Мәселе

Мас болып көлік тізгіндеу – нағыз қылмыс

Қолына оқтаулы мылтық ұстап тұрған мас адамды көз алдыңызға елестетіңізші. Ол өз іс-әрекетіне жауап бере ала ма? Шүріппені басып қалып, айналасындағы кез келген адамның өмірін қиып жіберуі әбден мүмкін ғой. Көлік рөліне ішімдік ішіп алып отырған есерсоқ та тап соған ұқсайды. Ащы суға арбалып көлік тізгінін ұстағанда, бірнеше адамның обалына қаларын түсінбейді немесе түсінуге ақылы жетпей, аса қауіпті қылмысқа барады.

[smartslider3 slider=825]

Бір саптыаяқ сыра ішіп едім…

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында 27 адам көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жазаға тартылған. Бұл тек рейд кезінде тәртіп сақшылары қырағылығының арқасында құрықталғандары ғана. Ал бір-екі жүз грамды тамақтан өткізіп жіберіп, қала көшелерімен зымырап жүргендері қаншама! Бетін аулақ қылсын! Солардың кез келгені – адам өміріне тікелей төніп тұрған қатер.

Мамандардың айтуынша, ішке түскен елу грамм алкогольдің өзі адамның қимыл-әрекетін тежеп, байқампаздығы мен қырағылығын анағұрлым бәсеңдетеді екен.

Қазір бас қалада ресми тіркелген 480 мың автокөлік бар көрінеді. Оған шаһарға сырттан келіп-кететін транзит машиналарды қоссаңыз, қала көшелеріндегі толассыз жүйткіген автомобиль тасқынынан басыңыз айналар еді. Ал солардың арасында мас жүргізуші жүрсе ше?

Осындай төтенше жағдай тамыз айында тіркеліпті. Араққа сылқия тойып алған 28 жасар қала тұрғыны түнгі сағат бірдің шамасында Республика даңғылында қатты жылдамдықпен ұшып келе жатқан. Оны полицияның патруль экипажы байқап қалып тоқтатпақшы болғанда, заңды талапқа бағынбастан, құйғытып өте шыққан. Онымен қоймай, келесі бұрылыста соңдарынан түскен полиция қызметкерлерінен бой тасаламақшы болып, жолдан бұрылып үй-үйдің арасымен қашқан. Бірақ көп ұзамады. Аулада тұрған екі машинаны соғып, соңында өзі кептеліп қалған. Абырой болғанда, адам зардап шеккен жоқ.

Сонда машинадан шыққан жігіт еш шімірікпестен: «бір саптыаяқ сыра ішіп едім, онда тұрған не бар?» деп тәртіп сақшыларына түсініктеме беріпті.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Осыдан келіп мынадай заңды сауал туындайды. Заң қанша қатайғанмен, үгіт-насихат жұмыстары барынша жүргізілгенмен, мас жүргізуші неге азаймай отыр?

Жас жүргізушіде желік басым

Статистика мәліметі бойынша өткен жылы елімізде мас күйінде көлік жүргізген 27 мың жүргізуші ұсталған. Солардың кесірінен 498 жол апаты тіркеліп, 96 адам ажал құшса, 815 адамның денсаулығына айтарлықтай зиян келген.

Тасемен Берікбол ағамыз – 37 жыл қоғамдық көлік жүргізіп, зейнетке шыққан тәжірибелі жүргізуші. Көп жылғы еңбегінде Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 автопарктің беделді де белді жұмысшысы болыпты. «Осындай мәліметтерді естігенде төбе шашым тік тұрады» деп ағынан жарылады.

