Басты ақпарат

Масылдық мұратқа жеткізбейді

Бұл келіншекті аулада жиі кездестіремін. Құдайға шүкір, балағынан бала саулағандардың бірі. Дегенмен… Кейде жұмыстан кейін базарға барып үлгермеген соң қымбаттау болса да, амал жоқ, өзіме қажет екі-үш түйір жемісті ауладағы шағын дүкеннен ала саламын.

[smartslider3 slider=2246]

Байқаймын, жаң­а­­­­ғы келіншек те мен алған нәрселерді сол жерден қаптап сатып алып жатады. Ол аздай, аузы көпіріп әңгіме айтады. Бөтен бар-ау деп қымсынбайды. Еріксіз құлақ түресің. Байқағаным, отбасында береке жоқ, дүниедегі жалғыз бейшара өзі, Үкіметтің бергені жетпейді, енесі – бірінші жауы. Бір күні шыдамай: «Айналайын-ау, соншама қаржыны қымбат картопқа жұмсап жатсың, балаларыңды енеңе қалдырып, апталап жейтініңді арзанырақ базардан алмайсың ба? Үнемдер едің ғой» дедім. Келіншек: «Балаларымның ақшасын өзінен аяйын ба?» деп қарап тұр. Маңдайы терлеп таппаған соң қадірін білсін бе?! Азғантай ақшаны да үнемдеп, артылғанын балаларының біліміне, өресін көтеретін әрі денесін шынықтыратын түрлі үйірмелерге апарып жетілдіруге жұмсаса кәні…

Мемлекетіміз әлеуметтік осал топтарды қараусыз қалдырып жатқан жоқ, тұрмысы төмен отбасына да жәрдемақы төлеп, аштан өлтірмеудің, қатардан қалдырмаудың амалын жасауда. Оның да есебі жоқ, сұраусыз дүние емес. Жыл сайын әлеуметтік қолдауға бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Күннен-күнге мұндай санаттағылардың қатары артып, шығын өсуде. Бұл қаражат қазынаға қайтарылмайды, сондықтан экономикалық жағынан тиімсіз. Одан жаманы мемлекеттің азын-аулақ қаражатынан күн көруге төселіп, әбден еті үйреніп, өздігінен әрекет етуге, алға ұмтылуға құлқы жоқтар қаптап кетті.

Өкінішке қарай, бүгінде «міндетсініп» жер тебінгендерге, азаннан кешке дейін жұмыс істеп, солардың қаражатын қамдап жүрген біз жол беретін болдық. Кейбіреуі бала туғанын бұлдап, дүниедегі ең керемет нәрсе – ана болудың, сәби сүюдің қадірін кетірді. Тіпті қазақтың әйелі деуге намыстанатын болдық. Аштық қысқанда, әрине, қызыл сөздің артығын білемін, бірақ адами қасиетті де соның жолына жығып бергенде ұтарымыз не болмақ?

Рас, мемлекетке олардың балалары керек, ертең өскен соң сол балалар елге тірек болады. Алайда отбасында көрген осы тәрбиесімен алысқа ұзай ала ма? Жоққа сабыр, барға қанағат деген адамшылықтың бір қасиеті сәннен кетті. Бұрындары алдымен Аллаға, сосын өздеріне сеніп, жыртық үйдің Құдайы бар деуші еді. Бүгінде бәрі ұмыт болып, масылдыққа ет үйреніп, әлеуметтік садақаға тәуелділікке түсіп, өзімізді тығырыққа тіредік. Мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясат барынша тиімді болмағанын түсіндік. Мүгедек, көпбалалы аналар, жалғызілікті қарттар мен тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын созбай тағы отыра алмайтынымыз анық. Сонда да қай жерде қия бастық, адами құндылықтарға негізделген қамқор қолымызбен арамтамақ, масылдықты, ашкөздік пен тоғышарлықты қалай қаулатып алдық деген сұрақ маза бермейді.

