанада республикалық физика-математика мектебінің филиалы елордалық дарынды балаларға шалқайта есігін ашты. Әрине, атағы көпке жайылған оқу ордасын бәріміз де жақсы білеміз. Бүгінде билік пен бизнес саласында жүрген озық ойлы азаматтардың дені осы алтын ұядан түлеп ұшқан. Одан қанаттанған айтулы ғалымдардың өзі бір төбе. Сондықтан бас қаламызда қоңырау қаққан мектепке құтты болсын айтып, әдейі ат басын тіредік.

dsc_0029

Есілдің сол жағалауындағы тарихи қала – Түркістанның атын иемденген көше бойына орналасқан мектеп ғимараты анадайдан көз тартады. Біз оқу ордасына бас сұққанда, ғимарат алды ығы-жығы оқушылар. Бірі үзіліске шығып, бірі сабақтан тарап барады. Мектеп директоры бізді күлімсіреп қарсы алды. Жүзі шырайлы, жалындаған жас жігіт. Мен білім ұясына бара жатқанда, директор егде кісі шығар деп ойлаған едім. Оны көріп, өзім іштей қысылдым. Есімі – Ғабит Бекахметов. Табиғаты көркем Бурабайда туып өскен. АҚШ-та экономика, саясаттану және шығыстану бойынша білім алған. Нью-Йорк қаласындағы Debevoise&Plimpton LLP компаниясында қызмет атқарған. Қысқасы, қазақы тәрбие мен еуропалық мектепті көрген, білігі жоғары, білім­ді азамат. Әңгімені де бірден бастап кетті.
– Елордада елімізге мәлім іргелі мектеп филиалының ашылуы – ерекше қуанышты жағдай. Оны ата-аналар тарапынан айтылған алғыстардан байқаймыз. Оқу ордасына оқушыларды іріктеу тамыз айында басталды. Алғашында 2 мың бала құжат тапсырды. Соның ішінен сараптаудан өткен 1-10-сынып бойынша 900 оқушыны қабылдадық. Биылша 11-сынып түлектерін қабылдаған жоқпыз. Өйткені жаңа ашылып жатқан мектеп болғандықтан, оларға физика-математика бағдарламасын толық беру қиын болар деп ойладық. Балалардың 40 пайызы қазақша оқыса, 60 пайызы орысша білім алады. 1-сыныптар арасында орысша оқитындар көбірек.
Әрине, бізде оқудың өз талаптары бар. Мәселен, 8-10-сыныптың оқушылары физика-математика пәндерінен емтихан тапсырды. 2-7-сыныптарда оқитын жеткіншектерден ағылшын, қазақ немесе орыс тілдерінен емтихан алдық. Ал 1-сыныпқа Назарбаев зияткерлік мектебінің жүйесі бойынша қабылдадық. Олармен сынақ сұхбаттасу түрінде өтті. Балалардың психологиялық ой дамуын бақыладық. Сөйлеу қабілеттерін қарадық. Мұғалімдер де іріктеу бойынша жұмысқа қабылданды. Бастысы, олардың еңбек өтілі мен педагогтік дәрежесіне назар аудардық. Алматыдағы физика-математика мектебінен 5-6 ұстаз келді. Назарбаев зияткерлік мектептері мен қаладағы оқу ордаларында еңбек етіп жүрген озық оқытушылар да қосылды. Бүгінде білім ұясында 80-ге жуық мұғалім, 40 сынып бар, – деп сөзін бір қайырып өтті мектеп басшысы.
Оның айтуынша, мектеп мемлекеттік оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Бірақ физика-математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Кейбір гуманитарлық пәндердің сабақтары азайтылған. Айталық, 8, 9, 10-сынып оқушыларына сыни тұрғыдан ойлау пәні өтеді. Онда олар қоғамдағы құбылыстарға өз көзқарасымен қарап, ой түйеді. Сараптама жасайды. Енді осы сабақ 5-7-сыныпқа өткізілмек. Сонымен бірге, 5-сыныптан бастап жеткіншектерге физика пәні өтеді. Онда оқушылар физиканың тұжырымдамасы және теориясымен танысады. Ол жасөспірімдер жоғары сыныпқа барғанда, физикалық формулалармен жұмыс істеуге жеңілірек болмақ. Информатика пәні де 5-сыныптан бастап оқытылады. Оқу ордасының материалдық базасы да уақыт талабына сай жарақталған. Кітапхана, арнайы лабораториялық кабинет, екі спорт залы, 400 орындық асхана жұмыс істейді.
Мектептің ашылғанына небәрі бір айдан астам уақыт болса да, оқу ордасында игілікті іс үрдіс алған. Таяуда оқушылар елімізге Жапония мен Ұлыбританиядан сапарлап келген танымал ғалымдармен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме өрбіткен. Енді елордада тұратын математика саласының майталман ғалымдарымен жүздесу жоспарланып отыр. «Мұның барлығы оқушыларға өнегелі тәрбие береді. Ғалымдардың әңгімесінен ғибрат алады. Сол тұлғалар секілді ғылым жолына түсуі де мүмкін. Сондықтан осындай шаралардың тағылымдық мәні құндырақ» дейді мектеп директоры.
Бір ғажабы, білім ұясында еліміздің әр түкпірінен келіп, оқып жатқан оқушылар да кездеседі. Олардың дені мектептің интернаты болмаса да, туыстарының үйінде жатып оқиды. «Біздің оқушылар шетінен қабілетті. Біреуі ағылшын тіліне жүйрік. Келесі ана тілімізде шебер сөйлейді. Математикаға алғырлар да көп. Енді түрлі үйірмелердің жұмысын қолға алдық. Балалар сабақтан тыс уақытында солармен айналысады. Оларды халықаралық, республикалық олимпиадаларға дайындауды бастадық. Ол да біз үшін бір абырой. Мақсатымыз да осы жеткіншектер сапалы білім алып, еліміздің дамуына орасан үлес қосып, жоғары кәсіби деңгейде еңбек етсе деп ойлаймыз. Сол үшін алдымызда қыруар іс тұр. Соны үлкен жауапкершілікпен сезініп, ұжым болып, тату-тәтті бірлікте жұмыс істеп жатырмыз» деді Ғабит Қайратұлы.
Айтпақшы, жақында ғана Қарттар күніне орай мектеп ұжымы ұлағатты ұстаздар мен қарияларды шақырып, дастархан жайып, үлкендердің батасын алыпты. Бұл да жөн білетін басшының ісі екендігіне ішіміз жылып қалды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button