– Ең қымбат деп саналатын адам өмірін мас жүргізушілер әп-сәтте қиып кетіп жатса, жаның қалай күйзелмейді? Қазір заман өзгерді. Он жетіге жаңа ғана толған өрімдей баласына кейбір бай-бағландар жүргізуші куәлігімен қоса қымбат көлік сыйлайды. Міне, осы астамшылық үлкен қылмысқа алып келеді. Он жеті жаста құйрығына су жаңа супер көлікті басқан желөкпеде желік пайда болмағанда қайтеді? Сосын ол бір-екі саптыаяқ сыраны сіміріп алып, машина айдауды әдетке айналдырады. Бара-бара бір-екі жүз грамм арақты қылғытып алып, қала көшесін әкесінің кең жайлауындай кезетін болады. Өйткені олар «крышалары» бар екенін анық сезінгендіктен көп тайсалмайды. Міне, мас жүргізушінің азаймайтын бір себебі осында. Өйткені мұндай жас жүргізушіде желік басым болады, – дейді ақсақал.

Айтса айтқандай, олардың желігін басатын заң талаптары да күшейіп жатыр. Бұрын мас күйінде ұсталған жүргізушіні көлік жүргізу құқығынан екі жылға айырып, 40 күнге дейін қамайтын болса, қазір жол полициясы тоқтатқанда аузыңнан арақ иісі шығып тұрса болды, 15 тәулікке бостандықпен қош айтысасың. Ал жүргізушілік куәлігіңнен 7 жылға айырыласың. Бұған да тоқтамай, екінші рет «жұқалап», бірінші жасаған құқық бұзушылықты қайталасаң, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін, ал жүргізушілік құқығынан айыру 8 жылға дейін ұзартылады.

Азаматтардың денсаулығына нұқсан келтірген жол-көлік оқиғасына себепші болған мас жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 3 жылға дейін бас бостандығынан және 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Он жылға бас бостандығынан айыру – жол апаты салдарынан адам өлімі орын алған жағдайда тағайындалатын ең ауыр жаза. Мұндай кезде кінәлі 7-10 жылға дейін бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылады.

Сонымен қатар, егер азамат жүргізу куәлігінен айырылса да, мас күйінде көліктің рөліне отырса, онда оған бірден әкімшілік жаза емес, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты қылмыстық жаза қолданылады. Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру жазасы да осы жерде қарастырылған.

Ақырын жүріп, анық бас…

Бұрын су жаңа қымбат көлігі бар адамды ауқатты жандардың қатарына қосып, оған қызыға қараушылар көп болатын болса, қазір көлік асқан байлықтың нышаны емес, күнделікті күйбең тіршілікке аса қажет қозғалыс құралы.

Жол жүру ережесін қатаң сақтайтын, жол үстінде өзін де, өзгені де құрметтейтін жүргізуші нағыз өнегелі, тәртіпті адам саналады. Бірақ күнделікті өмірде біздің осы айтылған қағидамыздың сақтала бермейтін сәттері басым. Бірінің алдын бірі жанталаса қиып, бірінен-бірі жылдамдықты асыра жүйткитін жүргізушілерді қала көшелерінен жиі ұшыратамыз.

Қала көшелерінде 60 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген болса, кейбір қызба қанды жүргізушілер 90-100-ден түсірмейтін көрінеді.

Жол-патрульдік полициясының қызметкері Руслан Бақдәулеттің айтуынша, көлік апатына ең басты себеп болатын – жылдамдықты арттыру мен мас күйінде рульге отыру. «Осы жағдай бізде, әсіресе, жастар арасында белең алған. Екеуі де адам өміріне аса қауіпті. Біздің бір байқайтынымыз, бір-бірімен «менің көлігім жүйрік, менің көлігім ұшқыр, мен саған қарағанда көлікті керемет жүргіземін» деген сияқты жастар арасында жалған бәсеке бар көрінеді. Бұл – аса қатерлі тұжырым. Жалпы көлікке отырғанда сабырлы болған дұрыс. Ақырын жүріп, анық басса, баратын жеріне де еш уайымсыз, тез жетеді. Басқа адамдардың өміріне де қауіп төндірмейді. Айыппұл да төлемейді».

Жалпы бар жамандық атаулының бастауында арақ тұратын болса, мас күйінде автомобиль жүргізген адамның қылмыскер болатыны айдан анық. Сондықтан «бір саптыаяқ қана сыра ішіп едім» деп өзіңнің де, өзгенің де өміріне қатер төндірмей, арақ ішіп, рульге отырудан аулақ бол, жүргізуші!» дегіміз келеді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button