Басты ақпаратЖаңалықтар

МӘСКЕУДЕ ӨСТІ МЕРЕЙІ

ERM_5479

Мәскеуде өткен XIII халықаралық «Золотой витязь» атты театр форумынан Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры жеңіспен оралды. Театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов сахналаған В. Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасы  Гран-при жүлдесіне ие болды. Кеше елордалық өнерсүйер қауым  жеңімпаздарды  әуежайдан күтіп алды.

Форумға Ресей, Қазақстан, Болгария, Грузия мемлекеттерінен 24 театр қатысты. Олардың барлығынан ат оздырған қаллекиліктер Мәскеудің «Ай театры» сахнасында өнер көрсетті. Ресейлік көрермен қазақстандық театрдың өнеріне тәнті болды. Қойылымда айтылатын «Темная ночь», «В землянке» атты майдан әндерін әртістермен бірге шырқады. Лирикалық драманың бас кейіпкерлері – қазақ солдаты Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың рөлін сомдаған театрдың жас актерлері Әбілмансұр Серіков және Ақмарал Танабаева, сондай-ақ, полковник Лукьяновты ойнаған Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов форумның дипломанттары атанды.
Ресейдің беделді театр сыншысы, «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Олег Пивоваров осы қойылымда режиссер қызықтыратын сахналық шешімдер ұсынғанын, әртістердің актерлік және әншілік шеберлігін атап өтті.
Халықаралық театр форумының президенті, РФ Мәдениет министрлігі жанындағы төралқа мүшесі, белгілі әртіс, режиссер Николай Бурляев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестіктің дамуына және мәдени-гуманитарлық байланысқа ерекше үлес қосқанын айтып, астаналық өнер ұжымының кәсіби шеберлігіне тоқталды.
Айтулы биікке қол жеткізген қаллекиліктер болса, бұл – тұтастай алғанда қазақ театрының жеңісі деп отыр. Жеңіс құтты болсын дейміз!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button