Математиктің мерейі
Ұстаз болу әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Жүрек қалауы мен тынымсыз еңбекті қажет ететін міндетті кез келген адам алмайтыны да анық. Ал кәсіпке адалдық пен өзгелерге үлгі болу мүмкін екенін Астана қаласының Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі, математика магистрі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Күшай Тердікбай дәлелдей алды. Жастарға математиканы жеңіл әрі ұғынықты тілде сөйлеткен, білімді ұлт тәрбиелеу ісінде айтулы жетістікке жеткен ұстаздың еткен еңбегі де ескерусіз қалмады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын табыстаған еді. Осыған орай елорданың үздік ұстазымен сұхбаттасқан едік.
– Сіз ұстаздық жолға қалай келдіңіз? Ұзақ жылдар бойы Моңғолияның білім беру саласында қызмет еттіңіз. Атажұртқа оралғанда, шығармашылығыңыз өрлеу бағытына жетті дей аласыз ба?
– Біздің әулетімізде ұстаздар жоқ. Үйдің тұңғышымын, өзіміз он ағайындымыз. Ұстаздық жолға келуіме бір оқиға себепші болды. 10-сыныпты бітіріп, университетке түсуге байқауға қатыстым. Ол кезде лек-лекке бөлінетін едік. 2-лекке физика-математика бағытының мамандары түсетін. Мен осы бағытты таңдап, үміткерлердің ішінен ұпай бойынша бірінші орынға шықтым. Оқушыларды бөлуде арнайы комиссия жауапты болып, біз солардың алдынан өтетінбіз. Комиссия мүшелеріне мен мұғалімдікті емес, байланыс инженері бағытын таңдайтынымды айтқан едім. Жауапты құрамның арасында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Білім бөлімінің басшысы Әуезхан деген ағамыз болды. Ардагер ұстаздың сол кезде «бұл баламыз – олимпиада жүлдегері, математикаға мықты, сондықтан математика мұғалімі мамандығын таңдағаны дұрыс» деді. Орталық комиссия басшысы «сіз неге бала психологиясына әсер етіп отырсыз, өзі таңдасын» дегенде, мен университеттің математика мұғалімі мамандығына түсетінімді өзім де қалай айтқанымды білмей қалдым. Сонымен, бүгінде білім беру саласында қызмет еткеніме 46 жыл болып отыр. Әр жылдары Баян-Өлгей аймағында ұстаздық және басшылық қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинауым – саланың қыр-сырын тануға мүмкіндік берді. Қазақстандағы еңбек өтілім 18 жылды құрап отыр. Елордада Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінде 12 жыл, ал соңғы 6 жыл Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде қызмет етіп келемін. Атажұртқа келгенде қазақ баласын тәрбиелеуге үлес қоссам деген ойды аңсап келдім. Өзімнің шығармашылық еңбектерімді жарыққа шығарып, көптің қажеттілігіне жарата алсам деген тағы бір мақсатым мені алға жетеледі.
– Ұстаздық қызметтегі ұстанымыңыз қандай?
– Ұстаздық ұстанымым – оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеу, дарынды балаларды шыңдап отыру. Әсіресе оқушыларды олимпиадаға дайындауды мақсат етемін. Бүгінде 30-дан аса халықаралық және республикалық математика олимпиадалары мен ғылыми жоба байқауларының алтын, күміс, қола медаль иегерлері шығып, 8 оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері атанды. Бастауыш сыныптар арасында жүретін «Бастау» атты олимпиадасында соңғы 5 жыл бойы Астана қаласынан қатысқан шәкірттерім жүлдесіз қайтпайды.
Оқушылармен жұмыс істеудің қиындығынан гөрі, қызығы көп. Сен балаға өз ізгі ниетіңді қаншалықты танытсаң, олар да соншалықты сені сыйлайтын болады. Кейде шамасы келмей, шаршаса да, оны саған сездіргісі келмейді. Дегенмен, ұстаз бәрін де сезеді, қалай көмектессем деп ойлап тұрады. Оқушымен өткізген әр күн – жаңа өнім жасаумен тең. Бірде ол сабақ алса, ендігісінде нәтижесін көрсетіп жатады. Бала жетістігімен қуанып, алдында марқайып отырса, ұстаз үшін одан артық бақыт жоқ.
– «Математика – ғылымдардың патшасы» деген ұғымды біреулер оның күрделілігі деп түсінсе, біреулер кез келген игере алмай жататынымен байланыстырады. Ал біздің оқушылар математикадан қалай?
– Оқушылардың математикаға қызығушылығы әртүрлі. Оның бір себебі, қазіргі бағдарлама барлық оқушының деңгейіне сәйкес емес. Әлем деңгейінде математика пәнін оқушыларға барынша қызықтырып, жеңілдету тұрғысынан бірқатар өзгерістер жасалып, айтулы жетістіктер де көрініп жатыр. Алайда бұл қадам Қазақстанда жолға қойылмай отырғаны мені қынжылтады. Сондықтан да кейбір оқушы пәнді мүлдем түсінбей жатады. Салдарынан арасында қапаланып, жылап та алатындар кездеседі. Шын мәнінде, елдегі бағдарламаны барлық оқушы бірдей игере алмайды. Күрделі. Осыған қатысты бірде елорда әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов мұғалімдер конференциясында сөйлеген баяндамасында «бүгінгі мазмұн оқушыны білім беру қоймасы қылуға бағытталып отыр» деп санаған еді. Демек, қоймада қандай да бір түсініктер сақталып қалады, ал әрі қарай оны дамыту, қажетіне жарату секілді мүмкіндіктер жоқ. Бұл мәселеде математиканы балаға барынша ұғынықты етіп жеткізу мақсатымен «Логикалық математика және ой дамыту» атты 4-16 жастағы балаларға арналған авторлық оқу әдістемелік құралын әзірледім. Мұндағы есептер өмірден алынған. Өмірдегі мәселені математикада қалай шеше аламыз деген сұраққа бала жауап іздейді. Білімді өмірмен ұштастырмай берсек, балаға ол қонымсыз болады.
