ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Машинамен емес, автобуспен тезірек жетесіз

«Ақылды Астана» жобасы қолға алынғалы елордада «Open Wi-Fi», «Болашақтың мектебі» сынды тың бастамалар қолданысқа енгізілді. Енді «Интеллектуалдық көлік жүйесі» мен «Қауіпсіз қала – Астананың тіршілігін қамтамасыз ететін кешенді жүйе» атты екі бірдей ірі жоба қолға алынбақ.

Жалпы, еуропалық «ақылды» қалалардың даму моделі «ақылды экономика», «ақылды өмір», «ақылды мобильділік» сынды бас-аяғы 6 сипаттамаға негізделсе, олардың барлығы ең озық технологиямен енгізілуі басты назарға алынады. Осы үрдісті өзіне үлгі еткен астаналық жоба инновациялық бас­тамаларды кешенді түрде жүзеге асырмақшы. Әңгімемізге арқау болып отырған «Интеллектуалдық көлік жүйесі» бірнеше кезең бойынша іске асырылады. Осы жобаның алғашқы нәтижесін елордалықтар келесі жылдың басынан көре бастайды. Әрі бұл тұрғындарға нағыз керекті жоба болғалы тұр.
Қазір қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін автобуспен уақытымызды сағаттап шығындап жатамыз. Түскі және кешкі кептелістерде, тіпті, межелі жерге жетудің өзі мұң. Уақыт тапшылығынан амал жоқ, таксидің қызметіне жүгініп жатамыз. Ал егер жоғарыда аталған жоба іске асырылса, қаланың бір жерінен екіншісіне орташа есеппен, 20 минутта-ақ жететін боламыз. Көлік кептелісінен «көз ашпай тұрған» қазіргі кезде бұл ертегідей көрінуі мүмкін. Бірақ, шындығы солай. Астана қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жоба барысында көліктік ағындарға мониторинг жүргізу, бағдаршамдар жұмысын басқару, жолаушылар көлігінің жұмысын бақылау оңтайландырылып, тек қоғамдық көліктердің жүруіне арналған жеке жолақтар белгіленеді. Соның арқасында жеңіл машиналар сарылып кептелісте тұрғанда, автобустар зырылдап, жолаушыларды діттеген жеріне жылдам апаратын болады.
Жоба шеңберінде 500-ге жуық мекеменің маңайында барлығы 30 мыңға тарта бейнебақылау камерасы орнатылады. Автобустар да бейнекамералармен жабдықталады. Осылайша әр тұрғынның және оның әмияны, қалта телефоны секілді заттарының қауіпсіздігі сақталмақ.

Бағдаршамдар да «ақылды» болады

«Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобасы шеңберінде келесі жылдан бастап, елорданың көшелері мен қиылыстарында «ақылды бағдаршамдар» пайда болады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рашид Аманжоловтың таратқан мәліметіне сенсек, келесі жылдың алғашқы тоқсанында Сарыарқа, Тұран даңғылдары мен Қонаев, Достық, Сарайшық, Сығанақ көшелерінде 42 бағдаршам іске қосылады. Олар бір орталықтан басқарылып, кептелістерді азай­туға септігін тигізеді. Алдында айтып өткеніміздей, қаланың бір шетінен екінші шетіне автобуспен 20 минутта жету бақытына осы бағдаршамдар орнатылғаннан бастап қол жеткізетін боламыз. Себебі, қондырғылар жеңіл маши­налардың емес, қоғамдық көлік­тердің ыңғайына қарай жұмыс істейді де автобустардың кедергісіз, тоқтамай жүруіне жағдай жасайды.
«Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобасы ЭКСПО халық­аралық көрмесі басталғанға дейін толық жүзеге асырылады. Осы кезде қаланың орталық көше­леріндегі 304 жол қиылысы, ал 2017 жылдан кейін шағын аудан­­дардағы 56 жол қиылысы «ақыл­ды бағдаршамдармен» жабдықталатын болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button