Жаңалықтар

Медиа алаңында – жаһандық мәселелер жаңғырығы

Жыл сайын өтетін Еуразиялық медиа форумның оныншы мерейлі жиыны алғаш рет Астанада ұйымдастырылды. Алматыдан қоныс аударған форум бұдан былай елордада, «Қазмедиа» телерадио кешенінің ғимаратында өткізілетін болады. Негізі, биылғы жиын 26-27 сәуірге жоспарланған. Бірақ бірқатар шетелдік VIP-спикерлердің, кейбір қатысушылардың жұмыс кестесі тым тығыз болуына байланысты бұл мерзім күзге ысырылған.

– Биыл Еуразиялық медиа форум жұмысында жаңалық көп. Қонысымыздан бастап жаңарып отыр. Әлемнің соңғы үлгідегі құрылғыларымен жабдықталған «Қазмедиа орталығының» да алғашқы қоныстанушылары біз болып отырмыз, – деді жиынды ашық деп жариялаған ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы, депутат Дариға Назарбаева. – Астана мен қазіргі заманғы медиа алаңының бағыт-бағдары, бітім-болмысы, жұмыс ырғағы бір-бірімен үндес. Ашық коммуникация, жылдамдылық, қарқындылық, жастық пен жігерлілік – форумның да басты тақырыбы. Күн сайын өсіп- өркендеп келе жатқан жас елордамыз сіздерге де ұнайды деген сенімдеміз.

Еуразиялық медиа форумға мемлекет айрықша көңіл бөлетінін, бұл еліміздегі алғашқы халықаралық жиындардың бірі екендігін атап өткен Дариға Назарбаева жиналған қауымды ашық әрі әділ пікірталасқа шақырды.

Алқалы жиынға ҚР Премьер- министрі Серік Ахметов қатысып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқып берді.

– Он жыл ішінде Еуразиялық медиа форум қазіргі заманның мейлінше көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасатын ғаламдық ауқымдағы бірегей сұхбат алаңына айналды. Бұл тек Қазақстан ғана емес, халықаралық медиа қоғамдастығының барлық өкілдері үшін де маңызды оқиға… Оныншы Еуразиялық медиа форум геосаясат пен медиа саласындағы түйіндерді шешу жолдарын іздестіруде журналистердің, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал етеді деген сенімдемін. Сіздерге қызықты жүздесу, пайымды пікірталас, шабыт және шығармашылық табыс тілеймін, – делінген құттықтау хатта.

Өз кезегінде Үкімет басшысы: «Үкімет атынан сіздерді мерейтойлық Медиа форуммен құттықтағым келеді. Сіздердің жемісті пікір-таластарыңыз бен ұсыныс-кеңестеріңіз халықаралық медиа кеңістік пен Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің дамуына септігін тигізіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді» деді.

Содан кейін сөз алған Иран сыртқы істер министрінің ресми өкілі Рамин Мехманпараст: «Әр мемлекет қарқынды даму мен бейбіт өмір сүруге ұмтылады. Дүниені толғандырып отырған күрделі мәселелерге бірге үн қатысып, пікірлерімізді біріктіріп, бір шешім шығарғанда ғана бұл мүмкін болмақ. Қазіргі дағдарыстан шығудың кілтін бірлесіп шешуіміз қажет. Осы орайда медиа форумда айтылатын сарапшылардың, беделді тұлғалардың, журналистердің пікірі маңызды» деп өз ойын жеткізді.

Халықаралық пікір алмасу алаңына жиналған медиа-сарапшылар мен саяси қайраткерлер, әлемдік және отандық ақпарат құралдарының жетекші журналистері бұл жолы күллі әлемнің назарындағы жаһандық мәселелерге өз көзқарастарын білдіріп, ақпарат алмасты.

Жиынның алғашқы күнінде терроризммен күресудің құралы мен амал-тәсілдері, лаңкестік әрекеттердің ғаламдық саясатқа ықпалы жөнінде және «Араб көктемі» төңірегіндегі түрлі шиеленісті жағдайларға тоқталып, оның тұтануына кімдер мүдделі болып отырғанын, Африка мен араб әлеміндегі революциялық оқиғаларға алғышарт болған қандай себептер екендігін сарапқа салды. Сондай-ақ, Қазақстанның антиядролық бастамасы мен нақты тәжірибесі кейбір елдердің ядролық бағдарламасы төңірегінде ылғи ушығып отыратын ахуалды оңалтуға қаншалықты әсер еткені де әңгіме өзегіне айналды. Сарапшылар бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының кескін-келбетін де айшықтап, Батыс пен Шығыс ақпарат әлеміндегі айырмашылықтарды талдады.

Форумның екінші күні жер-жаһанды жайлаған дағдарыс жайы сөз болды. Әлемдік саяси үрдістегі ғаламтор технологиясын өрістету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.


Жыл сайын өткізілетін медиа форумға биыл әлемнің 45 елінен 430 қатысушы тіркелген. Екі күнге созылған халықаралық жиын туралы еліміздің және шетелдің екі жүз журналист хабар таратты дейді ұйымдастырушылар.

БІРІКСЕК, БӘРІН ЖЕҢЕМІЗ

Татьяна ДРОНЗИНА, саяси ғылымдар докторы, Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дың профессоры:

– Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпір іспетті. Жаһандық мәселелердің қазақ жерінде талқыланып отырғаны да сондықтан. Менің ойымша, лаңкестік және онымен күрес жайында әңгіме қозғамас бұрын, нақты кімге қарсы күресу керектігін анықтап алу қажет. Ешбір мемлекет жеке-дара өмір сүріп, оқшау саясат жүргізе алмайды. Сондықтан, ұстанымдарымыз бен көзқарастарымыздың қарама-қайшылығына қарамастан, бірге жұмыс істеуіміз қажет. Сонда ғана лаңкестікті ауыздықтай аламыз. Форумда осы мәселелер орынды көтерілді деп ойлаймын. Менің Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар кафедрасында қызмет етіп жүргеніме он айдай уақыт болды. Бір байқағаным, қазіргі халықаралық шиеленістер, оларды шешу мәселелеріне қазақстандық жастар бей-жай қарамайды екен.

ТЕРРОРИЗМ ТАҚЫРЫБЫН ТЕРЕҢ ТАЛҚЫЛАУ ҚАЖЕТ

Рамиль ЛАТЫПОВ, Ресейдегі Лаңкестік қауіп және төменгі деңгейдегі шиеленісті талдау орталығының директоры:

– Қазіргі кезде лаңкестік түрлі мағынада түсіндіріліп жүр. Сонда да бүгінге дейін санамызға сіңген ұғым оның толық мағынасын ашпайды. Терроризмді тосыннан болатын құбылыс деп қарастыруға болмайды. Меніңше, бұл – қандай да бір геосаяси мақсаттарға қол жеткізу құралы. Ол әлдекімдерге қажет болғандықтан, алдын ала аса ыждаһаттылықпен ұйымдастыры-лады. Терроризмді орталықтан басқарылатын, тиісінше қаржыландырылатын салаға жатқызуға болады. Қазіргі таңда бұл мәселе кеңірек талқылауды қажет етеді. Сондықтан, қай-қайсымыздың да бей-жай қарамағанымыз абзал.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button