ӘлеуметЖаңалықтарҚала тіршілігі

МАУСЫМНЫҢ СОҢҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ

IMG_1858

Бүгін Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.

Осыдан бір ай бұрын басталған аймақтардағы агроөнеркәсіп қызметкерлері мен тауар өндірушілердің елордалықтарға ұсынатын сәлемдеме-тартулары маусымын астықты өңір  Ақмола облысы аяқтайды.  Расы керек, базар нарқынан 15-20 пайызға арзан бағамен сататын азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлар легі елордалықтар көңілінен шығып келеді. Әсіресе, Атыраудың балығы мен Шығыс Қазақстанның балына, Қызылорданың күрішіне халықтың сұранысы мол екендігі анық байқалды. Енді, міне, биылғы соңғы жәрмеңке де алаңда есігін айқара ашпақ.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасы сауда және қызмет саласы бөлімінің мәліметінше, осы жолы сауда көрігін өңірдің он жеті ауданынан үш жүзден аса кәсіпорын қыздыра түспек.

Атап айтқанда, қалалық алаңда 120 сауда орны ашылып, 4 киіз үй тігіледі. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына тауардың елу үш түрі бойынша 500 тоннадан аса өнім  ұсынылады. Соның ішінде, 190 тонна картоп, 89 тонна көкөніс, 83 тонна ет пен шұжық өнімдері, 50 тонна ұн, 20 тонна сүт пен сүт өнімдері, 10 тонна қант, 4,5 тонна балық, 3 тонна жарма, 213 мың дана жұмыртқа және 9 мың литр өсімдік майы әкелінеді.

Алаңда жәрмеңкеге келушілер назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, онда түрлі шығарма­шы­лық ұжымның екі жүзден аса өкілі  өнерлерін ортаға салады.

Сағи  ОРАЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button