Жаңалықтар

Мәскеуден марқайып қайттық

1431426481_den-pobedi-9-maya-parad

Қазақстаннан Мәскеудегі Жеңіс парадына алты соғыс ардагері қатыстық. Соның бірі астаналық маған таңдау түскеніне риза болдым. Ресей астанасына барған сапарымызда жасымыздың ұлғайғанын ескеріп, жанымызға бір-бір дәрігер қосып берді.

Астанадан сегізінші мамыр күні таңға жуық ұштық. Бізді мәскеуліктер жақсы қарсы алып, басқа да елдерден келген ардагерлермен бірге «Алтын сақина» қонақүйіне орналас-тырды. Түскі астан кейін бәрімізді Ұлы Отан соғысы тарихына арналған мұражайға апарды. Мұражайды аралап жүріп Дон, Кубань казактары атты әскер дивизиялары туралы бөлімге келгенде сондағы қызметкерлерден Ақмола қаласында 1941-1942 жылдары жасақталған қазақтың атты әскер дивизиясы туралы сұрадым. Олар бұл туралы ештеңе білмейтіндіктерін айтты. Кейін белгілі болғандай, қазақтың атты әскер дивизиясын қанды қыр­ғында танктерге қарсы салған. Аман қалғандарын әр дивизияға таратып жіберген. Қандай өкінішті жағдай. Іздеусіз, сұраусыз қалған дивизия! Кім кінәлі?.. Снайперлер бөлімінде Кеңес Одағының Батыры Филипп Рубахо туралы да сұрадым. Білмейді. Бір өзі екі жүзге жуық фашисті қырған. Оның куәлігінде ұлты қазақ деп жазылған. Мұражайдан шыққан соң көңілде бір өкініш қалғандай болды. Сонымен алғашқы күніміз де өтті.
9 мамыр күні бізді Қызыл алаңға әкеп орналастырды. Орталық мін­бердің сол жақ қанатындағы же­тінші қатарда отырдық. Өзіміз­дің «Қазақстан», «Хабар» телеар­наларының тілшілері келіп, сұхбат алды. Әскери парад аса салтанатты жағдайда өте жақсы өтті. Қатарда қадамдап бара жатқан бір рота – монолит сияқты тұтас. Жаттығудың қатаң және тиянақты болғаны көрініп тұр. Әскери техникалардың саны да, сапасы да бөлек. Бұрын-соңды көрмегендеріміз де көп екен. Осының бәрін көріп отырып, ойпырым-ай, «бейбіт заманда не үшін мұздай қаруланып жатырмыз?» деп ойлайсың. Жауабы жоқ сұрақтар… Әскери парадтан жақсы әсер алдық. Қызыл алаң көңілімізді көтерді. Барлық жерге Ұлы Жеңістің 70 жылдығын дәріптеген жазулар жазылған. Осы жолда қаншама адам опат болды, қанын төкті, күйзеліске ұшырады, қара жамылды десеңізші…
Әскери шеруден кейін бізді автобуспен Кремльге алып келді. Бірнеше тексерістен өтіп, Георгий залына беттедік. Үстелге жайғастық. Басқа елдерден келген майдангерлермен таныстық. Ресей президенті жайған дастарқаннан дәм таттық. Бір кезде жұрттың бәрі орнынан тұрды. Байқасақ, Путин бастаған әр елдің президенттері келген екен. Алдыңғы қатарда көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев бар екен, басын изеп, бізбен амандасты. Кейін біздің үстелге келіп, хал-жайымызды сұрап, Жеңіс тойымен құттықтады.
Дастарқан Путиннің кұттықтау сөзімен ашылды. Георгий залы да кең екен. Қонақтар да көп болды. Қабылдау да, егде тартқан адамдарға қызмет ету де жоғарғы дәрежеде болды. Қазақша айтқанда, бұл залды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Өйткені, алтынмен апталған зал – Кремльдің ең көрікті, киелі орны осында жоғары дәрежелі шетел қо­нақтары қабылданып, үлкен ке­лісімдерге қол қойылады. Біз қонақүйге кетерде кешке Қызыл алаңда концерт болатынын ескертті. Оған бара алмадық, шаршап қалыппыз, бірақ сол концертті де, отшашуды да теледидардан тама­шаладық. Сонымен екінші күн де өтті.
10 мамыр күні елге ұшуға дайын­далдық. Түске қарай, автобуспен аэро­портқа жеткізді. Жеке бөлмеге орналастырып, тамақтандырды. Сый-сияпат жасады. Ризашылы­ғымызды білдіріп, хош айтыстық.
Алыста жүрсек сағынатын Аста­­намыз бізді гүл шоқтарымен қарсы алды. Дәрігер келіп, қарт сарбаздардың қан қысымын өлшеп, кейбіріне дәрі берді. Әуежайдан шыққанда екі қатар форма киген жастар қол шапалақтап қарсы алды. Жеңіл машинаға отырғызып, үйге жеткізді. Осындай құрметтердің бәріне дән риза болдық. Қабылдауды ұйымдастырған Астана қаласының әкімдігіне, қалалық ардагерлер кеңесіне, оның басшылығына алғысымызды білдіреміз!

Ахат Бекмади,
Ұлы Отан соғысының
ардагері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button