Әлеуметтік жәрдемге үміттенгендердің көпшілігі қорасындағы жалғыз тауығын сойып, нақты кірістерін жасыруға тырысады. Жәрдемақы алу үшін небір құйтырқыға барады. Көпбалалы аналар әдейі ажырасып жаманатты болып жүр. Олардың шын жағдайын ескеріп, тірлігін түгендеп, шын мұқтажын ажыратып жатқан ешкім жоқ

Бүгінде сол әлеуметтік жәрдемге үміттенгендердің көпшілігі қорасындағы жалғыз тауығын сойып, нақты кіріс­терін жасыруға тырысады. Жәрдемақы алу үшін небір құйтырқыға барады. Көпбалалы аналар әдейі ажырасып жаманатты болып жүр. Олардың шын жағдайын ескеріп, тірлігін түгендеп, шын мұқтажын ажыратып жатқан ешкім жоқ. Кім қаттырақ айқайласа, әкімдіктің есігін кім теуіп кіріп, бергенін қолынан, бермегенін жолынан алса – соның айдарынан жел есіп тұр. Оларға қарсы сөйлеуге әлеуметтік қызметшілердің де жүрегі дауаламайды. Бетбақтық белең алып, кісінің жағасынан алудан тайынбайтындар бар. Соларды неге асыраймыз деп салығымызды төлеп, жұмысымызды істеп жүрген біз бұлқынған емеспіз. Көкейіміздегі қазақ көбейсінші деген тілек аузымызды буады.

Дендеп кеткен дерт

Әлеуметтік масылдық, арамтамақтық деген не? Әлеуметтік масылдық – еңбекке қабілетті, тепсе темір үзетін адамның өмірге тек тұтынушылықпен қарап, жеке басының бақуаты, тағы басқа игіліктерді, өмірлік ұстанымын дамытушы және күнделікті өмірін қамтамасыз ететін басқа да шешімдері үшін жауапкершілікті қоғам мойнына жүктеп қойып, мұңсыз жүрген тірлігін айтады. Азаматтардың бұл тобын ауылдан келді деп айыптап не ақсаусақ қалалықтар деуге болмайды. Олардың арасында дені сау, арман-тілегі әрқалай әртүрлі жастағы адамдар бар. Бұл топты бір ғана нәрсе біріктіреді: мемлекетке немесе қоғамның басқа да байлығы тасыған өкілдеріне аузын ашып, негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға жеткілікті материалдық және әлеуметтік қолдау алуға ұмтылу. Бұл топтағы адамдардың жұмысынан уақытша айырылғандардан айырмашылығы – олардың жұмыс істеуге ықыласы жоғында жатыр.

Бұл азаматтардың мемлекеттен, қайырымдылық есебінен және т. б. белгілі бір жеңілдіктер алу үшін жұмсаған күш-жігері олардың жұмыс табудағы ықыласынан әлдеқайда жоғары. Негізі, жұмыс істеуді білмейді емес, жаны жақтырмайды. Олар өздеріне аянышпен қарап, байларда немесе қолында қаражаты барларда үлесім бар, мен үшін төлеуі керек деп ойлайды. Керек десеңіз, жақын туыс-жарандарымен қоса, бүкіл әлемді өздеріне қарыздар санайды. Сан түрлі сылтау айтып жұмыс істемеудің амалын жасайды. Аз жалақыға қанағат етпейтіні тағы бар. Өкініштісі, адал еңбектің не екенін білмеген соң, олардың орнын өзбектер толтырып, еңбек нарығында өз орындарынан айырылып қалды. Міне, масылдықтың бір зардабы.

Елдің бәрі ондай емес. Сонда да мемлекет қоғамның жұмысқа қабілеттілерінің жалақысынан салық түрінде қаражаттың бір бөлігін сылып алып, жоқ-жітіктің үлесіне шешіп алады. Сол ақшамен шенеуніктердің қалың қолын асырап отырмыз. Бара-бара неге арам тер болып еңбек етеміз, Үкімет өлтірмейді дегендей тығырыққа бастайтын ой жылтың ете қалары анық. Сол себепті де әлеуметтік көмекті жүзеге асырудың барлық деңгейінде бақылауды күшейту керек. Жастарды қолдаудан бастап небір жойқын әлеуметтік бағдарламалар жоқ емес, баршылық. Бірақ олар қаншалықты тиімді, нәтижесі қандай деген сұрақтың басын ашып алудың кезі келді.

