Білім

МАССАЧУСЕТ – ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ МИҚАЗАНЫ

6a00d8341bfb1653ef017ee9376166970d

Шетелде білім беру мен оқыту саласында жұмыс істейтін бри­тандық «Quacquarelli Symonds» компаниясы жыл сайын әртүрлі көрсет­кіштер бойынша әлемдік маңдайалды уни­верситеттердің рейтингін анықтайды. Олар­дың қорытындыларына сәйкес бүгінде Массачусеттегі АҚШ Технология институты барлық жоғары оқу орындарының алдында тұр. Университеттердің жұмыс өнімділігін бағамдайтын Ломбарди бағдарламасы 2000 жылдан бері үздік бес ұлттық университеттің жетістіктерін тұрақты көрсетіп келеді.

Массачусет АҚШ Технология институты 5 мектеп, 1 колледж, 34 академиялық сала, бө­лімше, бағдарлама және зертханадан құрал­ған. Ең бастысы, жоғары оқу орны барлық студентін жатақханамен қамтамасыз еткен.

Айта кету керек, Эллен Сваллоу Ричардс жұмысқа алынғалы бері МТИ  1870 жылдан бастап қыздар мен жігіттерді бірге оқытатын алғашқы оқу орындарының бірі болып саналады. Ричардс бұл оқу орнындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне маманданған алғашқы әйел-оқытушы болды.

Бүгінде мұндағы студенттердің 40%-ы мен аспиранттардың 30%-ы – қыз-келіншектер. Ал, 2004 жылдың тамызында он алтыншы президент болуға кандидатурасы бекітілген молекулярлық нейробиолог Сюзан Хокфилд осы оқу орнының алғашқы әйел-президенті атанды.

Оқу орны бүгінде «Google», «IBM», «Microsoft», «Oracle», «Apple» және «Intel», «Boeing» корпорацияларында қызмет етіп, әлемдік деңгейдегі Гарвард және Стэнфорд университеттерінде дәріс беретін өзінің түлектерін мақтаныш тұтады.

МТИ робот техникасы мен жасанды ақыл-ой, инженерлік бағдарламалар мен ақпараттық технологиялар, экономика, химия және математика ғылымдары бойынша, білікті мамандарды даярлап шығарады.

Әлемдік деңгейде кеңінен танылған осындай білім ордасында дәріс алу бақыты отандасымыз – Қайрат Әшімге де бұйырды. Қайрат 2013 жылы 47-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасында биіктен көрініп, алтын медаль­ды иеленген еді. Бүгінде ол – екінші курстың студенті. Отандасымыз Массачусет техно­логия  институтының технологиялар мен ғылыми пәндер бойынша дүние жүзін­дегі таңдаулы оқу орны екендігін айтады. Сон­дық­тан да ол өз болашағын осы институт­пен байланыстырып, білім алуды көздеген екен.

– МТИ инновациялардың, ғылым әлеміндегі теңдессіз жаңалықтар мен түрлі тұшымды зерттеулердің ордасына айналды, – деп әңгімелейді Қайрат. Екінші семестрде электр техникасы мен компьютерлік технологиялар курсын таңдағаным өмірімдегі есте қаларлық жар­қын сәттердің бірі болып саналады. Бұл курс біз үшін өте қызықты болды. Зертханада жеті сағат бойы жұмыс жасадық. Аптасына тек бір ғана лекция өткізілетін. Зертханалық жұмыстар кезінде кез келген студент роботтарды өз беттерінше құрастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл роботтың «миын» яғни, басқару кодын өздері жазды. Осылайша, студенттердің қолынан шыққан құлтемір шешімді өзі қабылдап, өзінің әрекетіне бақылау жасай алатын қабілетке ие болды. Мысалы, ол қабырғаны жағалай жүріп, кедергіге тірелген кезде тоқтай алатын. Біз оған құлшына кірістік. Ұжымдық көңіл-күй ауаны ескен бұл жерде ортақ мақсат жолында тер төктік. Бір-бірімізге көмектестік, код жаздық, түрлі кестелерді құрастырдық. Бұл жерден алған әсеріміз ұшан-теңіз. Әлбетте, лекциялардың іш пыстыратынын да айтпай кетуге болмас. Бірақ, өз бетіңмен жұмыс жасауға мүмкіндік беретін зертханада өзімізге қажетті білім қоры мен тәжірибе жинадық, – дейді ол.

Қайрат сөз арасында өзінің жоспарларымен де бөлісті. Ол МТИ-дегі оқуын аяқтағасын Майкрософт немесе «Google» секілді тех­нологиялық компанияда еңбек етіп, аз-маз тәжірибе жинақтаған соң Қазақстанға оралып, осындай  компания құрмақ.

Осы университеттің тұлға болып қалып­тасуына сіңірер еңбегі зор екенін айтып отыр.

– Мен шетелде, оның үстіне тарихы терең, беделі биік осындай үлкен университетте білім алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт екенін атап өткім келеді. Ал, болашақта  Қазақстан үшін, адамзат баласы үшін пайдалы іспен айналысқым келеді, – деп асқақ арманын білдірген.

Қазір Қайрат Әшім талаптың тұлпарын мініп, болашақта өзінің Отаны – Қазақстан үшін тер төгетін саналы азамат болып қалып­тасарына сеніміміз мол.

Махаббат Тарази-Садықова,

Назарбаев Университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button