Басты ақпарат

Мәшһүр жүсіп мұрасы және мәшһүртану

Кеше елордадағы Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектепте «Дала кемеңгері Мәшһүр Жүсіп – адамзаттың ұлы ғұламасы» атауымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі, Мәшекеңнің үлкен ұлы Мұхаммед Шарапидің немересі Абай Шарапиевпен кездесу ұйымдастырылды.

[smartslider3 slider=2562]

Рухани  шара ба­рысында оқу­шылар өнер көрсетіп, өлең оқыды, ән-термелерді шырқады. Ұлттық әдебиет пен тарихқа, этнографияға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғаның ұрпағына сұрақтар қойды. Аталмыш жиынға ақын, жазушы, журналист, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қоры төрағасының орынбасары Жұмағали Қоғабай, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының бөлім меңгерушісі Асыл Амангелдіқызы, мәшһүртанушы ғалым Баянғали Ғалымжанұлы қатысты. Артынша Абай Шарапиев пен Жұмағали Қоғабай «Еlorda Aqparat» ЖШС-те қонақ болды. Сол кезде Мәшһүр Жүсіп мұрасы, мәшһүртанудың өзекті мәселелері жайлы сұхбаттастық.

– Абай аға, жаңа ғана бабаңыздың аты берілген мектептен келдік. Біз, негізінен, Мәшекеңді ақын, тарихшы, фольклортанушы, этнограф, әулие деп білеміз. Ал оның өлеңдерінде өскелең ұрпақ тәлім-тәрбие алатын көп дүние барын ескере бермейтін сияқтымыз. Мысалы, «Бұлақ көзі» деген өлеңін алуға болады. Оның үстіне биыл – Балалар жылы. Әңгімемізді Мәшһүр Жүсіп мұрасының балалардың, жастардың тәрбиесінде алатын орнынан бастайық. Сіздіңше, бұл жағы қалай болып жатыр? Жалпы баба мұрасының насихатталуына көңіліңіз тола ма?

Абай Шарапиев: – Ең алдымен елордадағы мектепке бабамыздың атының берілуін құптаған қала басшылығына, шаһар басшысы Алтай Көлгіновке Мәшһүр Жүсіптің ұрпағы ретінде алғысымды білдіремін. Бұл хабарды естігінде өте қуандым. Кезінде бабамыздың шығармаларын оқуға тыйым салынып, оның мұрасы Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында шаң басып жатып қалған еді. Қазір мемлекет қолға алып, жиырма томдығы шықты. Бірақ шығармалары жұрт арасына әлі де кеш таралып жатыр. Бұл іс баяу жүруде. Кейінгі жылдарға дейін оқулықтарға кірмеді. Енді ғана аздап кіріп жатыр.

Жұмағали Қоғабай: – Бірнеше жыл бұрын мәшһүртануға бет бұру басталды деп айтуға болады. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде мәшһүртанушы Айтмағамбет Тұрышов деген ғалым Мәшекеңнің мұрасын елге танытумен, зерттеумен көп айналысып жүр. Дұрыс мәселе көтеріп отырсыздар, Мәшһүр Жүсіптің өлеңдері балаларға оқытуға лайық. Оның көлемді шығармаларын ықшамдап, оқытуға болады. Мен мұны Павлодар облысы Білім басқармасының басшысына айттым да. Ол кісі «көреміз» деді де қойды. Ал Екібастұз қаласында Мәшһүр оқулары әр мектепте өтеді. Конкурстар ұйымдастырылады.

– Ал Ертіс-Баян өңірінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көшелері, ескерткіштері бар ма? Меніңше, Мәшекең ескерткіші елордада орнатылса да артық етпейді.

Жұмағали Қоғабай: – Екібастұз қаласында ескерткіш бар. Павлодарда тек қана бюст қойылған.

Абай Шарапиев: – Кезінде Екібастұз қаласының орталық көшесі Ленин атында болған. 2009 жылы қоғамдық қор құрып, соны Мәшһүр Жүсіптің атына ауыстырдық. 2012 жылы сол көшеге ескерткішін қойдық. Қор жұмысы шамалы тоқтап қалған еді, былтыр оны қайтадан жандандырдық. Мен қор төрағасымын, Жұмағали Қоғабай төрағаның орынбасары.

– Мәшекеңді әулие деп те білеміз. Сондай адамдар заманынан бұрын жүріп, алда болатын жағдайды күні бұрын айтып қояды. Қазір Мәшһүр Жүсіптің «70 жыл елді дінсіздер басқарады, одан кейін 30 жыл ұры-қарылар былықтырады, сосын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды» деген сөзі көп айтылып жүр. Осы дерек қайдан алынған?