Мүмкін бар күшімізді адал еңбектің пайдасын насихаттап, адал нан табудың дұрысын айтып, жөн көрсетерміз. Халықтың сана-сезіміне өзгеріс енгізбей, масылдықты жеңу қиын болар. Бұрын қайыршылықты былай қойғанда, жұмыс істемей сыбай-салтаң жүру қоғамға сүйкімсіз болып айыпталса, қазіргі күнде адам жұмыс істей ме, жоқ па – бәрібір. Жастар түгілі, мамандардың жұмысқа тұруы қиын. Төмен жалақы мен көлеңкелі экономикада «қара есеп» жүргізетіндер жұмысшының мүддесіне пысқырып қарамайды. Көптеген салаларда еңбек қатынастары жолға қойылмаған. Жұмысшыларын қорғап жүрген кәсіподақ жоқ. Бұл да қоғамдағы теңсіздікті үдете түсті.

Масылдықты барша елге тән қалыпты әлеуметтік құбылыс деп санауға болмайды. Мемлекеттің асырауындағылар тек еңбекке жарамсыздығына байланысты көмекке мұқтаж адамдар болса жақсы. Еңбекке қабілетті жандардың өзінің күшіне емес, Үкіметке иек артуының әлеуметтік инс­титуттарға зияны зор. Олар қоғамға зардабын тигізіп, соның есебінен өмір сүріп, қоғамдық өнімдер мен ресурстарды еш пайда әкелместен тұтынады. Масылдықтың бір сипаты – адамның барлық нәрсені өз күшімен емес, басқалардың көмегімен қол жеткізуге, жалпы алғанда, басқалардың есебінен өмір сүруге деген ұмтылысы.

Мемлекеттік көмекті, әдетте, «мүгедек адамды оның өмір сүруіне қажетті құралдармен қамтамасыз ету» деп түсінеді. Бұл қағидатқа қарсы емеспіз. Ондай жандарды мемлекет ешқашан көмексіз қалдырмауы тиіс. Бірақ «біреудің есебінен өмір сүру, біреуге тәуелді болу» мағынасында адамның өзін осындай күйге түсіруінің жолын кесу қажет. Адамдардың масылдыққа бейімделуінің басында мемлекет тарапынан жіберілген қателіктерді айтқымыз келеді. Жәрдем көрсету жолдары бұрыс ұйымдастырылған, жұмысты жүргізу тетіктерінің жетілдірмегенінен шыққан шығындардың әр тиынына есеп берілмейтін, жалаң ақпаратқа негізделген кемшілік бар. Демек, бұл жерде қолданыстағы заңдылық ақсап тұр.

Қоғамда адамдардың материалдық жағынан тәуелсіздікке ұмтылмауына ықпал ететін құндылықтарды тәрбиелеу қажет. Қаржылай көмектесіп қана қоймай, халықтың өздігімен ақша табуына жағдай жасау
керек

Әрине, екі бүйірінен жоқ­шылық қысқан адамның жөн сұраудың реті жоқ. Бірақ олармен жұмыс жүргізілуі керек. Мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру қажет. Алдымен масылдықтың жаман қасиет екенін, мемлекетті құрдымға бастап, ұлттық қасиетін жоя­тын үрдіс екенін дәлелдеп, мұны айыптау керек. Керек болса, азаматтарды жауапкершілікке тарту, еңбекпен жазалау не басқа да іс-шаралар жүргізілгені жөн. Отбасында, мектептен бастап еңбек етуге үйретіп, еңбекші адамның мәртебесін көтермейінше, көзқарас түзелмейді. Мұның бәрі адамға өз бойындағы жағымсыз мінез-құлқының дұрыс еместігін түсінуге және өзін, дүниетанымын өзгертуге көмектеседі. Әлеуметтік масылдықтың зиянын сезіну, оның жолын кесу – дерттен айығудың басы.

Бұл – қауіпті құбылыс, ауыр дерт. Олар өзінің әл-ауқатына жету және оны сақтау үшін жиі заңсыз әрекеттерге барады. Құлдыраудың шегі қылмыстарға жетелеуі әбден мүмкін. Айналып келгенде, қоғамдағы өзгеріс­терді мемлекеттен күтеміз. Оның ортақ моделі жоқ емес. Қоғамда адамдардың материалдық жағынан тәуелсіздікке ұмтылмауына ықпал ететін құндылықтарды тәрбиелеу қажет. Қаржылай көмектесіп қана қоймай, халықтың өздігімен ақша табуына жағдай жасау керек. Бұл ретте «есектің артын жусаң да ақша тап» деген сөздің орнына «адамға балық емес, оны аулайтын қармақ бер» деген қағиданы қолдар едім.

