Білім

МӘСКЕУ КӨШЕСІНДЕГІ МЕКТЕП

P1040275

ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ КАМЕТА

«Вайнах» шешен-ингуш этно­мә­дени орталығының лингвистикалық мектебіне бас сұққанымызда шешен тілі сабағы аяқталып, оқушылардың үзіліске шыққан шағы екен. Кең әрі жарық сыныпқа тақта орнатылып, парталар қаз-қатар қойылыпты. Бөлменің қабырғасында Кавказ халқының тари­хын бейнелейтін суреттер, ел пре­­зиденттерінің портреттері ілінген. Бір бұрышта түрлі көрнекі құралдар орын тауыпты. Өзін Камета Ибраева деп таныстырған шешен тілі мен әдебиетінің мұғалімімен бір ауыз сөйлесудің сәті түсті.

– Мен Қарағандыда туып-өсіп, отыз жылдан бері Астанада тұрып жа­тыр­мын. Үш жылдың көлемі бол­ды, осы орталықта сабақ беріп келемін. Балаларға шешен әліп­биі­нен бастап үйретіп, ел тарихы мен әдебиетін де оқытамыз. Әрине, бала­ларға ана тілін меңгеру оңайға түспейді. Олардың Шешен Респуб­ликасында жазғы демалысын өткізіп, сондағы ата-әжелерімен, туған-туыстарымен ана тілінде сөй­лесуі ісімізді көп жеңіл­детеді. Ал, оқулық­тардан мұқтаж­дық көр­мейміз. Әдісте­мелік құралдардың басым бөлігі сол жақ­тан келеді. Жет­­кіншектерге салт-дәс­түрі­міздің ерек­шеліктерін түсін­діріп, мәде­ни мұра­ларды құрметтеуге баулуда алдың­ғы буын – аға ұрпақтың үлесі зор.

Қазаққа келін болып келетін Камета өзінің жеке өмірі туралы көп сыр ашып айтқан жоқ. Тек, «Атамыз ертеректе қайтыс болып, жолдасым анасының тәрбиесінде өскен. Тағдырдың жазуы шығар, қазақ азаматына тұрмысқа шықтым. Екі баламыз бар. Мен де олардың алдына үзілді-кесілді талап қойғаным жоқ. Өмірлік серіктерін өздерінің қалауымен таңдайды. Мен үшін шәкірттерімнің бәрі өзімнің туғанымдай ыстық. Олардың жетістігіне қуанып, жақсы азамат болып өскеніне, өзінің шыққан тегін білуге, салт-дәстүрін қадір тұтуға талпыныстарына бірге қуанамын, – деді Камета.

«Астана водсервис» ЖШС бас директоры, қалалық мәслихат депутаты Башир Солсановтың қолдауымен білім ұясының базасы жетілдіріліп, қажетті жиһаздармен және көр­некі құралдармен қамтамасыз етіл­генін мектеп директоры Залина Ге­роеваның әңгімесінен білдік. Мектеп кітапханасы Кавказ халықта­ры­ның бай әдебиетімен толықты­ры­лыпты. Қазіргі күнде мұнда 100-ге тарта оқушы білім алуда.

АҚҚУ МЕН БҮРКІТ БИІ

«Кавказдың «лезгинка» биін білмейтін адам жоқ шығар. Тау халқы -лезгиндердің атымен аталатын тамаша би өткен ғасырдың отызыншы жылдары Лондонда өткен дүние жү­зі халықтарының биі фестивалінде Илико Сухишвили деген қарияның орындауынан кейін бүкіл әлемге танымал болып кетті» деп түсіндірді кавказ биінің шығу тарихы туралы «Вайнах» би ансамблінің жетекшісі Ханифа Мациева. Сонда екпіні тау бұзып, тас жарғандай тамаша биге тәнті болған Ұлыбритания королі алтын медалді өз қолымен тапсырған екен. Ал, бертін келе кеңестік заманның керемет би­шісі Махмұд Эсембаев кавказ биінің наси­хатшысы болыпты.

– Әр халықтың ұлттық билерінің өзіндік мінезі, түр-сипатымен бірге ерекше мәні бар. Өркеуде жауын­гердің бейнесін сомдайтын, алмас қылыш пен қанжарын үйіріп билейтін жаугершілік билермен бірге айдында жүзген аққудың көрінісін беретін де әсем би – кавказ халықтарына тән өнердің түрі. Жалпы, біздің билердің басты сипаттамасы – аққу мен бүркіт биі деп айтуға болады. Бұл, әрине, халық шығармашылығын бүге-шігесіне дейін білмегендер үшін жалпылама атауы. Арулар көзін төңкеріп, аяғының ұшымен сырғып, айдында қалықтаған аққудың бейнесін көз алдымызға келтіру үшін айлап, жылдап машықтанады. Олардың бітімі де, қимыл-қозғалысы да айдын­­дағы аққуды елестету керек. Ал, шалт қимылды, қос қолымен қанатын жайған қыран бүркіттің кейпін көрсететін жігіттердің биі жылдамдықты талап етеді. Оны да жастайынан үйренбесе, уақыт өте келе меңгеру қиынға түседі. Оқу – тегін. Лезгинканың өзі әртүрлі, оның бірі тойларда орындалса, «жигитовка» деген түрі соғыс алдында рухты көтеру үшін қойылады. Жиырма жігіт пен қыз жұптасып билейтін де түрі бар. Біз тек қана екі этностың биін ғана емес, бүкіл кавказ халқының билерін қоюға тырысамыз. Байқағаным, би билеуге әркім де құлықты, – деді хореограф Дмитрий Әпсаламов.

