Басты ақпарат

МӘСКЕУДI ҚОРҒАСҚАН МАЙДАНГЕР

Кейiпкерiмiз Ахат Бекмади ақсақал 1923 жылы Атбасар өңiрiндегi Қалқұтан бекетiнде туған. Орыстар оны «Колутон» деп атап кеткен. ХХ ғасырдың басында мынау жарық фәнидiң есiгiн ашқан ол басынан небiр зобалаңды өткерген. Бала күнгi ашаршылық, зұлмат соғыс, соғыстан кейiнгi тың игеру заманы…
1939 жылы 16 жасар бозбала ес тоқтатып, оқуға ден қоя бастайды. Сөйтiп, Қызылжар қаласына бiлiм iздеп келедi. Сондағы педагогикалық училищеге оқуға түседi. Арман қуып қиырдағы қалаға келген жас бала бiлiм нәрiмен сусындай бастайды. Оқып жүрген кезде қиыншы­лық­тары шаш-етектен едi. Ұлы Отан соғысы басталған уақытта әлi оқуын бiтiрмеген. Ендi тәмамдаған тұста 1942 жылдың маусымында Ақмолада құ­рылған 90-атқыштар полкiне қабыл­данады. Фашистiк Германия­ның басқыншылығына төтеп беру үшiн бұл полк алдыңғы шепке ба­ратын болып шешiледi. Суыт жүр­гiзiлген оқу-үйрету жаттығуларынан соң бiрден Мәскеу маңын қорғауға аттанады. Қару дегенде ол кезде қолға мылтық қана берiлiптi. Автоматтың атымен жоқ мезгiлi. Немiстердiң Ста­линградқа үстi-үстiне шабуыл жасап жатқан кезi. «Шегiнерге жер жоқ, арқамызда – Мәскеу!» деп майдан­герлер күндiз-түнi жауған оқтың астында жүредi. Межедегi биiктiктi алу үшiн жан алып, жан берiседi. Қыршынынан қиылған талай боздақ бейнесi әлi де Ахат атаның көз алды­нан кетпейдi. Күзгi қара суықтағы кезектi шабуылдың бiрiнде қатты жараланып, госпитальға түседi. Мәс­кеудiң жанындағы Рязки деген жерде алты ай бойы емделiп, қайтадан қа­тарға қосылады. Тағы да алдыңғы шеп. Кескiлескен майдан. Алғашқы автоматтар қолға берiле бастаған тұс. Алдымен автоматшылар взводы құ­рылады. Ахат алғашқы автоматшылар қатарына iлiгедi. Дискiлi автомат асын­ған жауынгерлер шептiң ал­дында жүретiн әдетi. Жау жағының алдыңғы қатарын бұзуға автомат­шыларды жұмсап отырады. Қиын тапсырманың барлығын автомат­шы­ларға бұйырады. Орел мен Курск иiнiн қорғауға атсалысады. Қанша шайқасқанмен немiстер Сталин­градты ала алмай, керi шегiнуге мәж­бүр болған. «Аққа Құдай жақ!» де­мекшi, бiр бақ шапқан сәт туып, немiстердi өкшелете қуған кеңестiк армияның рухы үстемдiк құра бас­тайды. Сөйтiп, шайқасып жүрiп 1943 жылы Белоруссия жерiне аяқ баса­ды. Шабуыл кезiнде сол аяғына оқ тиiп,  госпитальға әзер жетедi. Жа­рақаты өте ауыр болғандықтан, ол жер­ден сонау Новосiбiр қаласына жөнелтiледi. Алты ай емделсе де, жа­рақаты жүрiп-тұруын қиындатып жiбередi. Майданға жарамсыз бо­лып қалды. Әскери басшылық ал­дына барып қанша сұранса да, со­ғысқа баруына тыйым салынады. Осы­лай Отан алдындағы әскери борышын адал орындаған қазақ жауынгерi елге оралады.
Елге келе салысымен мұғалiмдiк қыз­метiн бастайды. Қалқұтанға ке­лiп, бала оқытады. Соғыс бiткен соң Қарағанды педагогика институты­ның физика-математика факультетiн тәмамдап, жоғары бiлiм алады. Ауы­лында ұзақ жылдар бойы мұғалiм болып жұмыс iстейдi. Кейiннен Есiл темiржол бекетiнiң №511 мектебiнiң директорлығына бекiтiледi. Өз iсiн сүйiп өткен ақсақал шәкiрт тәрбие­леу iсiнде мол тәжiрибе жинақтаған. Халық ағарту iсiнiң озық қызметкерi атанған. Тiптi, зейнетке шыққан соң да басшылық оны жiбергiсi келмей, тағы бес жылдай физикадан сабақ бергiзедi. Оның шәкiрттерiнiң арасы­нан бiрнеше ғылым кандидаты, депу­таттар, мықты бизнесмендер шыққан.
Бес перзент тәрбиелеп қатарға қосқан ақсақалдың балаларының алды зейнетке шығып отыр. Немере-шөбере өрбiтiп, ел егемендiгiне қол жеткiзген ұрпақпенқатар өмiр сүрудi өзiне зор бақыт санайды. Елордаға 1998 жылы көшiп келедi. 2005 жылы үш бөлмелi пәтердiң кiлтiн алып, кен­же ұлымен көшiп кiрiптi. Қазiр неме­ресi ата жолын қуып, Райымбек ба­тыр атындағы №50 «Қазғарыш» мек­тебiнде оқып жатыр. Мұнда арнайы конструкторлық үйiрмелер де бар. Байқоңырда өткен халықаралық байқауда Ахат атаның Райымбек атты немересi арнаулы сертификат алып­ты. Күн батареясын жасағаны үшiн.
Өткен қыста ғана Мәскеу мәрi Сергей Собяниннiң тағайындаған «70 лет битве за Москву» медалiн алып қайтқан соғыс ардагерi Ұлы Отан соғысында жасаған ерлiктерi ешқа­шан ұмытылмай, ел есiнде мәңгi қала­тынына тағы да бiр рет куәгер болып келдi. Ерлiктiң дастанына айналған ардақты ардагерлер қатары күн өткен сайын сиреп бара жатқаны ғана жанына қатты батады.

Шынар ӘБIЛДА,
Сұлтанбай СЕЙIТОВ (фото)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button