Мәдениет

Мәзiрде – Наурыз көже

Көптi көрген көнекөз әжелерiмiздiң айтуынша, наурыз көженi тойып iшсе, жыл бойы тоқшылық болады екен. Иен даланы жаңғыртқан мереке адамзаттың да жан-дүниесiн нұрландырып, мейiрiмдiлiктiң шуағын төгедi. Сондықтан қазақ ауылдарында бұл күнi әр үйдiң дастарханы жайнап, самаурыны қайнап жатады. Халық бiр ай бойы мереке тойлап, наурыз көжеге тояды.
Ал қалада ше? Қыдырып жүрiп тамақтанатын қала қазақтары тамақтану орындарының мәзiрiнен Наурыз көже таба ала ма? Жалпы, Наурыз көже Наурыз айында дәмханаларымыздың ас мәзiрiне қосыла ма?
Осы бiр сауалға жауап iздеп, бiз жуырда қаламыздағы бiрнеше дәмхана мен мейрамханаға хабарластық. Қуантқаны – мейрам жақындағанда бас мәзiрге кейбiр мейрамханалар мiндеттi түрде Наурыз көже енгiзедi екен. Олардың қатарында «Астана» мейрамханасы мен «Тайқазан» дәмханасын атауға болады.
Өкiндiргенi, мейрамдық тағамды әзiрлейтiндер қатары санаулы ғана. Яғни, Наурыз мерекесiне орай мәзiрге Наурыз көже енгiзетiндер саусақпен санарлық.
Әйтсе де, ұлттық дәстүр мен төл мәдениетке, ұлтық тағамдарға сусаған жұрттың сұранысын қанағаттандырып, ырыс-көжесiн әзiрлейтiн асханалар Астанада молая түсетiн шығар деген үмiт бар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button