Адамдар өздерінің отбасына сүйікті, ағайынға ардақты, қоғамға қажет екенін, елге пайдалы бола алатынын сезінуі аса маңызды. Олардың басын құрап, ортақ бір істерге тарту қажет. Сол жерлерде тәрбиелік жұмыстармен бірге психологтардың кеңесі, тағы басқа ағартушылық жұмыстарын жүргізген оң. Бізде де жоқ емес, жеке бизнес құру, мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеу және мемлекеттік жобаларға қатысу, волонтерлік және т.б. айтылып қалып жатады. Олардың жолы қаншалықты жеңіл, қолайлы әрі бәріне қолжетімді ме? Қоғамның онсыз да сүйкімсізі атанған өкілдерін маңдайын жарқыратып сол істің ортасына қалай тартуға болады? Оны да ескеріп, батыл қадам жасау керек. Оңай жол емес. Егер масылдарды еліміздің еңбекқор азаматтарына айналдырғымыз келсе, олармен жеке-жеке сөйлесіп, өресін өзгертуіміз керек. Солармен бірге өзіміз де өзгереміз. Шын жанашырлық садақаның мәнінде. Бәлкім, сонда ғана қайырымды қаланың тұрғындарына айналармыз.

Адамға өзін-өзі танып, өзіне сеніп, қоғамның бір мүшесі екенін білу аса маңызды. Олар белгілі бір мемлекеттік ұйымның айналасына топтасып, соның бір бөлшегіне айналғанда ғана не талап етілетінін, нәтижеге қалай жету керегін анықтай алады. Бұл өзіне сенімділік береді және өзінің бағасын бағамдайды. Ол әрекет етуге мотивация береді. Өйткені адамды тек сыйақы ғана емес, сонымен бірге пайдалы болу, сұранысты сезіну де қызықтырады. Әл-ауқатты көтеру саясаты, жәрдемақы ас ішіп, аяқ босату ғана емес, өзін-өзі бағалап, адамның қоры емес екенін, қанағат, сабыр сияқты адамзаттың ортақ құндылықтарын дәріптеу, бақыттың шын мәнін түсіндіру жолында ортақ мәміле ретінде қарастырылу керек. Шындығында, адамның өзін-өзі бағалауында оның айналасының бағалауы басты рөл атқарады. Өзінің басқаларға қажет екенін жай сезінудің өзі қоғамның жеке тұлғаға берген оң бағасы екенін білген жөн. Жігері жасығандардан гөрі рухы көтерілген азаматқа бүгінгі қоғам зәру.

Кінәні өзгеден емес, өзімізден іздеп үйренуіміз керек. Ал Үкімет болса масылдықтың жолын кесудің жолдарын тағы да пысықтап алғаны жөн. Жоғары білім берумен бірге кәсіптік білім беру жолдарын жетілдіру қажет. Орта білім беруде де балаларды еңбекке тәрбиелеу сабақтарына көңіл бөлген дұрыс болар. Осы күні өз мамандығына сай жұмыс істеп жүргендер некен-саяқ. Оларды таңдаған мамандығымен жұмысқа орналасудың жолын қарап, жүйені жетілдіру қажет. Керек болса, алған дипломын жаратпаса, оқуға кеткен шығынын мемлекетке қайтарудың жолын қарас­тырған абзал. Сонда жоғары білім алуға тек атағы үшін емес, мамандық алу үшін түсетіндер арасы ашылады. Бюрократияны әлсірету керек. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жеке жұмыс берушілердің еңбек қатынасын жетілдіріп, жұмысшы құқығын қолдауда мемлекет тарапынан бақылау­ды жетілдіру – оң жұмыстың жартысы. Кәсіби деңгейін көтеріп, жаңа кәсіпке бейімделуге жағдай жасап, негізі жоқ әлеуметтік дотацияларды қысқарту керек. Сонда ғана біз айтқан дерттен айығып, соған жеткізетін алғышарттан арылатын болармыз…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button