Жаңалықтар

Медиация – келісім көпірі

«Медиация күні» акциясы аясында астаналық медиация кабинеттерінің Ашық есік күні өтті.  Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» МКК мен қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген шараға қалалық соттардың судьялары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, адвокаттар мен заңгерлер тартылды.

22

Осыдан бес жыл бұрын 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданған болатын. Онда елімізде алғаш рет медиаторлардың қызметі белгіленіп, жаңа жүйенің қолдану саласы заңмен бекітілген еді. ҚХА медиация институты қызметін дамыту және оның танымдылығын арттыру мақсатында өткізген шара туралы Астана қаласының ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова еліміздегі ұлттар саясатын алға апарушы ретінде медиацияның дамуына елордалық этномәдени орталықтардың жетекшілері бір кісідей атсалысып келгенін айтты. «Біздің қызметіміздің бір қыры осы салада көрініс тауып, медиацияны көп жылдар бойына жинақталған тәжірибенің заңды жалғасы ретінде қабылдадық. Этномәдени орталықтарының көшбасшылары өз жұмысында әрдайым келісім мен бірлікті қолдап, халықтар арасын жақындастырып, арасында алтын көпір бола білді. Бүгінгі белгіленген шара жаңа үдерістің кең насихатталуына, тұрғындар арасында сенім орнатуға бағытталмақ» деді хатшылық басшысы.
Медиация – қоғамды кемелдендірудің бір түрі. Шара барысында сөз алған медиаторлар осы істің адамгершілік құндылықтардың сақталуына екпін беретін тұстарына тоқталды. Кешірім жасау, келісу атты адамгершілік қасиеттердің мәні, ашу, ыза-кек, қатыгездік зияндылығы туралы айтты. Қоғамның әлеуметтік сауығуына алып келетін медиация мүмкіндіктерін алға тартты.
«Кез келген адам даулы болса, шындық тек мен жағында деп кеуде соғатыны анық. Келесі тарап та өзінің дұрыстығына шек келтірмейді. Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс демей, оның алтын ортасын іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады» дейді Медиацияны дамыту орталығының басшысы Қайрат Төлекеев.
Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button