Жаңалықтар

«МАЗ» зауыты ашылады

ERA_2321

Астананың Индустриалдық парк аумағында «МАЗ» маркалы арнаулы техника шығаратын зауыт бой көтермек. Сейсенбі күні кәсіпорын құрылысының іргетасына капсула қою рәсімі өтіп, оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәли Әлиев қатысты.

Беларусьтің «БЕЛАВТОМАЗ» холдингі құрамындағы Минск автомобиль зауыты Евро-3, Евро-4, Евро-5 экологиялық стандарттарына сәйкес келетін техника шығаруымен танымал. Бұл кәсіпорынның «МАЗ» маркалы коммуналдық, арнаулы көліктері баяғыдан әлемдік бренд ретінде қалыптасқан. Салтанатты рәсімге арнайы келген Беларусь Республикасы Ұлттық жиналыстар өкілдері палатасының төрағасы Владимир Андрейченконың айтуынша, бүгінде әлемнің 40 еліне Минск көліктері жеткізіледі екен. «Зауыт ашу – мемлекетке де, кәсіпорынға да, халыққа да пайдалы іс. Себебі, оның ашылуымен жаңа жұмыс орындары пайда болады, елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші артады. Осы зауыттың ашылуы Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықты арттыра түсетіні сөзсіз» деді ол.
«АстанаМазЦентр» кәсіпор­ны­ның бас директоры Ержан Әбеновтің мәліметінше, зауыттың құрылысы 1 шілдеде басталады. Келесі жылы өндірістік базаның бір бөлігін пай­далануға беру жоспарланып отыр. Зауыт толық қуатына енгенде, жылына 100 самосвал, 15 тонналық жүк көтеруге қауқары бар 100 тіркеме, 60 коммуналдық техника шығаруды жоспарлап отыр. Бұл техникалардың бәрі америкалық, италиялық, басқа да шетелдік озық технологиялармен жасалатын болады. Кәсіпорын іске қосылған сәтте 200 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Қазақстан-Беларусь бірлескен кәсіпорны еліміздің өндірістік әлеуетінің артуына үлесін қосып, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бәсекеге қабілетті мықты зауытқа айналатынына сенім бар.
Зауыт құрылысының іргетасына капсула қою рәсіміне ҚР инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау, Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкі­летті елшісі Анатолий Ничкасов және «Астана – жаңа қала» арнайы эко­номикалық аймағын әкім­ші­лен­діру басқармасының басшысы Ілияс Жангаскин қатысты.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button