Жаңалықтар

МӘСКЕУДЕГІ МЕРЕКЕЛІК ШЕРУГЕ ҚАТЫСАДЫ

ахат

Астаналық Ұлы Отан соғысының ардагері  ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін медалінің иегері Ахат Бекмәдияұлының шаңырағына соңғы күндері журналистер келуді жиілетті. Жасы тоқсаннан асқанына қарамастан, санасының сергектігін, айтар ойының айқындығын сақтап қалған ақсақал келген адамның бәрін құрақ ұша қарсы алып, қойған сұрақтарына ыждаһаттылықпен жауап беруде.

«АСТАНА АҚШАМЫНЫҢ» ОҚЫРМАНЫ

Биылғы үлкен мереке – Ұлы Жеңістің 70 жылдығын Ахат ата Мәскеуде қарсы алмақ. Ресей астанасында өтетін шеруге қатысатын елордалық жалғыз майдангер болғандықтан, үйіне іздеп барғанымызда мұны өз аузынан естідік. «Журналистерден жалыққан жоқсыз ба?» деген сұрағымызға «Неге жалығайын? Сұраған адамдарға көрген-білгенімді айтып беру міндетім ғой» деп, елгезектік танытты.

Осы сөзінен кейін ақсақалға бой үйрете бастап, өзімізді еркіндеу ұстауға тырыстық. Оқудан қалмаған майдангердің төсегінің үстінде жатқан «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінің жаңа сандарының арасынан өзіміздің де басылымымызды байқап қалып, содан күш алғандай болдық. «Өзі жайлы жазылған мақаланы газетіміздің бетінен оқитын болды ғой» деп, қуанғанымыз да бар.

АХМЕДИЯ АҒАСЫ АШАРШЫЛЫҚТАН АЛЫП ҚАЛДЫ

 Майдангерлер дегенде біразымыз ескере бермейтін бір жайт бар. Ұлы Отан соғысын олардың басына түскен алғашқы ауыртпалық деп ойлаймыз. Жоқ,   өткен ғасырдың отызыншы жылдары естияр болып қалған балалар ең алдымен қолдан жасалған ашаршылыққа ұрынды. Ахат атадан соның жайын  сұрай кеттік.

«Біздің Қазқоскөл ауылынан 1,5-2 шақырымдай жерде ескі Қолутон деген орыстың селосы болды. Сол селодан Қызылжарға бидай жөнелтілетін. Әкемнің ағасы Ахмедия пар атпен кіре тартатын. Сол кісі ескі Қолутоннан Қызылжарға бір аптаға кететін. Ағайыма кіре тартқаны үшін тиесілі «паектен» бөлек бір қап бидай берілетін. Міне, сонымен ол кісі ағайынды төрт шаңырақты асырады. Соның арқасында ептеп бидай қуырып жеп, анау-мынаумен күн көрдік» деп жауап берді майдангер.

БІР ӘУЛЕТТІҢ ЖАЛҒЫЗ ТҰЯҒЫ

 Ақсақалдың әкесі Бекмәдияның Ахмедиядан бөлек Мұхамедия және Рахметолла деген бір туған бауырлары болды. Солардан қалған жалғыз тұяқ – осы Ахат ата. Майдангердің әңгімесін әрі қарай тарқатсақ, Мұхамедиядан – қыздар, Бекмәдиядан – бір өзі тараса, ал Ахмедия мен Рахметтола ұрпақсыз өтті.

«Арғы атамыз – Молдабай. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, бітті, ұрпақ жалғастығы үзілді деген сөз. «Қара қазан» аталатын ескі дәстүрімізді білесің бе? Жаугершілік заманда адам ұрпақсыз өтсе, оның зиратына қара қазанды апарып, төңкеріп тастайтын. «Қара қазан» өзі қазақ үшін қасиетті ұғым ғой. Қара қазан қайтыс болған адамның зиратында жатса, оның шаңырағының өшкенін білдіреді» деген ақсақал біз осы күнге дейін білмей келген дәстүрден хабар берді.

Ахат атаны мұндай қасіреттен Құдай сақтады. Соғыста екі рет жараланып, саптық қызметке жарамай қалғандықтан 1944 жылы ауылына оралған ол өмірлік серігін жолықтырды. Содан 5 бала көріп, өсіп-өнген шаңыраққа айналды. Қазір үлкен балаларының өзі – зейнеткер.

«ГИТЛЕРГЕ ДЕГЕН ӨШПЕНДІЛІГІМ СОҒЫСҚА БАРМАЙ ЖАТЫП ОЯНДЫ»

 «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі». Ақмолада жасақталған 90-полк қатарында 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған Ахат Бекмәдияұлы Орталық майдан шебінде жаумен арпалысып, Мәскеуге жауды кіргізбеген әскердің қатарында болды. Орлов-Курск иініндегі шешуші шайқаста алдыңғы шепте жүрді. Кеңес жауынгерлеріне қарудың жетпеген кезеңдерін де көрді.

«Сонда патриоттық сезіміміз өте күшті болды. Мен соғысқа дейін Қызылжар педагогикалық училищесінде оқыдым. Сол кезде жүргізілген тәрбие жұмыстарының нәтижесінде Гитлерге деген өшпенділігім ертеректе оянған. Оны әлемдегі ең жексұрын, ең қанішер адам ретінде бағалайтын едім. Ал, соғысқа аттанғаннан кейін Мәскеуді жанымызды аямай қорғадық. Саяси жетекшілеріміздің «Артымызда Мәскеу тұр» деген күшті үгіт-насихат жүргізгеннен кейін оған жауды кіргізбедік қой» дейді майдангер жалынды жылдарды еске алып. Енді, жақын күндері өзі қорғап қалған Мәскеуіне жол жүрмек.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button