Орталықтың «Вайнах» ансамблі саны жағынан ең көп бишілерімен мақтана алады. Қазіргі уақытта 120-ға тарта бишісі бар екен. Олардың ең кішісі төрт жаста болса, ере­сек­терінің алды 20 жаста. Бір қы­зығы, кавказ билерін үйрететін үйірмеге орыс, украин, қазақтың да талай баласы қатысып жүр. Жеті жасар украин қызы Кира солардың қатарынан. Ол төрт жылдан бері осы ансамбльдің құрамында билейді екен. «Шеберліктің шегі болмайтыны себепті, мен де жыл сайын кавказ билерінің қыр-сырын жақсы меңгеріп, игеруге тырысып жүрмін. Әртүрлі жарыстарға қатысып, шеберлігімізді де сынап келетін. Аптасына екі-үш мәрте сабақ өтеді. Жыл сайын есептік концерт қоямыз. Ал, ұлттық киімдерімізді орталықтың есебінен дайындаймыз» деді тал шыбықтай бұралған биші қыз.
Меніңше, баланы биге өз еркінсіз үйретуге болмас, кавказ билерінің әдемілігі мен тартымдылығы бала­лар­дың бойында осы биге деген құмар­лықты оятқан сияқты. Сұрастыра келе, биге құмарлықтың бір ұшы өмір салтында да жатқанын білдім. Тау хал­қының жиын-тойларына еңкейген кәріден бастап, еңбектеген балаға дейін қатысады. Олар би билеп, өнерін көрсетіп, салтанаттың сәнін кіргізеді екен. Тіпті, тойшыл қауымның бәрі билеп, өнер көрсету міндетті десе болғандай.

Өз тобы дайындығының басталуын тықыршып күтіп отырған екі оқу­шы­ны әңгімеге тарттым. Исмаил мен Ибрагим Азимовтар ағайынды екен. Екеуі де қонышы тізелерін басып тұрған теріден тігілген «ишки», біз­діңше, мәсі киген. Исмаил, 8 жас­та. Одан екі жас үлкен ағасы ақыл тоқ­тат­­қан байсалды көрінді. Өскенде «кім боласың?» деп сұрағанымда Ибрагим ойланбастан жауап берді. Оның арманы қаржыгер болу екен. Ал, Ис­маилдың таңдауы таң қалдырды. Ма­ған көгілдір көздерін жалт еткізіп бір қарады да, жұлып алғандай «спецназ» боламын деді. Оның қандай маман­­дық екенін аса түсінбесем де, не үшін қызықтың деп қайта сұрадым. Исмаилдың оған да жауабы дайын екен. «Олар мылтық атып үйренеді, әскерге барады» деді. «Қорықпайсың ба?» «Жоқ».

Бұдан бөлек, балалар баскетбол, фут­бол ойнағанды жақсы көреді. Жақ­сы оқиды. Қоштасарда Ибрагимге «Інің сияқты «спецназ» болғың келмей ме?» деп сұрадым. «Жоқ, болғым келмейді. Өйткені, олар соғысады ғой» деп жауап берді. Мүмкін, Исмаил да өсе келе мылтық ұстап, ел қорғаған жақсы екенін, алайда, бейбіт күнде қару кезеніп, оқ атудың жақсы емес екенін түсінетін болар деп ойладым.

ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ТАРИХ ҰЛАҒАТЫ

Қазақстандық вайнахтардың жаңа тарихы 1944 жылдың 23 ақпанынан басталады. Биыл жетпіс жыл толып отырған қайғылы күнді астаналық шешен-ингуштар бірге атап өтіпті. Осы күнге арналып түрлі шаралар ұйым­дастырылған. Осы мектеп оқу­шы­­ларының күшімен Муса Ян­диев­тің «Иналук» повесі бойынша театр­лан­дырылған көрініс қойыпты. Жетпіс жыл бұрынғы халық басына түскен оқиғаның ауыртпалығын суреттейтін көрініс, әсіресе, жастардың көкейіне қонды дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орта­лығының төрағасы Салман Героев.

– Жаңа заманда дүниеге келген жастар ол күндердің мысқалдай қиын­дығын елесте де алмайды. Бұл – олар­дың бақыты. Өткен күндердің тарихы мен сол күндердің құрбандарын еске алу – бүгінгі ұрпақ үшін қажет – деген Салман Сайдарұлы сөзін былай тәмамдады: – Мектебіміз – жастарға ата дәстүрімізді, тілімізді үйрететін асыл ордамыз. Мұндай мүм­кіндікке еліміздегі ұлт саясатының нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Сондықтан да Қазақстан Республикасында салтанат құрған ұлт саясатының, Елбасының қазақстандықтарға Жолдауын, тағ­дыршешті құжаттарды осы ортада насихаттап, халыққа жеткізіп жатамыз. Іргелі мемлекетіміздің ажырамас бөлшегі болып табылатын әрбір вайнахтың еркіндік сезініп, өзін-өзі танып, ел экономикасына атсалысып, қоғам өміріне белсене араласуына жол ашатын мөлдір бұлағы осы жек­сен­білік, лингвистикалық мектептерде басталады.

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button