Оқу құралы оқушыларға қарапайым есептермен қатар, төрт амалды қолдану нәтижесінде шешілетін, дегенмен астарында жасырын сырлары бар логикалық есептерді жете түсінуге бағытталып, балаларды күрделі теориялық ауыртпалықтан қалай құтқаруға болады деген идеяны негізге алады. Бұл – стандартты математика. Пәнге қызыққан, дарынды балалар кейін олимпидалық математиканы жеке оқиды. 1-11 сыныптарға арналған авторлық 35 оқу әдістемелік құралдарым астаналық мектептерде де, республиканың бірқатар өңірлерінде де оқытылып жатыр.
– Демек, шетелдік білім беру жүйесімен салыстырғанда, Қазақстанда математиканы оқыту кенжелеп қалғаны ма?
– Дәл солай. Бастауыш сыныптарда осы мәселе қолға алынып, өзгерістер енгізіліп жатыр. Ал орта сыныптарда көп өзгеріс байқалмайды.
Өзім өркениетті мемлекеттердің білім беру жүйесімен таныспын. Тәжірибем барысында Жапонияда бір ай, Оңтүстік Кореяда он бес күн шамасында солардың білім жүйесін өзгерту тақырыбын зерттедім. Мұндағы білім әр баланың еркін игеруіне бағдарланып, оқушының алған білімі ел игілігіне жұмсалуы керек деген басты мақсатты көздейді. Осы мазмұнды елде жетілдірмейінше, болашақ ұрпақ алдындағы парызымызды дұрыс өтемедік деп айтуымызға тура келеді.
Шетелде математика пәні сағаты бізден әлдеқайда аз. Пән сағаты азырақ дегеніміз – материал мазмұны деңгейінің азайтылғаны. Яғни ғылыми күрделі деңгейдегі тақырыптарды алып тастап, баланың болашағына қажетті болатын, ойын дамытатын негізгі тақырыптар беріледі. Біздің елдегі көп сағат ауыр мазмұнға байланысты беріліп отыр.
Жалпы өзге мемлекеттерде де бір ғана математика пәні оқытылады. Ал оны бөлшектей беру, оның теориясын молайта береді. Алгебрада алгебра теориясы, геометрияда геометрия теориясы айтылады. Ал жалғыз математика – балаға керек нәрсесін беруге арналатын пән. Осыны жолға қоя алмай отырғанымыз бар. Бұл олқылық мамандардың тапшы болуына да әсер етеді. Берілген мазмұнды толық түсінбеген оқушы математика мамандығын таңдағанның өзінде оның игеріп шығу мүмкіндігі шектеулі болады деп ойлаймын.
Осыған қатысты, оқу бағдарламасын жаңарту туралы Білім министрлігінде шешімдер қабылданып, енгізілгелі отырғанынан хабардармын. Алгебра мен геометрия пәндерін жалпы математика пәні аясында оқыту, мектеп ерекшеліктеріне байланысты лицей және орта, гимназия мектептерінде бағдарламаны жетілдіру, пәндердің сағатын азайту секілді бірқатар жаңашылдықтар қарастырылып жатқан көрінеді. Осы ойымыз жүзеге асып, өскелең ұрпақтың жүйелі білім беру ісіне үлесімді қосамын деп үміттенемін.
– Бүгінде ұстаздардың еңбегін дұрыс бағалап жүрміз бе? Педагог беделін арттыру бағытындағы бағдарымызға көзқарасыңыз қалай?
– Соңғы бес жылда педагог мәртебесі белгілі бір дәрежеде көтерілді. Оған дейін педагог мәртебесі аяғы асты қалуға дейін төмен түскен кезі болды. Бұл үлкен кризиске кіріп, әрі қарай білім беру саласын құлдырауға әкелетіндей жағдайға сәл-ақ қалған еді. Мұғалім айлығы төмен, мәртебесі туралы ешбір шешім болмады, қандай да бір көпшілік жұмыс болса педагогтар жүгіретін, оның сыртында сынып жетекшілік не оқушыларды олимпиадаға дайындау секілді кәсіби қызметі бар. Үлгерімі өте жақсы деген мектеп түлектерінің өзі педагог мамандығын таңдаудан бас тартып жатты. Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған тарихи шешім 2019 жылы Президент Қасым-
Жомарт Тоқаев қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» заң дер едім. Ел болып еңсеміз көтеріліп, дамыған елдің қатарына қосылуға ниет етіп жатқанда олқы тұсымызды толтыруды қолға алдық. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түсті. Педагогтар біліктілік сынағынан өтіп жатыр. Бұл – жақсы қадам. Тынымсыз жұмыс істеген мұғалім еңбегінің зейнетін көрері сөзсіз. Ұстаз мәртебесі бұдан да артып, жоғары деңгейде бағалана береді дегенге кәміл сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Индира Бержанова