Абай Шарапиев: – Бұл болжамы Мәшекеңнің қолжазбаларында, 20 томдық еңбектерінде кездеспеді. Мәшһүр Жүсіптің мына заманды болжағаны туралы әңгімені ең алғаш ел арасында айтып жүрген адам Баянауыл ауданының орталығында тұрған, бабамыздың өлеңдерін жатқа айтатын Төлепберген Алдабергенов ақсақал болатын. Бұл кісі қатты ауырып, кезінде Мәшекеңнің себеп болуымен дертінен құлан-таза айыққан. Жазылғаннан кейін бабамыздың атқосшысы болған Иманғали деген кісіден Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларын алған. Сонда Төкең бұл болжамын Имекеңнің аузынан естіген. Қазір бұл болжам халықтың жүрегіне орнығып, жақсы мотивация болып кетті. Бірақ жазба нұсқасы жоқ болғаннан кейін нақтысын кесіп айту қиын.

– Мәшекең тарихшы, этнограф болды. Мектепте «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы ұлттық құндылықтар» атты ғылыми диссертация қорғалып жатқанын естідік. Бабаңыздың қазақтың салт-дәстүрлерін зерттеу еңбектері туралы не айта аласыз?

Абай Шарапиев: – Бабамыз қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жақсы зерттеген. Кітаптарында соның бәрі бар. Діни қағидаттар да қамтылған. Соны қазір ғалымдар зерттеп жатыр.

Жұмағали Қоғабай: – Мәшекеңнің Наурыз мерекесі жайлы «Наурызнама» атты еңбегі бар. Онда бұл мереке туралы түсініктеме береді.

Абай Шарапиев: – Наурыздың тойлану тәртібі, мерекенің шығу тарихы, бұл мереке қай уақытта тойланады – соның бәрі сол еңбегіңде қамтылған. Бұл туралы тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев жақсы айтып жүр.

– Мәшһүр Жүсіп соңында өте көп мұра қалдырды. Бұқар жырау сияқты тарихи тұлғаларды да танытты. Соның бәрін «Қара мес» атты кітабына жинақтады. Мәшекең өзінің алдындағы тағы қандай тарихтағы белгілі адамдарды зерттеді?

Абай Шарапиев: – Бабамыз қазақтан шыққан батырлар мен билерді, ақындарды шамасы жеткенше зерттеді. Ұлбике ақынды танытып кетті. Ертеде атақты жазушы Шерхан Мұртазаның сұхбатын теледидардан көріп қалдым. Сол кісі: «Мен Мәшһүр Жүсіпке таңғаламын. Телефон, факс жоқ заманда айдалада жатып, Ұлбикені тарихқа жазып кетті» деп айтты. Расымен, бұл – таңғалатын жағдай. Арқада жатып, оңтүстіктегі Ұлбикені жазды. Мәшекең оның ақындық өнерін, қалай қаза болғанын бәрін танытты. Бабамыз Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанының елге таралуына да үлес қосты. «Ер Едіге» дастанын қағазға бірінші болып түсірген Шоқан Уәлиханов болса, Мәшекең де оны жазды. Бұқар жыраудың зиратын тапқан да Мәшһүр Жүсіп. Соған өзі барып, бір қойды сойып, белгі қойдырды. Бұл туралы қызық әңгіме бар.

Академик Шапық Шөкиннің, ағайынды кинорежиссер Қуат және әнші Суат Әбусейітовтердің, ақын Дихан Әбіловтің аттарын да Мәшекең қойған. Шапық ағамыздың «Өмірдің төрт мезгілі» атты кітабында бұл туралы жазылған. Өзім де сол жайлы «Ақиқат» атты кітабымда жаздым. Ал Дихан ағамыз туғанда Қошқарбай деген молда атын Әбдірахман деп қойған. Соны Мәшекең сол жылы астықтың мол шығуына байланысты аузына түкіріп, Дихан деп өзгерттірді. Ақынды қазір ел осы атпен таниды. Ал Қуат және Суат Әбусейітовтердің аттары бастапқыда Қайролла және Рахметолла болған. Мәшһүр Жүсіптің айтуымен Қуат, Суат болып өзгерді.

– Мәшһүр Жүсіп атындағы қор құрдыңыздар. Қазір қандай жұмыстарды атқарып отырсыздар? Мәшекеңнің мұрасын елге танытуда қандай мәселелер бар? Баянауылдағы кесенесіне халық көп келетінін естиміз. Бұл елдегі туризмді дамытатын қасиетті орын ғой.

Абай Шарапиев: – Мәшекеңнің кесенесі мен мұражайы мемлекеттің қарауында. Алайда бабамыздың бұлағы, Ескелдідегі қонысы қараусыз қалып қойды. Біз өзімізше соны Лев Толстойдың «Ясная полянасы», ұлы Абайдың Жидебайы сияқты халыққа танытқымыз келеді. Былтыр Мәшһүр Жүсіптің бұлағының басын, 1 гектар жер көлемін қоршаттық. Содан кейін маңайына қайың, қарағай, терек ағашын ектік. Барлығы 45 түп отырғызылды. Енді әрі қарай бабамыз мінген арбаның макетін жасатып, қасына киіз үй қойғымыз келеді. Электрэнергиясы, жылу да тартылуы керек. Өйткені зиярат етушілер өте көп.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button